№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауыз су: күн тәртібіндегі негізгі мәселе

Ауыз су: күн тәртібіндегі негізгі мәселе

Ғасыр жобасына баланған «Талап-Сырдария» топтық су құбырының құрылысы жүргізіліп жатқанына 5 жылдан асты. 40 мыңға жуық тұрғыны бар 28 елді мекенді ауыз сумен қатамасыз ететін маңызды жобаның іске қосылуын ауылдағы ағайын асыға күтіп отыр. 2019 жылдың желтоқсанында беріледі деген ауыз судың кешігуінің себебі неде? Осы мәселенің анық-қанығын білу үшін жауапты мекемелердің есігін аштық.

Ауыз су мұнай­дан да қымбат ресурсқа айна­лады. Сарап­шы­лар­дың бұл ойы шындыққа айнала бас­тады. Мәселен, 2030 жылы жаһан жұртының 50 проценті ауыз суға мұқтаж болады. Оның алғы шарттары бүгінде сезіле бастады. Еуропаның дамыған елдері Антарктида құрлығының мұздықтарын тасып, ауыз су ретінде қолданып отыр. Ал Шығыс Азия мен Африка елдерінің халқы таза судың тапшылығына байланысты түрлі инфекциялық ауруларға душар болуда. Тұңғыш Президент осындай қауіп-қатердің алдын алу мақсатында елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді және су ресурстарын тиімді пайдалануды тапсырды. Бүгінде «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан Жаңақорған ауданындағы ауқымды жобаның мән-жайын аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен білдік.
Егер «Талап» топтық су құ­быры аяқталса тау беткейдегі 12 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Нысанның жалпы сме­талық құны – 5929,185 млн теңге. Алғашында «Астана Авто Строй» ЖШС бас мердігер ретінде іске кірісіп, бір жылдан кейін келісімді үзді. Араға тағы бір жыл салып, яғни 2017 жылы тапсырыс беруші Су ресурстары комитеті мен бас мердігер «Нұра топтық су құбыры» РМК арасында құрылыс жұмыстарын жалғастыруға 3 870,394 млн. теңгеге келісім-шарт рәсімделді.
Осы уақытта жобада қаралған 116,05 шақырым магистралдық су құбырының (су құбыры екі же­лілік) 115 шақырымы жүргізілді. 22,39 шақырымды құрайтын елді мекендерге тартылуы тиіс тар­мақ­тарының 21,8 шақырымы пайдалануға дайын. Бүгінде бас тоғанда жобаға сәйкес 8 су ұңғы­масы бұрғыланды. Сонымен қатар бас тоғанда әрқайсысының сыйымдылығы 500 м3 құрайтын 2 дана су қоймасы, қызмет көрсетуші персоналға арналған 2 тұрғын үй бой көтерді.
– Бесарық елді мекені тұсында №3 Т сорғы станциясы салынып, жұмысы жалғасатын болады. №4Т сорғы станциясының құрылысы жүргізілуде. Әрқайсысының сыйым­дылығы 100 м3 құрайтын 2 дана су қоймасы, шаруашылық сарайы салынып, 10 кВ электр желі­лері жүргізілді. Қазіргі таңда қызмет көрсету персоналына ар­налған тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Аққұм елді мекені де суды пайдалануға дайын. Қазіргі таңда Бірлік, Кеңес, Манап, Қосүйенкі, Құттықожа және Шалқия елді мекенінің сорғы станцияларының құрылысы, оның ішінде, су қоймаларының құрылысы, су мұнарасын орнату жұмыстары жүргізілуде, – деді бөлім басшысы Зейнолла Әшірбеков.
Тау беткейдегі елді мекендерде су құбыры жүргізілуде. Ал «Сырдария» топтық су құбырының құрылысы аяқталды.
Жалпы сметалық құны 5 536,017 млн теңгені құрайтын құрылысты бас мердігер «Ақ-Жол» ЖШС жүргізді. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны – 5 210,506 млн. теңге.
– Жоба бойынша 135,382 шақырым магистралдық су құбырлары жүргізілді (су құбыры екі желілік). 18,509 шақырымды құрайтын елді мекендерге қосылу тармақтары пайдалануға дайын. Ең бастысы, Сырдария өзенінің астынан төрт су құбыры өткізілді. 194,3 шақырымды құрайтын кентішілік су желілері салынды. Сыйымдылығы 150 м3 екі дана және 100 м3 екі дана су қоймасымен, №3С және №4С сорғы станциясы салынды. Сондай-ақ 8 дана сорғы станциясы, сыйымдылығы 100-300 м3 16 дана су қоймасы, сыйымдылығы 50 м3 9 дана су мұнарасы орнатылды, – деді Сырдария топтық су пайдаланушы дара (локалды) бөлімшесінің басшысы Мейрамбек Қабетенов.
Оның сөзінше, Сыр беткейдегі ауылдардағы құбыр құрылысы толығымен аяқталды. Егер тау беткейдегі құрылыс жұмысы аяқталып, республикалық комиссия рұқсат берсе, ауыз су беріледі.
– Нысан құрылысы 2019 жылдың желтоқсан айында аяқталды. Бірақ нысанды сумен қамтамасыз етуші бас тоған «Талап» топтық су құбырының құрамында болуына байланысты, толыққанды іске қосылмай тұр. Өйткені «Талап» топтық су құбырын 2020 жылдың екінші жарты жылдығында пайдалануға берілуіне сәйкес, Сырдария топтық су құбыры да сол кезде беріледі, – деді бөлім басшысы З.Әшірбеков.
Бұл – жауапты мекеме мен бөлімдердің нақты мәліметі. Яғни 2020 жылдың екінші жарты жылдығында 28 елді мекеннің тұрғыны ауыз суды игілігіне пайдаланатын болады.
Бұған қатысты ауылдағы ағайын мен әкімдердің не айтары бар? Оны да ескерген жөн. Бесарық ауылдық округінің әкімі Әлібек Абдуллаев: «Шыны керек, ауыл халқы суды асыға күтуде. Қазір округте 560-қа жуық шаңырақ болса, түгелдей дерлік ауыз су құбыры үй-үйге кіргізіліп, есептегіш құрылғы орнатылды. Жыл соңына дейін судың берілетініне үміттеніп отырмыз, – деді.
Ауыз судан тарыққан ауылдың бірі – Байгенже ауылдық округі. Өйткені елдімекен тұрғындарына ауыз судың сапасы күннен-күнге ішуге жарамсыз болуда.
– Ауылдағы скважина суы жыл сайын жарамсызданып барады. Бізге судың келгені ең үлкен қуаныш болғалы тұр, – деді ауыл әкімі Нұрғали Оспанов.
Көктөбе мен Жаңарық, Қосүйеңкі мен Шалқия, Манап, Талап тұрғындарының тілегі ортақ – елді мекенге ауыз судың ертерек келуі. Енді олар тау беткейдегі жұмыстар аяқталған жағдайда ғана ауыз суға қол жеткізеді.
Мамандардың сөзінше, «Талап-Сырдария су бассейні» тәулігіне 10584 текшеметр суды қолданған жағдайда, судың қоры 27 жылға жетеді.
Мәңгілік ешнәрсе жоқ. Уақыт өте келе судың қоры сарқылады. Сондықтан суды ысырапсыз қолдану мәдениетін қалыптастыру керек-ақ...
Айта кететіні, Жаңақорған кен­тіндегі ауыз су құрылысы аяқталып, қазір әрбір түрғын үйдің ауласына дейін құбыр кіргізілуде. «Жиделі» топтық су құбырынан келетін ауыз судың игілігін жаңақорғандықтар көруде. Ғасыр ғаламатына баланған теңдесіз жобаның игілігін ауылдағы ағайын көретін күн де алыс емес...


Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
13 маусым 2020 ж. 963 0