№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » 80 жасқа толған Елеусіз СЕЙДЕМЕТОВ: "Ең үлкен нығмет – халыққа қызмет" дейді

80 жасқа толған Елеусіз СЕЙДЕМЕТОВ: "Ең үлкен нығмет – халыққа қызмет" дейді


Қандай қоғамда болмасын Елбасы айтқан «адам капиталына арқа сүйеу» қағидаты жеке тұлға мен оның ерекше мүмкіндіктеріне негізделген сенімімізді айқындайды. Мұның өзі әрбір азаматтың өз-өзіне деген жауапкершілігін де арттырады. Осы тұрғыдан келгенде, қарапайым еңбегімен халықтың құрметіне бөленіп жүрген азаматтар келбеті ізгілікті алға басуымыздың кілті сынды.
Ертең, қазанның жетінші жүлдызында қоныстық «Арман» мәдениет сарайында 80 жылдық мерейтойы аталып өткелі отырған ел ағасы, еңбек ардагері Сейдеметов Елеусіз Сейдеметұлын осындай жандардың қатарында қосуға болады.
Елеусіз Сейдеметұлы 1938 жылы 15 қыркүйекте Жаңарық ауылында дүниеге келді. Аудан орталығындағы №51 орта мектебінде білім алып, одан әрі Жамбыл қаласында жүргізушілік курсты бітірді. Еңбек жолын аудандық «Казсельхозтехника» бөлімшесінде бастады. 1957 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу мақсатында әскер қатарына аттанып, алдымен Украина жерінде, одан әрі Ресейдің Калуга қаласында жауынгерлік борышын өтейді. 1964 жылдан бастап аудан орталығындағы тас ұнтақтау зауыты автоколоннасында жүргізуші болып қабылданып, осы салада үзіліссіз 30 жыл жұмыс атқарып, 1994 жылы зейнетке шықты. Еңбек еткен жылдары жоспарын асыра орындап, үнемі алдыңғы шептен таныла білген қажырлы қызметі еленіп, мақтау-марапаттаудан кенде болмады. Мекеменің сол кездегі басшысы Ерман Әйтпенбетұлының қолдауымен Венгрия және Югославия мемлекетінде болып қайтты. Саланың Құрмет грамоталарымен марапатталды. Жұбайы Исаева Орынкүл – Батыр ана. Екеуі 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп жетілдірді. Барлығы да бір-бір мамандықтың иелері болып, бүгінде Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасының бекемделуіне берекелі еңбектерімен негіз қалап келеді.
Ата-анадан қалған екі ұл – өзі және бауыры Сейдеметұлы Махан, соғысқа кетіп, хабар-ошарсыз кеткен әкелерін күтумен, жанары жасты, көңілі құсалы аналарының қас-қабағын аңдап, қолын ұзартып, қолқанат болуға ұмтылумен балалық деген бал кезеңнің қалай өтіп кеткенін де білмей қалды. Анасы Ұлтуар Шерімқызы Жаңарық колхозында сауыншы болып еңбек етті. «Ел іші – алтын бесік» емес пе, бауыры екеуіне Ахмет, Ысмайыл, Рәзия, Рахия сынды аға-апалары көп қорған болып, қамқорын аямады. Қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқтырмады.
Қаншалықты қиын-қыстау кезең болса да қаяулы көңіл жылы сөзге жұбанып, келешек жарқын күнге үміт жалғайды екен.

Кешегі өтпелі кезеңдері ел тұрмысының ауыр болғаны әмбеге аян. Әлі есімізде, темір жол асты өткелінен су көлкіп, көлік жүре алмай қалатын жағдайлар болатын. Әсіресе жаңбырлы күндері. Сонда осы Елеусіз ағамыз шалшыққа тас жайып, тегістеуден шаршамайтын. Тас мекемесінде істейтін балаларына айтып тас түсіртіп, қолынан күрегі түспей күйбеңдеп жүргені. «Бұл кісіге ненің азабы?» дегенді жанынан өтіп бара жатып іштей ойлансаң да жүрегіңде әлгі кісіге деген үлкен құрметтің алауы ұшқындап «апырым-ай, туған халқын осынша пейілмен сүйетін адамдар арамызда жүр, онысын шынайы іс-әрекетімен таныта білген міне, мына кісілердің қарапайым тірлігінің өзі ізінен еріп келе жатқан жас толқын үшін нағыз сабақ, нағыз тағылымның өзі ғой» деп ой түюші едік. Асыл аға сол дағдысынан әлі жаңылмаған. Қазір ол жерлер жөнделген. Тақтайдай асфальт жолдар төселді. Бірақ Елеусіз ағайды жаңақорғандықтар түгел таниды. Көшеде кім кездесе қалса да «өзіміздің ағай ғой» деп жылы амандасып, жанына жақын тұтады. Ел болып, Жаңақорған жұртшылығы болып, қадірлі еңбек адамын дәріптеп «Жанынан шуақ тараған» атты мерейтой кешін бірге атап өтуге жұмылып жатқанымыз да осындай алғаусыз көңіліміздің көрінісі. Жүз жасаңыз, ата!

Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ.
06 қазан 2018 ж. 1 366 0