№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Нарық, қайда барасың?

Нарық, қайда барасың?



Қымбатшылықтың қысымы апта сайын, тіпті күн сайын үдеп барады. Құбылған бағаны арзандату былай тұрсын, бір қалыпта ұстап қалудың өзі мұңға айналды. Күнделік жейтін нанымыздан бастап, азық-түлік, баспана, тауар, қызмет – бәрі-бәрінің бағасы күннен күнге қосылып, көптің наразылығын қалыңдата түскен тәрізді. Жасыратыны жоқ, бүгінде екі адамның басы қосылса, қымбатшылық мәселесі сөз болады. Бағаны еркіне жіберудің тәртіп пен қадағалау жоқтықтың салдары бәрі. Кәдімгі нанды алайық. Бүгінде бір жапырақ нан бағасы 110 теңге мен 180 теңгенің арасында. Бұның сыры неде? Мәселенің мәнісін үңіліп көруге тырыстық.
2023 жылғы ақпанда жылдық мәнде инфляция деңгейі 21,3%-ды құраса, азық-түлік тауарларының бағасы 26,2%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 20,5%, ақылы қызметтер 15%-ға өсіпті. Өткен 2022 жылғы ақпан айымен салыстырғанда пияз – 105%, кір сабын – 90,3%, кеңсе тауарлары – 71,8%, қияр – 56,8%, ағартқыштар мен балалар сабыны – әрқайсысы 56,3%- дан, қант – 55%, консервіленген сүт – 49,1%, күріш – 44,9%, макарон өнімдері – 41,1%, ұн 40,2%-ға қымбаттаған. Жарайды, бұған қарапайым халық үйренісіпақ келеді. Бірақ, жанармай бағасының күрт қымбаттағаны қараша жұртты алаңдатып қойды. Біздің ауданда 1 литр бензин 179 теңгеден сатылуда. Егер осылай жалғаса беретін болса, азық түліктен бастап, жол ақысына дейін бағаның өсетіні айдан анық. Осы тұрғыда, Премьер-министр Әлихан Смайылов жанар-жағармай бағасының көтерілу себебін былайша түсіндірді. «Бұл оңай шешім емес, бірақ оны қабылдауға мәжбүрміз. Егер қазір мұндай шешімді қабылдамасақ, онда жақын арада жанармай тапшылығына тап боламыз. Қазақстанда дизель мен бензиннің тұтыну деңгейі ең жоғары, жылына 1 адамға дизель 370 литрден келеді. Мысалы, Ресейде – 225 литр, Қырғызстанда – 98 литр, Өзбекстанда – 44 литр. Мұндай жағдай жанар-жағармайдың көрші елдерге транзиттік көліктермен және «сұр» экспорт түрінде шығарылуының артуына байланысты.
Ал экономиканың негізгі салаларында нақты тұтыну көлемі айтарлықтай өзгерген жоқ. Мемлекет жанармай өндірісін ұлғайту үшін барлық шараны қабылдауда. Мысалы, өткен жылы дизель отынын өндіру 5,2 млн тоннаны құрап, рекордтық деңгейге жетті. Жалпы соңғы 5 жылда бензин өндірісі 70%-ға, дизель өндірісі 33%-ға өсті. Біздің отандық мұнай өңдеу зауыттары өз мүмкіндіктерінің ең жоғары шегінде жұмыс істеуде. Алайда жанармай тапшылығының қаупі азаяр емес. Сыртқа тасып әкету мен тапшылықтың негізгі себебі – Қазақстандағы жанар-жағармай бағасының төмендігі болып отыр. Мысалы, Ресейде дизель отыны 45%-ға, Қырғызстанда 64%-ға, Өзбекстанда 2 есе қымбат. Нәтижесінде арзан отын әртүрлі жолдармен көрші елдерге әкетіліп жатыр. Біздің арзан отын өзіміздің ұлттық мүдделерімізге емес, көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп отыр. Сондықтан жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін баға айырмашылығын төмендету керек. Бұл елден мұнай өнімдерінің жаппай шығарылуын азайтуға және ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бізде бұдан басқа жол жоқ», – деді премьер-министр.
Демек, әзірге нарық бағасының арзандамақ түгілі, бағаның өспей, қалыпты күйде тұруына күмән басым деген сөз. Тіпті, ай емес, апта бұрынғы бағаның өзі құбылып тұр. Жыл басындағы алғашқы айда бағасы аспандап кеткен азық тізбесінде пияз, күріш, сүт және сәбіз бар. Расымен де, пияздың келісі 300 теңгені құрап отыр. Енді, ауданымыздағы азық-түлік бағаларын бір зерделеп өтейікші. «Үйдегi есептi – базардағы нарық бұзады» деген қазақта сөз бар. Сол айтқандай, базар бағасының тұрақсыздығы халықтың ұйқысын шайдай ашатыны үйреншiктi әдетке айналды. Әсiресе, жұртты алаңдататыны – күнделiктi тұтынатын азық- түлiктің бағасы. Жай ғана базардағы сауда жағаңды ұстатардай ұшып тұр. Қазақтың әрбір шаңырағы етсіз отырмайтыны белгілі. Бүгінде ет бағасын кез келгеннің қалтасы көтере алмай отыр. Мәселен, жылқы етінің келісі 2400 теңгеге жетсе, сиыр еті 2200-2250 теңге, қой етін 2200 теңгеден табасыз. Күнделікті тұтынатын нан –110 мен 180 теңгенің арасында, картоп – 200 теңге, сәбіз – 180 теңге, жұмыртқаның 1 данасы 70 теңге, сұйық майдың 5 литрі – 4100 теңге, бірінші сұрыпты ұнның бір қабы (50 келілік) 14000 теңгені құрайды. Сол сияқты сүт өнімдері де 20-30 пайызға дейін қымбаттаған. Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметке сүйенсек, азық-түлік нарығында бағаның айтарлықтай өсуі байқалады. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы өткен жылдың мамыр айымен салыстырғанда 17,9%- ға өсті. Биыл мамыр айының басынан бері азық-түлік құны 0,7%-ға қымбаттаған. Ал 5 айда 16,3%-ға өскен. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішіндегі ең қымбаты – тұздалмаған сары май, сиыр еті және сүзбе. Бір жағынан жұмыссыздық орын алып, екінші жағынан азық-түлік бағасының шарықтап өсуі әлеуметтік ахуалды ауырлата түсері алаңдатады. «Елімізде азық-түлік бағасының өсіп кетуіне бір жағынан Ресей нарығындағы тапшылықтың да әсері бар», – дейді зерттеуші мамандар. Біздегі ауылшаруашылығы мамандарының айтуынша, ресейлік сатып алушылардың сұранысының арта бастағанынан-ақ, ішкі нарықта картоп жеткізу көлемі тым төмендеп кеткен. Бүгінгі күні картоптың көтерме саудадағы құны 160 теңгені, ал дүкенде 200 теңгені құрап отыр. Өйткені, Ресей еліне көкөністің күнделікті қаншама тоннасы кетіп жатыр.

                                                                                                                                                Әсел Рзаева
22 мамыр 2023 ж. 197 0