№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауыл тұрғындарына азық-түлік жеткілікті ме?

Ауыл тұрғындарына азық-түлік жеткілікті ме?

   Күн өткен сайын эпидемиологиялық ахуал күрделеніп келеді. Мегаполис тұрғындарынан бастап шағын ауыл тұрғындары да тығырыққа тіреле бастады. Ең қиыны, азық-түлік түрлерінің қолжетімділігі болып тұр. Осы ретте аудан басшысы Сұлтан Мақашов ауылдық округ әкімдеріне тұрғындарды негізгі азық-түлікпен қамтамасыз етуді және бағаны бақылауда ұстауды тапсырды. Қазір ауылдық округ тұрғындарына азық-түлік түрлері жеткілікті ме? Баға қандай?

   Ауыл тұрғындары үшін Жаңақорған кентіндегі сауда орындарындағы арзан өнімдерге қол жеткізуге ешқандай кедергі болмауы керек. Яғни ауыл дүкендеріне азық-түлік таситын көліктерге аудан орталығына келіп-кетуіне мүмкіндік жасау керек. Аудан басшылығы осыны ескертіп отыр.
«Facebook-та» Түгіскен ауылында күнделікті тұтынуда қажетті өнімдер нарық бағасынан 20 пайызға арзандатылып сатылуда дегенді оқыдым. Карантин кезіндегі ұрымтал сәтті ұтымды пайдалануға асыққан кәсіпкерлерді көріп, естіп те жүрміз. Ал мынау жаңалық бізді қуантқаны рас.
– Нарықтағы тауар бағасының негізсіз көтерілуін құптамаймын. Халықтың табысы артса басқа сөз. Сондықтан халық үшін тиімді бағаны өзім қойып, базар бағасынан 20 процент төмен сатудамын. Өзім тауарды тікелей Атырау, Павлодар қаласынан алып келгендіктен бағаны өсіріп сатуға еш негіз жоқ. Біздегі баға сонысымен қалтаға қонымды. Сондықтан тұрғындар өздеріне қажетті өнімді молынан алуда, – дейді ауыл кәсіпкері Мейрам Тасқожаев.
15 жылдай кәсіптен несібесін айырып жүрген Мейрам ағамыз ұн мен картоптан бөлек, 15 тоннаға жуық тұрмысқа қажетті тауарды ауылға жеткізген. Мәселен, І сортты ұн (50 келі) – 8000 теңге, шекер (50 келі) – 12000 теңге, картоп (келісі) – 150 теңге, күнбағыс майы (5 литр) – 2100 теңге, макарон (5 келі) – 1200 теңгеге сатылуда. Осы бағада көрші ауылдың тұрғындары да алуда екен. Ол үшін ауыл әкімдерімен келісім-шарт жасаған. Яғни Сыр беткейдегі бірнеше ауылда азық-түліктің бағасын тұрақты ұстауға мүмкіндік бар.
Енді тау беткейдегі Бесарық ауылдық округіндегі ахуалды білуге тырыстық. Ол үшін ауыл әкімі Әлібек Абдуллаевқа телефон шалдық.
– Егер күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлерінің бағасы негізсіз өсетін болса, бұл жағдай ауыл тұрғындарының көңіл-күйіне әсер етпей қоймайды. Алайда бағаның шарықтап өсу көріністері күн өткен сайын сезілуде. Осыған байланысты аудан әкімі арнайы тапсырма берді. Осы тапсырма негізінде қолданысқа ең қажетті деген 10 өнім түрінің шекті бағалары бекітілгенін айта кеткен жөн. Оның ішінде, ұн, картоп, сәбіз, жуа, күнбағыс майы тағы басқаларының бағасы үнемі бақылауда болады. Жаңақорған кентінде қатаң карантиндік режим сақталғандықтан, онда кіріп-шығудың өзіндік тәртібі бар. Соған байланысты 10 күн ішінде 180 тоннаға жуық азық-түлік ауылға жеткізілді, – дейді ауыл әкімі.
Оның сөзінше, ауылды азық-түлікпен қамтамасыз етуде дүкені бар кәсіпкерлер Айкүміс Жапанова, Айбек Бабаев және Баян Бакирова үздіксіз қызмет көрсетуде. Олар табыстан бұрын халықтың тұтыну қабілетіне мән беруде екен.
Сондай-ақ бірнеше күн бұрын аудан орталығынан 8-9 тонна керекті өнімдер жеткізілген. Олар ауыл тұрғындарына картопты 160 теңгеден саудалаған. Ауыл әкімі жерлестерінің тарығып қалмауы үшін аудандағы басшыларға өтініш жасап, ең маңызды азық-түлік түрлерін алдырған. Мұны көріп отырған бесарықтықтар аудан және ауыл әкіміне алғысын жаудырып отыр.
Ендігі бағыт Төменарық ауылы болды. Тарихын тереңнен алатын ауылда өзге ұлт өкілдері де мекен етеді. Татулық пен тұрақтылықты негіз санайтын ауыл тұрғындары қиын-қыстауды бірге еңсеретінін айтып отыр. Бірақ бағаның шарықтап бара жатқанына шағымданған адамдар бар.
– Мынау індет қымбатшылықты бірге әкелді. Бағасы өссе өссін, бірақ керекті заттан тапшылық сезілмесе деймін, – деп әңгімесін бастады Маржан есімді тұрғын.
Одан күнбағыс майы, макаронның бағасын сұрадым.
– Ұнның бір қабы 8300-ден, картоп – 180 теңгеден сатылымда. Қанша қымбат болса да алудамыз. Өйткені күнделікті жейтін азық ғой!
Дүкенде аудан орталығына қарағанда азық-түлік түрлері 5-10, 20-30 теңгеге қымбат екен. Бірақ ауылдағы дүкеннің көліктері Жаңақорған кентіне еркін кіріп-шығып, ауылдастарына қажетті азық-түлік түрлерін тасуда екен.
Коронавирустың әлемге жайылуы көптеген елдің экономикасын тұралатып тастады. Күрделі кезеңде азық-түлік бағасының жөн-жосықсыз қымбаттауына жол бермеу – басты мақсат. Әсіресе, тұрғындар жиі тұтынатын картоп, жуа, ұн, нан, макарон өнімдері, ет, сүт пен көкөніс бағасы қолжетімді болуы халық үшін үлкен қолдау болмақ.
Бұған Үкіметтің өзі жіті көңіл бөлуде. Сондықтан Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі, Ауыл шаруашылығы министрі, Ұлттық экономика министрі бірлесіп бағаны тұрақты ұстау жөнінде меморандумға отырды.

Лаура БИБАСАРОВА
11 сәуір 2020 ж. 602 0