№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Еңбек егесін көркейтеді

Еңбек егесін көркейтеді


Бүгінде жасы сексеннің алтауына келіп қалған қария Елеусіз Сейдеметов ағамызды Жаңақорғанда танымайтын кісі жоқ. Оны көпке танымал еткен ең алдымен кішіпейілдігі.


Өзі өмір сүрген қоғамның кетігіне бір кірпіш болып қалануға ұмтылған кешегі күн жауынгерінің бойында адалдық деп аталар асыл қасиет бала жастан қалыптасса керек. Аудан орталығындағы №51 орта мектебінде білім алып, одан әрі Жамбыл қаласындағы шоферлар дайындайтын техникумда білім алады. Оқуды бітіріп келген соң 1957 жылы Жаңақорғандағы тас майдалау зауытына жүргізуші болып жұмысқа тұрады. Алғашында тақымына «ГАЗ – 169» машинасын меншіктейді.
Қаратаудың қойнауындағы «Өгізмүйістің» өкпесін күндіз-түні үңгіген алып техникалардың күшімен майдаланған қиыршықталған тасты құрылыс мақ­сатына облыс орталығына жеткізуді мойынға алған жүр­гізушілерге жұмыс күнін реттеу деген де мүмкін бола бермегендігін айтады. Ауа райы жаңбырлы күндері әлі асфальт төселмеген күре жолдың бойында да түрлі кедергі көп кездесетін.
– Көбіне Қызылордаға қарай тас тасыдық, – дейді қария. Қазір қаладағы тұрғын үйлердің көбінің құрылысы осы Қаратаудың тасымен өрілді. Қазіргідей асфальт жоқ, тас төселген ойқы-шойқы жолдардың ауырлығын еңсеріп, күніне екі мәрте қатынаған кездеріміз де көп. Уақытпен санаспадық. Қазір енді сол күндердің елесіндей ен жағалай орналасқан ақшаңқан үйлерді көргенде кешегі бейнетіміздің жемісіне жүрегіміз жылып, көңіліміз тоғайып қалады, - дейді қария бізбен әңгімесінде.
Бұл кісінің еңбек кітапшасында бір ғана мекеменің аты жазулы. Осы орында отыз жыл табан аудармай қызмет жасаған екен. Тек, астындағы көлігі ғана өзгеріпті. Бір күні мекеме басшысы Ерман Әйтпенбетов шақырып жатыр деген соң барып еді, ауданға бес дана көкқасқа келіпті, соның біреуі озат жүгізуші өзіне берілетінін айтты. Бұл машина биік әрі жүрісі де екпінді, еңбек өнімділігі көп артып, иесіне шабыт сыйлады. Елу бес жасында, яғни зейнетке шыққаннан кейін ғана тұлпарын ізбасар азаматтарға тарту етті.
Бұл тоқсан сегізінші жылдар болатын. Еліміз егемендігін алғанымен экономикамыз аяғынан тік тұрып кете қоймаған, аудан орталықтары түгілі ірі қалалардың өзінде жарық сөніп, жайлы тұрмысқа қажетті жағдайлар қалыптаспаған қиын кездер еді. Осындай кездері сан тауқыметті басынан өткерген аға ұрпақ сабырынан жаңылған жоқ. «Анау-мынау қиындық өтер, ең бастысы еліміз азат, ешкімге кіріптар емеспіз» деген шүкіршілігін арқа тұтқан аға ұрпақ ата-бабаларымыз сан ғасыр армандаған тәуелсіздіктің қадірін бағалап, соның бір тіреуіші болуға ұмтылды. Бар қайрат-күшімен демеп, ақ батасымен желеп-жебеп жүруді ағалық міндет санады. Солардың қатарында Елеусіз ағамыздың орны бөлек деуіміздің сыры бар.
Елге түрліше қязмет етуге болады. Әкім қаралар талабымен, ақын қаламымен, әртіс өнерімен, әнші-жыршы өлеңімен қызмет етер, ал қарапайым еңбек адамына ең бастысы ел деп соққан жүрегі, қолындағы күрегі тірек, сол екеуін сүйеніш қып та көп сүйсінерлік тірлік жасауға болады екен.
Бюджет қаражаты инфрақұрылым тұрмақ мұғалім мен дәрігерлердің жалақысын уақтылы төлеуге қауқары жетпей, халық қиналыңқырап жүрген сол бір кезеңдері жолдары көптен жөндеу көрме­ген Жаңақорғанның көшелерінде көлік жүріп-тұру қиындыққа айналғаны рас. Сондай күндері зейнетте отырған осы Елеусіз ағамыз қолына күрегін алып, көшеге шығатын. Әсіресе көлік көп өтетін темір жол көпірінің астында шалшыққа толы суды шығарып, орнына арбамен тас тасып, құм төсеп жүретін кейпін біз ұмыта қойған жоқпыз. Ақысыз-пұлсыз әрекет етіп, ары-бері өткендерге әбіржусіз жол қатынасын оңдап беруге тырысқан қарияның бұл талабы қаншама жандарға туған жерді сүюді үнсіз ұқтырып, тіпті кейбірін ұялтатын да. Жол құрылысына лайықты структураны қолдан бұзып, бөлінгенді шетінен бөліп алып, жырымшалап жатудың салдары сапаны ақсатып, жасап кеткен ісінің арты елдің көз алдында айнадай ашылып қалатыны бар ғой. Елеусіз аға сынды қоғам жанашырларының қолынан келгені осы. Қасына қара ермесе де ерікті түрде елге жағдай жасап, орталық жолдардың ой-шұқырын тегістеп, кешеге дейін қолынан күрегі түспей келіпті.
Көптен көрінбей қалған осы кісіні іздеп қарашаңырағына соққан едім. Жайдары жүзді атамыз немерелерінің ортасында отыр екен. Өскенше өз балаңды, өлгенше немереңді бағасың деген рас екен деп күліп алды ата. Біреуі сабаққа барады, біреуі спортқа барады, бес алса, жарыстан бірінші орын алып келсе бірінші атасына мақтанып жетеді екен. Мұндайда жомарт аталары несін аясын?
– Халқыма ризамын, – дейді ата бізбен әңгімесінде. Мен солардың алғысының арқасында есен-аман жүрмін. Қайсысы да көрген жерде амандасып, жақсы сөзін айтып жатады. Соның барлығы менің төбемді көкке жеткізеді.
Кезінде саланың марапаттауларын иеленген Елеусіз ата бүгінгі күні де ауданда өтіп жататын түрлі жиындардың қадірлі қонағы болып келеді. Шақырған жерден қалмай, жастарға еңбектің қадірін насихаттап жүретін атаның әңгімесі қашанда өтімді. Еңбектің құдіретін ол өз өмірімен өрнектей білген тұлға.
Елеусіз аға жары Орынкүл апа екеуі он баланы өсіріп жетілдірді. Орынкүл апа да еңбек адамы, көптеген жылдар наубайханада жұмыс істеді. Екеуінің тәрбиесін көрген ұл-қыздардың барлығы өнегелі ер жетіп, білім алып, түрлі мамандықты меңгерді. Барлығы да еліміздің түкпір-түкпірінде халық қызметінің түрлі салаларында еңбек етіп өсіп-өніп жатыр.
Елеусіз атаның қолында кенже ұлы мен келіні атаның қас-қабағын бағып, жағдайын жасап отыр.
Қазір де атамекен көшелерінде алшаң басып келе жатып аяғымыз сүрінсе, аямай тілмен сыбап өтуді білеміз, бірақ бір адамның оны қолмен оңдауға ықырарымыз бар ма? Жоқ. Өйткені біз барлық нәрсені өзгенің міндеті деп қабылдаймыз. Сондықтан да айналаға суықпыз, жатпыз. Бір кемшілікті көрсек алақайлап жария етуге жарысамыз. Одан гөрі сол кемшілікті түзеуге титімдей үлес қосуға ұмтылсақ, туған мекенге пайдамыз сол болар еді ғой.
Қысы-жазы қолынан күрегі түспей жол жөндегенде соның сауабын ғана ойлайтын елжанды, әдетінен жаңылмаған қарияның өткен өміріне көңілі тоқ, жүзі жарқын. «Еңбек қыл да міндет қыл» деген сөздің парқына осы кісінің өмірі дәлел. Қазірде оны жаңақорғандықтардың барлығы таниды. Көшеге шыға қалса жаяу жүргізбейді, баратын жеріне жеткізіп салады. Еңбегін ұмытпай, дәйім алғыстарын айтып жүреді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
27 ақпан 2024 ж. 353 0