Нарық бағамы
Азық-түлік бағасының өсуі − халықтың тұрмыс-тіршілігіне теріс әсер ететін сөзсіз. Күнделікті тұтынатын тұрмысқа қажетті өнімдердің бағасы күннен-күнге шарықтап барады. Тіпті, мың құбылады. «Үйдегi есептi – базардағы баға бұзады» деген қазақта сөз бар. Сол айтқандай, базар бағасының тұрақсыздығы қарапайым халықтың қалтасына әжептәуір салмақ салуда.
Осы тұста айта кетейік, Жаңақорған ауданының ауылшаруашылығы бөлімі 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық –түлік тауарларының бағасына үнемі мониторинг жүргізіп келеді. 2022 жылдың соңында нарықта пияз өнімінің қымбаттауына байланысты ауданымызда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді ішінара арзандату мақсатында арнайы жұмыс жасалды. Облыстық «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорынан «Ақсұлтан» көкөніс дүкенінің иесі кәсіпкер Болатбек Оспанов арқылы 10 тонна пияз өнімдері жеткізілді. Нәтижесінде, пияздың әр келісі 160 теңгеден сатылуда. Бұл баға өз кезегінде жалпы нарықтан 50-60 теңгеге төмендігін көрсетіп отыр.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осылай үнемі бақылау жүргізіп, бағаны қадағалап отырса базар бағасы көп құбылмасы анық. Алдағы уақытта ай сайын нарыққа зер салып, азық-түлік бағасын қадағалап отыратын боламыз.