№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жарқырап күннен шуақ, жақсы сөз – жанға қуат

Жарқырап күннен шуақ, жақсы сөз – жанға қуат


Барша мұсылман жұртшылығы ақжарылқап қарсы алған құтты мереке – Әз-Наурызды салиқалы мазмұнда атап өтуді ұйғарған аудандық үнжариямыз – «Жаңақорған тынысы» газеті редакциясының ұжымы сәрсенбінің сәтінде осы қарашаңырақта ұзақ жылдар еңбек етіп, аймақ тынысына қолтаңбасын қалдырған аға буынның басын қосып, алғыс-батасымен қауышты.
Мерекелік шараға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Мажит Балқожаев, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы Әбілғазы Төлегенов аппаратымен бірге келіп, құрметті қонақ болды.
Биыл аудандық төл басылым – «Жаңақорған тынысына» 85 жыл толғалы отыр. Мереке аясында жоспарланып, өрнекті өріс алған өнегелі шаралардың бірі ретінде ұйымдастырылған тәлімді басқосуға газеттің байырғы редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі Алмас Бекжігітов, тағлымды ғұмырларының толайым ыстық-суығын осы газеттің қабырғасында өткізген қарымды қаламгерлер Файзулла Сахиев, Пахмадин Айнақожаев, баспахана әріп терушісі Ұлжан Сауранбаева т.б. шақырылып жас буынға жүрекжарды лебіздерін арнады.
Қонақтарымыздың атаулы күн құрметіне редакция ауласына өз қолдарымен жас шыбықты қондыруы қарапайым қарекет көрінгенімен, маңызына келгенде терең символикалық мәні бар, көңілді тебірентіп, жүректі қозғар салауатты бастама болды. «Ағаға қарап, іні өсер, болашаққа бой түзер» дегендей, ардагер аға-апаларымыздың айнадай тазалыққа суғарылған болмыс-бітімдері, кең жүрек, ақ пейілдері келер буын үшін таусылмас тағылым, өшпес өнеге.
Ал енді мына отырғызған талшыбықтар олар бізге аманат еткен алып бәйтерек сынды аймақ үнжариясымен бірге көпті саясына көлеңкелеткен көркем баққа айналарына шын көңілімізбен сендік.
«Сыр-Медиа» ЖШС басшылығы мереке құрметіне арнайылап жайған ақ дастархан басында аға-ұрпақтың ақ батасына қол жайып, жақсы сөздеріне қанықтық.
Халықтық мерекені ұлағатты ұстаныммен ұштастыру арқылы ұжым мерейтойына тарту әзірлеген газеттің бас редакторы Нұрлат Байгенже:
– Ақиқат пен әділдік – аялар асқақ туымыз. Бұл аманатты алға апару үшін таусылмас қажыр-қайрат аз. Терең татулық пен шынайы ауызбіршілік қажет. Бір қолдың саласындай сауапты іске жұмылып, санаға сәуле түсірер тағлымды істерді биылға молынан жоспарлап отырмыз. Солардың басы-қасында алдымен өздеріңізге арқа сүйейміз, – деп ағаларға тілегін білдірді.
Кез келгеннің келелі істерді кеңесіп, пікір алмасуы өз алдына, қоғамда керітартпа кедергіге кезігіп, әділін іздегенде үмітпен босағасына бас сұғар киелі мекенде аталып өткен мерекенің шырайын кіргізуге атсалысқан өнерпаз, «Арман» қоныстық мәдениет үйінің солисі Нұрлан Дүйсебаев, жеткіншек талап, №110 мектептің оқушысы Әзизбек Тасболат әсем әннен шашу шашты,
Бабалар қасиетінен нәр алған, қаламын қару етіп, жасампаз ақиқат үшін жаралған семсер сөздің сарбаздары ұлық дәстүрімізге осылайша адалдықтарын танытты.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
27 наурыз 2018 ж. 1 481 0