Ауызсу бағасының тарифі қымбаттай ма?
Дүниежүзілік ресурстар институтының мәліметінше, жаһанның 2,6 миллиард тұрғыны ауыз суға зәру. Ал, 17 елдегі 1,7 миллиард адам суға аса мұқтаж өлкеде тіршілік етуде. Бұл – Елбасы айтқандай, ауыз су тапшылығы – ХХІ ғасырдың он қатерінің біріне айналғанын көрсетеді. Енді не істеу керек? Әрине, үнемдеу шараларын күшейту маңызды. Аудан әкімдігінде өткен жиында осыған қаныға түстік.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов пен су саласына жауапты маман Ержан Қуандықов арнайы келіп, тарифтерге енгізілген өзгерістерді түсіндірді. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ерділла Сұлтанбеков жүргізді.
– Ауыз суды есепке алу аспабы болған кезде субсидиялар 1 адамға арналған тұтыну нормативі кезінде тәулігіне 140 литр мөлшерінде төленеді. Осы нормадан асқан жағдайда тұтынушы сумен жабдықтау қызметтеріне толық тарифпен төлейді. Яғни ережеге сәйкес бір адамға тәулігіне 140 литр, бұл айына 4,3 м3, егер пайдаланған ауыз су осы көлемнен аса тұтынушылар толық тарифпен төлем жасайтын болады. Бекітілген тариф бойынша топтық су құбырлары үшін 1 текше метрге ҚҚС қосқанда 507,14 теңге. Оқшау су құбырлары үшін 1 текше метрге ҚҚС қосқанда 364,63 теңге. Ережелердің жаңа нормалары биылғы жылғы 16 тамыздан бастап күшіне енді, онда жергілікті атқарушы органдардың берілген ауыз судың бір текше метрі үшін төлемақы мөлшерін әзірлеу және жергілікті өкілді органға бекітуге ұсыну жөніндегі құзыреті көзделген. Халықтың ауыз суға төлеп отырған 30/40 теңге деген баға 2006 жылдан бері өзгермеген. Яғни осы 15 жыл ішінде су беруші мекемелердің электр энергиясы, айлық жалақы және тағы да басқа шығындары ескеріліп, табиғи монополияларды реттеу жөнінде уәкілетті органмен бекітілетін ауыз су тарифы қанша көтеріліп жатқанымен халықтың жасайтын төлемі өзгеріссіз қалып келген. Оның өзінде 2014 жылға дейін халықтан басқа барлық тұтынушы да осы 30/40 теңге жеңілдетілген бағамен төлеп келсе, 2014 жылдан бастап тек қана халыққа берілген ауыз суға ғана субсидия беріле бастады, – деді Ерлан Ералыұлы.
«Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың біріккен дирекциясы» мекемесі директорының орынбасары Ержан Ералыұлының айтуынша, бұған дейінгі су пайдаланушылардың көлемін есептеп, облыс бойынша халыққа берілетін ауызсудың бір текше метрі үшін төлемақы мөлшері есептеліп 202 теңгені құрады. Бірақ баламасыз су көзі ретінде ауыз суды ішуге және шаруашылық мақсатта тұтынып отырған халыққа ауыз су бағасын бірден өсірмей есептегіш барларға 60 теңге, есептегіш құралы жоқ тұтынушыға 80 теңгемен бекітуді және оны қолдануды 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастау жоспарланды деп мәлімдеді.
Жөн, ауыз суды аяқ суға балап, ретсіз қолданушыларға оң шешім. Есесіне, судан тапшылық көріп отырған жұртшылыққа уақытында жеткізу жоспарлануда. Тіршілік тізбегіне терең үңіліп қарайтын болсақ, бір жұтым судың да қаншалықты қадірлі екенін аңғару қиын емес. Мұсылман қауым асыға күтетін отыз күн Оразада күні бойы нәр татпай жүретін адамдар ауызашар сәтінде алпыс екі тамырына ағылған судың сылдыры естіліп, дәмі сезілетінін айтады. Расымен де, су бірінші қажеттілік. Суды ысырап етпей, шашып-төкпей, ас үйде, жуынатын бөлмеде «су үйге келіп тұр» деген түсінікпен мөлшерден тыс шашып-төгу көпшілік отбасында кездеседі. Алайда, суды есепсіз құрта берсек, қара суға зар болуымыз әбден мүмкін.
Әсел РЗАЕВА