№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚОШТАСАР БҮГІН КЕЗ КЕЛДІ...

ҚОШТАСАР БҮГІН КЕЗ КЕЛДІ...


Үкілеген үміт арқалаған, қызығы мен қиыншылығы мол, қайталанбас тарихқа толы мектеп түлектерінің алтын ұядан ұшар сәтін Төменарық ауылындағы №223 білім ордасы жылдағы дәстүр бойынша жоғары деңгейде атап өтті. Білім беру саласында өзіндік орны бар мектептегі «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты салтанатты шараға аудан әкімі Ғалым Әміреев қатысып, жас түлектерге сәт сапар тіледі.
– Елбасы бүгінде білім саласына үлкен көңіл бөлуде. Оған осы жаңа мектептің бой көтеріп, өткен жылы қолданысқа берілгені дәлел. Біздің аудан облыс бойынша мектеп салудан алдыңғы қатарда. Өткен жылы аудан бойынша мектеп бітірген түлектердің 97 пайызы жоғарғы және арнайы орта білім орындарына оқуға түсті. Бұл – көңіл қуантарлық көрсеткіш. Бүгінгі оқушыларға барлық жағдай жасалған. Енді түлектердің алдында үлкен сынық күтіп тұр. Сол сынақтан сүрінбей өтіп, ұстаздар мен ата-аналардың үкілеген үмітін ақтайды деген сенімдемін, – деді аудан басшысы.
Өткен жылы пайдалануға берілген жаңа мектепте білімді сапалы алудың мүмкіндігі артқан. Сондықтан, ҰБТ қортындысы бойынша алдыңғы қатардан көрініп жүрген мектеп түлектері сенімді ақтайтыны анық. Бұл жолда білікті ұстаздар еңбек сіңіргені белгілі. Биылғы оқу жылында 33 оқушы түлеп ұшып, асқақ арманын арқалап, өмір сапарына даңғыл жол салмақ. Олардың қатарында дарындылары да бар. Мәселен, Жандос Мырзабай, Гүлсезім Әбдірахман, Нұрахмет Мырзахметов «Алтын белгі» үміткері болса, Айжамал Әбдірейімова мен Нұрлан Нұрышов Республикалық қашықтық олимпиадасының жүлдегері. Ал, Жасұлан Балтабаев пен Асылжан Серікбаев «Жайдарман» лигасының үздігі.
Иә, құшақтары гүлге, көңілдері нұрға толған түлектер соңғы қоңырау соғып, бала шақтан болашаққа жол тартты. Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған ұл-қыздар ақыл тоқтатып, ыстық ұясымен қоштасты. Балаларын үлкен өмірге аттандырғалы отырған ұстаздар мен ата-аналар салтанатты шараның куәсі болды. Мектеп басшысы Болат Әбен оқушыларды мерекемен құттықтап, үздік шәкірттерді марапаттады. «Биылғы оқу жылы біздің мектептің тарихында алтын әріптермен жазылған, сәтті жыл болды. Біз жаңа мектеп ғимаратына қол жеткіздік. Шәкірттеріміз де өз біліктіліктерін түрлі сайыстарда дәлелдеп келеді. Бұл – біздің ұжымның еңбекқорлығының арқасы. Құрметті ұстаздар, сіздерді биылғы оқу жылын абыройлы атқарғандарыңызбен шын ниеттен құттықтаймын. Алдағы уақытта жұмыстарыңыз жанданып, мақтан етерлік шәкірттеріңіз көп болсын», – деді мектеп директоры.
Одан әрі барша ата-аналар атынан Бибіжан Айтжанова мен Гүлмира Адырбекова сөз алып, ыстық ықыласын жеткізді.
Шара соңы мектептің өнерлі оқушылараның ұйымдастыруымен концерттік бағдарламаға ұласып, көпшілікке ән мен биден шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
26 мамыр 2018 ж. 1 484 0