№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Адамзаттық құндылықтар ауылдан бастау алады

Адамзаттық құндылықтар ауылдан бастау алады


Талай тағдырлы жандарға тарихи отан болған Төменарық жері сырлы шежіреге толы. Көкірегі шерлі, жанары мұңды, көңілі жарымның жанына дем беріп, көз жасын құрғатқан киелі мекеннің мейірбан қойнауы қоңыр тіршілікке құт дарытып, бұл күндері келешекке үмітін үкілеген тату ағайынның алтын ұясына айналып отыр.

Ғасырдан астам уақыт бауырына кеп паналағанды алаламай, маңдайынан ақжарылқап күн туғызған атамекен перзенттерінің табиғатына осынау пейілдері өзгеше кеңшілік дарытуы себепті ауыл жұртының азаматтығы биік, адамгершілігі асқақ. Әр ұлттың өзіне тән бекзат-болмысын бойына сіңірген мұндағы менталитеттің мүмкін сондықтан да сыр-сипаты терең сабақтастықпен тамырлас екенін мойындау ләзім.
– Биылғы жылы Әз-Наурызды кең көлемде елді мекендерде атап өту талабымызға Төменарық ауылының таңдалуының өзіндік мәні бар, – деп ақжарылған аудан басшысының жүрекжарды лебізінің өзі біраз жайдың басын ашып тұр. Ауыл халқы осы сенім үдесінен шығуда барынша дайындықпен келгеніне барлығымыз да куә болдық.
Кеше таңертеңнен жауған жаңбыр суына жауырын төсеп, Наурыз тойын талаптағыдай мерекелеуге ынтымақты күш біріктірген ауылдағы ағайын белгіленген алаңға ақшаңқан үйлерді тігіп, іші-сыртын айшықты өрнектегені сондай жаймашуақ бабалар тұрмысы жалқы сәтке ғасырлар қойнауынан көшіп келгендей мерекеге жиналғандардың көңіліне әсерлі шуақ сыйлады.
Ауылдағы мәдениет сарайының алды та­қырыпқа сай безендіріліп, Наурыз мейрамының көркін ашатын ұлттық салт-дәстүрдің сан қырлы үлгілерінің үздік келбетін көз алдымызға әкелді. Таңертеңнен ауылдағы ірі мекемелер ұжымы осы маңға тіккен киіз үйлерінде мол дастархан жайып, көпшілікке наурыз көже ұсынды. Этноауылдың бір қапталында ұлттық ойын түрлеріне ықылас қойған сайыскерлер қол күрес, гір тасын көтеру, асық ату сынды ептілер мен күштілер байқауында кіл мықтыны анықтауға жең сыбанып кірісіп кеткені байқалады. Ұлттық нақыштағы қазақтың қолөнер бұйымдары да алаңның бір шетінен орын алып, ерекше көздің жауын алып, той ажарын аша түсті.
Ауылдықтарды Наурыз мерекесімен арнайы құттықтауға келген облыс әкімі орынбасары Бақыт Дүйсенұлы ел алдында ақжарма лебізімен бөлісті. Солардың қатарында Байкенже ауылында салынып жатқан 150 орындық мектеп пен аудан орталығындағы 200 оқушыға арналған Оқушылар үйі және 50 орындық Өнер мектебінің құрылысы, сол сияқты жақын уақытта Жаңақорған кентінде «Руханиаят орталығы» құрылысы басталатынын тілге тиек етті.
– Өздеріңіз тұрып жатқан Төменарық ауылында көп жылдан бері мәселе етіп көтерген құны 1 млрд теңге тұратын амбулаториясы бар он бес орындық аурухана құрылысы қолға алынды. Ауыл тұрғындарының жайлы өмір сүруіне жағдай жасау үшін «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында 9 көше орташа жөндеуден өтіп, ауыз су жүйесі қайта жаңғыртылды. Өткен жылдан бастап ауылды газдандыру жұмысы басталды, Биылғы жылы оның игілігін көретін боласыздар. Осының барлығы Мемлекет басшысының қамқорлығы, Үкіметіміздің қолдауымен жергілікті жерде қанатын кеңге жайып келеді. Осы мүмкіндіктердің игілігін көру үшін ең алдымен ынтымағымыз мықты болу керек.
Барлықтарыңызды Ұлысты ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Наурыз – жылдың басы. Күн мен түннің теңелер шағында тамырын тереңнен тартқан осындай дәстүріміз – береке мен бірлігімізді арттырып, шаттық пен қуанышты еселей түспек. Қадам сайын жасампаздық қуаты артып келе жатқан еліміздің мәртебесі асқақтай берсін деп тілеймін, – деген ол одан әрі бірнеше азаматтарды облыс әкімінің Құттықтау хатымен марапаттады. Олардың қатарында зейнеткер Қали Әбуұлы, «Нұра» топтық су құбыры республикалық мекемесінің Жаңақорған өндірістік бөлімшесінің машинисі Марат Жәнібекұлы, «Әбу-Бәкір» қайырымдылық мекемесінің директоры Абылайхан Ермаханұлы бар.
- Бүгінде 9 ұлттың өкілі бір шаңырақ астында топтасқан, жалпы халық саны 4 мыңнан асатын Төменарық ауылының кезінде ең халқы көп әрі түрлі ұлттардың тарихи мекені ретінде мерейі биік, бұл топырақтан зият тұлғалардың көптеп шыққанын мақтан етуге болады деген аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов ынтымақ- бірлігі жарасқан елдің болашағы жарқын екеніне екпін берді. Бүгінде ауыл мен қала халқының тұрмысындағы айырмашылықты жою – мемлекет болып қолға алынып жатқан қадамдар осы мақсатты көздейді. Бүгінгі Наурыз той жарқын істердің шашуы сынды. Мереке барысында аудан әкімінің Құттықтау хатымен денсаулық сақтау саласының ардагерлері Бибайша Абдуллаева, Ивановна Надежда Павловна және Сапияхан Санақова, жеке кәсіпкер Бибіжаг Айтжанова, ауылдық аурухана қызметкері Үміткүл Сағындықова, «Балнұр» би тобының жетекшісі Жанна Ордабек марапатталды.
Ауыл тұрғындары атынан сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасы Темірбек Құтжанов ел өміріне жасалып жатқан зор қамқорлықтар үшін үлкен алғысын білдіріп, іс басында жүрген азаматтардың еңбегіне табыс тіледі. Ол ауылда ширек ғасырдан бері көтеріліп келе жатқан мәселелердің биыл шешімін табуы жұртшылық қуанышын еселеп отырғанын жеткізсе, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Өмірсерік Тақырбасовтың «Осы жерде туып өскендіктен ауыл халқының мерейіне мен де қанаттанып тұрмын. Төменарықтықтар осындай береке-бірлігінен ажырамай, үлгілі ауылдар санатынан табыла берсін» деген лебізі көңілімізден шықты.
Мерекелік жиында ауылдағы №53 және №223 орта мектеп ұжымы дайындаған концертіне жұртшылық ризашылықпен қол соқты.

Баян ҮСЕЙІНОВА
23 наурыз 2024 ж. 218 0