«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Судың да сұрауы бар

Судың да сұрауы бар


ХХІ ғасырдағы жаһандық қатердің бірі – ауыз су тапшылығы. Ғалымдар ауыз суды мейілінше үнемдеу керектігін ескертіп, келешекте тұщы су қорының күрт төмендейтінін айтып, дабыл қағуда. Демек, біз бүгінгі тұтынып отырған судың қадіріне жеткеніміз абзал. Өйткені қазір әлемде 1 миллиард адам ішуге жарамды суға зәру.
Жаз айлары басталса, аудан халқы ауыз судың тапшылығын сезініп, аяқтан тозатыны рас. Оған тұрғындардың ауыз суды ысырап етіп, бақша суарып, басқа да мақсатта пайдалануы себеп. Осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында әр үйдің су құбырына есептегіш құрылғы орнатылды. Енді тұрғындар сол құрылғы арқылы пайдаланған суын толықтай өтейтін болады.


Хош. Алдымен ауданда қанша үй орталық ауыз сумен қамтамасыз етілгенін және су тарифінің бағасын бағамдайық. «Жиделі топтық су құбырын» пайдаланушы Жаңақорған өндірістің бөлімшесінің басшысы Ғани Шерниязовтың айтуынша, бүгінде кент бойынша 4644 абонент бар. Осы мекемеге қарасты 7 ауылда 1725 абонент ауыз су пайдаланып отыр. Сондай-ақ есептегіш құралын қоймаған 300-ден аса тұрғын үй тізімде тұр екен.
– Қазір 1 адамға айына 4/3 куб су беріледі. Ол үйдегі тұрғындар санына байланысты өзгереді. Мәселен, бір үйде 5 тұрғын тұратын болса, осы кубты 5-ке көбейтесіз. Осы жерде тұрғындар түсінбейді. 4/3 куб дегеніміз 1 айға 1 адамға 4300 литр ауыз су пайдалануға беріледі. Сонда үйіңізде 5 адам тұратын болса, 1 айға – 21500 литр су беріледі. Бұл аз су емес. Егер тұрғындар суды негізсіз пайдаланып, өздеріне берілген мөлшерден асып кетсе әр кубына, яғни 1000 литр суға – 382 теңге 72 тиын төлейді. Үйіне есептегіш құрал орнатпағандар адам басына 146 теңгеден төлейді, – дейді Ғани Әбсаттарұлы.
Маманның сөзінше, ауданда ауыз суды пайдаланатын көлік, кілем жуу орталықтары мен моншалар жоқтың қасы. Олар жеке скважина қазып, жер асты суын пайдалануда. Тек ор­талықтағы «Асу» моншасы мен бір көлік жуу орыны ғана ауыз суды тұтынады. Екі кәсіп орыны да пайдаланған суының шығынын уақытылы төлеп отырғанын айтты.
– Бүгінде біздің өндірістік бөлімшеде 11 насос, 9 техника, 86 жұмысшы, 8 дана су қыспақты мұнара, 59,85 шақырым магистральды су құбыры, 352,416 шақырым ішкі су тарту құбыры оның ішінде 273,748 шақырым кент ішілік су жүйелері мен 78,668 шақырым ауылдар бойынша ішкі су жүйелері жұмыс жасайды. Жалпы ауданда – 82,820 халық бар. 6345 үйде тұратын 33554 тұрғын орталық су жүйесіне қосылған. Сонымен қоса, 47 бюджеттік, 127 өзге мекемелерге ауыз су тарату қызметін көрсетіп отырмыз, – дейді бөлімше басшысы.
Қазіргі уақытта тұрғындарға ауыз су жеткізетін насос станциялары 24 сағат жұмыс жасайды. Алайда кент орталығында аяқ су мәселесі шешілмегендіктен тұтынушылар ауыз суды аяқ су ретінде вакумды насостар арқылы пайдалануда. Салдарынан құбыр бойындағы су қысымы төмендеп, кейбір көшелердегі тұрғындарға ауыз су жетпеуі орын алуда. Су жетпей қалған сол тұрғындарға ауыз су тасымалмен таратылуда. Күштік насостармен жұмыс жасауға бас тоғаннан қабылданып жатқан ауыз су көлемі жетіспейді. Себебі, магистральды су құбырының д-315-280мм көлеміне қарай су өткізу қабілеттілігі төмен. Осы ретте ЖТСҚ бас су тоғанының екінші магистральды су құбырының құрылысы жүріп жатыр. Егер тұрғындар ауыз суды басқа мақсатта жұмсамаса, жаз айларында да судан таршылық көрмес еді. Алдағы уақытта, Алтыкрант, Май бекеті мөлтек аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су қоймасы мен су сорғы станциясын салу үшін Май бекеті мөлтек ауданынан көлемі 1,4 гектар аумақты алатын жер телімінің құжаттары рәсімделіп, филиалға тапсырылды.

Су бағасы қымбаттай ма?

Алдағы уақытта су бағасы қымбаттауы мүмкін. Дәл осы мәселені талқылау мақсатында өткен аптада Ордакент аудандық ардагерлер және жастар ресурстық орталығында бәтуалы басқосу өтті. Жиынға аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов те қатысты. «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК «Арал» СЖКБД филиалының директоры Нәжмадин Шамұратов пен ҚР Ұлттық Экономика Министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда об­лысы бойынша департамент басшысының орын­басары Күлдарайхан Кеншембаева келіп, кент тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында тұрғын­дарды ауыз сумен қамтамасыз етуде кететін шығындар мен олардың жүйелі жұмыс жасауы және суды үнемдеудің маңыздылығы айтылды. Сонымен қатар алдағы уақытта ауыз су бағасының қымбаттауы жөнінде айтылды.
– Бізге 2023 жылдың 29 желтоқсанында ҚР Ұлт­тық экономика министрінің 2019 қарашадағы №90 бұйрығымен бекітілген тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес, филиалдың суды магистральдық құбыр жолдары және таратушы желілер арқылы беру қызметтері бойынша тарифтерді және тарифтік сметаларды бекітуге өтінім түсті. Филиалдың өтінімі уәкілетті органмен 90 жұмыс күн ішінде қаралады. Осыған орай, біз тұрғындармен кездесіп, көпшіліктің пікірімен санасуды жөн көрдік, – дейді Күлдарайхан Кеншембаева.
Оның айтуынша, филиалдың жобалық орташа босату тарифі 1 текше метрге суды магистральдық құбыр жолдары және таратушы желілер арқылы беру қызметіне 2024 жылға – 956,72 теңге, 2025 жылға – 1112,71 теңге, 2026 жылға – 1045,04 теңге, 2027 жылға – 1192,92 теңге, 2028 жылға – 1162,31 теңге, 2029 жылға – 1243,30 теңге. Ал, суды таратушы желілер арқылы беру қызметіне 2024 жылға – 725,54 теңге, 2025 жылға – 753,38 теңге, 2026 жылға – 753,39 теңге, 2027 жылға – 777,90 теңге, 2028 жылға – 829,02 теңге, 2029 жылға – 869,21 теңге ұсынылған. Осы көрсеткішке байланысты соңғы шешім 2024 жылдың 15 мамырында қабылданады.
Одан әрі «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК «Арал» СЖКБД филиалының директоры Нәжмадин Шамұратов сөз алып, халыққа су жеткізу барысында туындайтын қиындықтар мен қаржы тапшылығына тоқталды.
Иә, тұрғындарға су жеткізу қызметінде жүрген жігіттердің еңбегі адал. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында белшесінен суға түсіп, жөндеу жұмыстарын жүргізетініне өзіміз куәміз. Олардың осындай елеулі еңбегін аудан әкімі де ескерусіз қалдырмай, көрсеткен қызметіне көңілі толатынын тілге тиек етті.
– Біздің ауданда 90 мыңға жуық халық бар. Сол тұрғындардың барлығын осы мекеме ауыз сумен қамтып отыр. Аудан бойынша 1565 шақырым су құбыры бар. Осы құбырдың толықтай жөндеу жұмыстары осы мекеменің мойнында. Су өзінен өзі келмейді. Ішетін суымыздың бізге келу жолында бірнеше адамның қалтқысыз қызмет жасап жүргенін естен шығармау керек. Өздеріңіз білесіздер қазір барлығы қымбаттап жатыр. Сәйкесінше, су құбырларын жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектер де қымбаттайды. Сондықтан ауыз судың тарифін қымбаттатуға мәжбүр. Мәселен, өткен жылы Май бекеті мөлтек ауданынан тұрғындарға 50 үй берілді. Сол уақытта осы «Жиделі топтық су құбырын» пайдаланушы Жаңақорған өндірістік бөлімшесінің қызметкерлері 3 күнде 50 үйге су кіргізіп берді. Бұл – үлкен еңбек. Жалпы, адамға аса қажет су, нан, жарыққа төленетін ақы адал, – деді аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы.
P.S.: Ғылыми деректерге шолу жасасақ, жер бетінің 74 пайызын су құрайды. Соған қарамастан әлем елдерінде ауыз су өте аз. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлем халқының жартысына жуығы су тапшылығын сезінеді. Сарапшылардың айтуынша, жер бетінде 780 миллионнан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Ал 1,7 миллиард адам тұщы су көздеріне зәру. Әлемде жыл сайын таза судың жоқтығынан, лас судағы антисанитариядан мыңдаған адам көз жұмады. Оның басым бөлігі балалар. Мәселен, бірқатар дамыған елдерде атом реакторларының көмегімен тұзды теңіз суын тұщыландыру арқылы жерасты су қорын қолдан толтырумен айналысуда. Бұл бізде де бар. Мысалы, осы әдіс Ақтау қаласын сумен қамту мақсатында пайдаланылады. Келешекте осы әдісті кеңінен пайдалануымыз әбден мүмкін. Сондықтан қолда бар алтынның қадірін біліп, ауыз суды үнемдеп, оның ақысын саналы түрде төлегеніміз абзал.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
16 сәуір 2024 ж. 361 0