Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Үнемшілдік – жарты байлық

Үнемшілдік – жарты байлық

Үнем – бүгінгі күннің басты тақырыбы. Неге? Ұлттық валюталардың құнсыздануы, мұнай мен бидайдың, металл түрлері бағасының құлдырауы әлем елдерінің экономикасына кері әсер етуде. Күннен күнге нарық бағасы шарықтап, күнкөріс деңгейі құбылып келеді. Сондықтан қаржылық сауаттылықты арттыру, қалтадағы қаржыны оңтайлы игеру әрбір жанның басты қағидасына айналуы керек. Байқасақ, кез келген жан ақша таба алады. Алайда сол тапқан табысын бейберекет жаратып, есепсіз жұмсайды екен. Яғни, ақшаны табу мен оны басқару арасында байланыс жоқтығы қаржылық сауатсыздығымызды аңғартады. Газетіміздің бүгінгі санында осы сауалға жауап іздеп көрмекпіз.
Күнделікті ас-суға қажетті азық-түлік, киім-кешектен басқа білім алу, несие жабу, алған қарызды қайтару, басқа да керекжараққа қаржы қажет. Ай сайын алақанға түсетін ақшаның шығынын азайтып, кірісті көбейтуге жол ашқың келеді. Алайда отбасылық бюджет есебінің жоқтығынан жалақың келесі айға дейін жетпейді. Айдың басында алған жалақы ары кетсе бір аптаның ішінде жөнін тауып, қалтамыз босап қалады. Мұндайда қарыз алып күнелтудің жолын іздейсің. Айналаға қол жайып, таныс-тамырдан қарызға ақша сұраймыз. Осындай қиын-қыстау уақытта әрбір адам отбасылық бюджетке немқұрайлы қарамай, үнемдеуді үйренгені жөн. Осы тұста, аудандағы қаржы саласының ардагері Жамур Мүсілімнің өз айтары бар: – Көпшілігіміз отбасылық бюджетті жүргізбейміз. Есепсіз жаратып артық қаражат жинауға тырыспаймыз. Қолда бар қаражатты көбейтудің жолдарын қарастырмаймыз. Қаржы саласының маманы ретінде айтайын, жалақыны алған күннен бастап кіріс-шығысты басқару, жинау, қосымша табыс табуға тырысу, білімді көтеріп, сол арқылы табысты жұмысқа орналасу, артық ақшаны кәсіпке салу бір күнде пайда болатын дүние емес. Мұның бәрі жылдар бойы қалыптасады. Адам тіршілік барысында қаржысыз, экономикалық үрдістерсіз өмір сүре алмайды. Қалай дегенмен де осы мәселелерге кезігеді. Дәл осындай сәттері тиімді шешімдер қабылдамаса, отбасылық бюджетке кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Оған қарапайым мысал, қазіргі кезде көп адамдарда несие бар. Несиені ақылмен алмағандар, үлкен пайыздары бар қарыздардың шырмауында қалып жатады. Нәтижесінде кепілдікке қойылған баспанасына дейін иелігінен кетіп, сан соғып жататын жағдайлар көп. Сол себепті әр адам отбасы бюджетін саналы басқарғаны жөн, – дейді қаржы саласының ардагері. Расында, қазіргі жағдайда қаржыгерлердің басым көпшілігі ақшаны оңды-солды шашуға болмайтынын айтады. Сондықтан азаматтар қаражаттарын міндетті түрде есептеп, үнемдеп, жоспарлап отыруы шарт. Әр отбасының қаржылай сауатты болуы елімізді байқуатты елдердің қатарына қосары сөзсіз.
Осы бағытта белгілі кәсіпкер «Хан» нан өнімдерінің негізін салушы Рустам Әмірханның өз айтары бар.
– Уақыт талабы жайбасарлық пен еріншектікті жаратпайды. Наубайханамызда отбасы мүшелері болып еңбек етеміз. Адал еңбек қып тапқан бір тиынды екі етіп, берекесіне қауышқан оны бей-берекет ысырап етпесе керек. Отбасылық қаржыны дұрыс құрау үшін ай сайынғы төлемнің нақты есебін шығарып отыру керек. Мәселен, су, жарық, жылу, газ, такси қызметі. Осыған төленетін қаржыны үнемдеймін десең құнтты болуға тура келеді. Көлікпен емес жаяу жүруге тырысу. Қарапайым күнделікті қолданатын салфетканы алып қарайықшы. Барлық үйдің дастарқанында оны пайдалану дәстүрге айналған. Бірақ оған да қаржы жұмсалатынын ұмытпаңыз. Мысалы, салфетканың бір данасы 800- 1000 теңге тұрды. Оның орнына жуып, қайта қолданатын кәдімгі майлықтарды пайдалануға болады. Сол сияқты, жарықты да арнайы лампа көмегімен әжептәуір үнемдеуге болады. Мұның бәрі елеусіз дүние болғанымен, қалтадағы қаржыға әсер ететінін өзім күнделікті аңғарып отырамын, – дейді жас кәсіпкер.
Тағы бір мәселе, көпшілік банктерге 2-3 несиеден төлеп жатады. Қарапайым халық банктің қойған талаптарына мән бермей, қолына ұстатқан қаражатқа риза болады. Кейбіреулері тек пайыз мөлшерлемесіне ғана назар аударып жатады. Бұған қоса, мамандар несиенің төлем түрін де ескеруге кеңес айтады. Мысалы, бизнеске, үй шаруашылығына арналған қаржы пайдалы несиеге жатады. Өйткені мұндай несие қосымша табыс табуға мүмкіндік береді. Ал сатып-алулар мен күтпеген нәрселерге жұмсалатын несиелерден ешқандай табыс таппайсыз. Керісінше қарызбен қоса үстеме пайыз төлейсіз. Тіпті ең пайдалы саналатын несиелерді дұрыс өтемеген жағдайда салдары түрлі мәселелерге әкеп соқтырады. Сол себепті кез келген несие алушы алдымен өзінің төлем қабілетін анықтап алғаны жөн, – дейді «Халық» банкінің маманы Дана Тұрлыбекова. – Несиені көп азаматтар аспаннан түскен тегін ақша деп қарайды. Қандай ақша болсын, оның қайтарымы барын ескермейді. Тіпті қазіргі кезде құжатыңызды ұсынсаңыз 20 000-30 000 мың теңгеден бастап қарыз беретін жеңіл кредиттердің саны арта бастады. Жарнамалары да жер жарып тұр. Олар адамдардың банктерге берешектері бар не жоғын тексеріп жатпайды. Микроқаржы ұйымдары ұсынған қаржыны қолайлы екен деп ойланбастан бірден ала салуға болмайды. Қаржы аса қажетті болмаса, мұндай несиелерге мүлдем жақындамау қажет, – дейді жауапты маман. Осы орайда, қарапайым халықты бизнеске бейімдеуде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін енгізуді көтерген болатын. Қаржылық сауаттылықты арттыруды көздейтін пәнді ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдап, 2019 жылдан бастап еліміздің барлық мектептерінде факультатив ретінде оқытыла бастады. Біздің ауданымызда мұның жайы қалай?
Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбековтен сұраған едік.
– Оқушыларға Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен пилоттық негізде әзірленген «Кәсіпкерлік пен бизнес негіздері» атты кітап таратылған. Оқулықта экономика, бизнес саласындағы терминдер, компания құруға дайындық, бизнесжоспар құрудың негізгі кезеңдері сынды материалдар қамтылған. Жылдан-жылға бұл пәннің аясы кеңейіп келеді. Бұл бағытта аудан мектептері де 90 пайыз қамтылып отыр. Сол себепті баланы күнделікті тіршілікке ерте араластырып, нақты қаржылық жоспар құруға баулуда, кіріс-шығысты, отбасылық бюджетті жоспарлау туралы дәрістердің пайдасы үлкен. Мұның арты қаржылық сауаттылыққа алып келеді. Оқушылардан бөлек, кез келген жан өз қаржысын басқаруды үйренгені жөн. Қарапайым мысал, темекі, кола, кофе сынды денсаулыққа зиянды дүниелерден бас тарту арқылы бір жылда, қанша ақша үнемдейтініңізді есептеп көріңіз. Олардың жыл сайын өсетін құнын еске алғанда қаншама қаржыны сақтап қалғаныңызға өзіңіз таң қаласыз, – дейді ол.
Әлем елдерінің де тәжірбиесіне зер салуды жөн көрдік. Мәселен, Британ билігі 2008 жылы елдегі дағдарыстың салдарынан шығу үшін оқушылардың қаржылық сауаттылығын көтеруді қолға алыпты. Бастапқыда факультативте оқытылса, кейіннен жалпы пән ретінде оқытыла бастаған. Бастауыш сыныпта жеке қаржы және оның жұмсалу жолдары туралы айтылады. Ал жоғары сынып оқушыларына несие, ақша жинау жолдары үйретіледі. Еуропалықтар, әсіресе, чехиялықтар балаға келген табыс пен шығыстың арасын түсіндіреді. Тіпті, қарапайым оқушылар коммуналдық төлем, азық-түлік, киімкешекке жұмсалатын ақшаны басқара алады. Бұл үшін қаржы және бизнес саласында тәжірибесі бар лар шақырылады. Ал, Израиль Үкіметі бизнесте табысқа жеткен кәсіпкерлерді мектепке шақырып, оқушыларды кәсіпкерлікке үйретеді екен. Жалпы, әртүрлі болжамдар мен талдаулар көп. Оған тоқталмай, адамның экономикалық дағдарыстан шығуының жолын түсіндіруге тырыссақ... Бірінші жолы. Отбасылық бюджет құру. Жоспар жасап, үй заттарына керекті қаржыны белгілеу керек. Мұхаммед (с.ғ.с.): «Азық-түлікті өлшеңдер, сонда оның берекесі сақталады» деген. Яғни шығындарды алдын-ала есептеп, қаржыны мақсатты жарату қажет-ақ. Бір сөзбен айтқанда, кіріс-шығысты назарға алып, отбасылық қаржылық қорды құру маңызды. Екінші жолы. Үй шаруасындағы әйелді дағдарыспен күресуге үйрету аса маңызды. Себебі, көп жағдайда «отбасылық қаржыны» тұтынатын әйел екені ақиқат. Ондайда «Үй экономикасының негіздері» сынды әдістемелік құралдарды оқытып, көп шығын шығару проблемасынан құтылуға болады. Үшінші жолы. Адам жеке тұтынатын заттарға қатысты үнемділікті күшейту және қаржыны өлшеп жаратуды үйренгені абзал. Ол үшін ең алдымен жарнамада кең таралған тауарларды сатып ала беруді тежеу керек. Яғни «дұрыс жарата білсең – ештеңе азаймайды, бұрыс жаратсаң – ештеңе қалмайды!» қағидасын ұстанған дұрыс. Төртінші жол. Заттардың қажеттілік деңгейін сұрыптап, анықтап, маңыздысына бірінші қол жеткізуді әдетке айналдыру. Екінші деңгейдегісін содан кейін, үшінші деңгейдегісін соңында аласыз. Ақшаңыз аз болса, басқа амал бар ма? Кейбір елдерде айлықтың төрттен бір бөлігінің телефон бірліктеріне кететіндігі анықталған. Телефонмен болған қарым-қатынасыңыз тым көп пе? Мұны да бір өлшеп қойыңыз. Бұл тізімге кешкі немесе түскі асты дәмханалар мен мейрамханалардан ішуді тежеуді қосу қажет. Бесінші жолы. Айдың соңында алған жалақыны екіге бөлу керек. Біріншісі – жаратуға, екіншісі – жинауға. Жиналған ақшаны кірісті жобаларға инвестициялаған адамның ұтары көп. Бір маркалы тауарларды сатып алуды доғару. Кейбір адамдар мақтан үшін маркалы тауарларды сатып алуды әдетке айналдырған. Дәл қазір мұнымен қош айтысу керек болып тұр. Қорыта келе, ақшаны тиімді басқару үшін қаржы бұлақтарын көбейту керектігін білікті мамандардан білдік. Қаржы бұлақтары дегеніміз – қалтаға ақша түсіретін табыс көзі. Қаржы бұлақтары көбейген сайын адам байлыққа бір қадам жақындайды екен. Ал оны көбейту үшін не істеген дұрыс? Ол үшін жүйелі түрде ақшаны шашпай, жинау керек. Яғни үнемдеу арқылы шығынды азайтып, соның нәтижесінде артылған ақшаны ай сайын жинақтап отыру қажет. Кейде көпшілік арасында «Кеше ғана шемішке сатып жүр еді. Қазір шіріген бай», дейтін әңгімені жиі құлақ шалады. Демек, үнемдеу, еңбектену арқылы зор табысқа жетуге болады. Ал, сізге табысқа жету жолында біздің ұсынған бес жол пайдасын тигізсе игі...

Әсел Рзаева 

20 ақпан 2024 ж. 83 0