№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » "Баланың жақсысы қызық, жаманы күйік"

"Баланың жақсысы қызық, жаманы күйік"


Парасатты, ізгі тәрбие, тәр­биенің кемелдігі неден басталмақ? Бұл ең әуелі баланың өз ата-анасын сыйлауы, иманды болып өсуі, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейілділік секілді ізгі қасиеттерді бойға сіңіруі. Қоғамды құрайтын отбасының бір мүшесі – бала. Ата -ана болудың зор жауапкершілігі де осы кезден басталады. Ислам дінінде бала – өмірдегі сынақтардың бірі ретінде қаралады. Сол себепті сынақтан сүрінбей өту үшін балаға өмірде жақсы – жаманның, обал – сауаптың не екенін, қалай еткенде жақсы адам болып қалыптасудың жолдарын үйрету, парасатты тәрбие беру – ата-анаға міндеттелген іс. Есейгенде қоғамға пайдалы азамат болу үшін жас кезінен есірткі, құмар ойындардан аулақ болуы, ішімдікке әуестік сынды қылықтарға үйір болмауы, ешкімнің ала жібін аттамауы басты қаперден түспеуі тиіс.
Баланың әдепті болуы қай кезде де текті тәрбиенің жемісін көрсетеді. Міне, мұндай ұрпақ – Абай атамыз айтқандай, ата-ананың көз қуанышы, қызығы мен сүйініші. Баланың күтімі, жетілуі мен оқу-тәрбиесінің жемісті болуы үшін әр жанұя «бала тәрбиесі» мәселесін жіті қолға алуы керек. Ата-ананың бұл төңіректе білген - түйгені неғұрлым жан-жақты әрі тереңірек болған сайын балаға берілер тәрбиенің де соғұрылым жақсырақ болары сөзсіз. Егер ата – ана баласын мейірімге бөлеп, ойы мен жүрегін ізгілікке бағыттап, өздерін қоғамға пайдалы азамат етіп тәрбиелесе, ұлтқа тұлға болатын берік тірек қалыптасады. Керісінше, адамдық қасиеттеріне көңіл бөлмей, тек материалдық тұрғыдан қамтамасыз етумен шектелсе, онда бала қоғамды ішінен ірітетін зиянкес іспетті.
Осы орайда ұлттық негізде әрі мұсылмандық сипаттағы тәр­биемізге көңіл бөлудің орны ерекше. Ата-ананың баланы жаман достардың және жаман бейнелі, жазбалы ақпарат құралдарының зияндарынан да қорғау керек. Оларды жетістікке жетудің жолдарын үйрететін, патриоттық сезімін ұялататын пайдалы, жақсы ақпараттармен қамтамасыз ету керек. Өмірге жақсы ұрпақ әкелу әуелде көргенді жерден, ары бар, ақылы бар, ұяты бар иманды жар таңдаудан басталатындығының өзі Ислам тәрбиесінің қаншалықты кеңдігін, ауқымдылығын ұқтырады.
Баланың жас шамасын бел­гілеу әрі сол жасқа сай тәрбиенің негіздерін саралауы да Ислам дінінің бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлетінін көрсетеді. Исламда бала дүниеге келісімен діни салт- жоралғылар жасалып, мұсылман үмбетінің тағы бір адамға толыс­қанын қуаныш көрген. Әрі сол мұсылман үмбеті деген атқа сай тәрбие алуын қадағалаған. Осы орайда, балаға жақсы мазмұнды ат қоюдың өзі қандай тәрбие екені айтпаса да түсінікті. «Баланың жақсысы қызық, жаманы күйік» демекші, балаға «Алланың аманаты» деп қарауының өзі исламда балаға қаншалықты көңіл бөлінгендігін білдіреді.
Қорыта келгенде, Исламдағы тәр­бие баланы адамгершілікке баулу үшін бүкіл қоғам мәдениетін жетілдіру керектігін аңдатады. Ұлы даланы мекендеген ұлттың болашағы қашанда өзі туып, тәрбиелеген, өсіріп, мәпелеген жастарында. Ал жастардың ойы мен мақсаты өз ұлтының қамы мен жаны үшін жұмыс жасап, жан-жағын иман нұрына бөлеп, көркем мінезбен, керемет біліммен алпауыттардың аранына жұтылып кетпеу жолында жұмыла іс қылу болуы қажет. Өзге жұрт жақсылығымызға сүйініп, жамандығымызға күйінетін ұлт болсақ біз ешқашан өзге жолға түспейміз, теріс ағымға ермейміз, ешқандай жаһандануға да жұтылмаймыз. Қазақ Елінің әр ұланы өр рухты, көркем мінезді, иманды, сапалы білімді, дені сау, ұлттық санасы биік болса біздің алар асуымыз әлі алда, Тәуелсіздігіміз Мәңгілік болмақ!

Ақмұрат ӘЛІМБАЙҰЛЫ,
«Хисамиддин Сығанақи» мешітінің найб имамы
20 желтоқсан 2019 ж. 1 523 0