№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорғанның жетінші жүргізушісі

Жаңақорғанның жетінші жүргізушісі

Тарихтан сыр тарқатсақ,қойнауы құнды шеміреге толы Қаратаудың етегінде орын тепкен, қасиет қонған қазыналы өлкеміздің бүгінгі өркениет көшіне ілескен келісті келбеті көңілге қуаныш ұялатады.
Біз бүгін туған жеріміздің осындай өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесі бар тұлғалардың бірі - Әкім Баешов туралы сыр шертпекпіз.


Жалпы Баешовтер отбасы туралы жаңақорғандықтар жақсы біледі. Әрқайсысы әр салада жүрсе де өзіндік орнын қалыптастырған, өз кәсібінің шеберлері. Сонымен бүгінгі әңгімеміз Академик Баешов немесе ұстаз Баешов емес, солардың бауыры, жүргізуші Баешов туралы болмақ. Әкелері Баеш ұста болған кісі екен, елге қажет болғандықтан Фрунзе әскери комиссариаты соғыстан броньмен қалдырған екен. Бірақ тылда да әйел, бала-шаға бейнеттен көз ашпады. Сол көздері 7-8 жасар бала Әкімді өзі мініп-түсе алмайтын үлкен көк атқа көтеріп отырғызып, жүгенін қолына ұстатып, бос қоя береді екен. Мақтаның жүйегін тартып, қас қарайғанда тақымы аттан бір-ақ босайтын.
1945 жылдары бұлар атамекендері – Жаңақорғанға көшіп келді. Әкім 1 сыныпқа барды. Мектептен соң сыныптастары Мұсаев Әуелбек бастап бұлар бес-алтауы орталықтағы механизация мектебінде оқып, бітірді. Алғаш еншісіне бульдозер тиіп, Қосүйеңкі үстімен басып отырып, «Сталин» және «Кеңес» колхозына суды бөліп беріп отыратын міндетті мойынға алады. Бұл науқаннан кейін 3-ші Талапқа дейін егілген мақталыққа арық қазып, арнасын Бесарыққа дейін апарады.
Білімін жетілдіруді мақсат тұтып Түркістан қаласындағы шоферлар даярлайтын курсқа оқуға түскен жас талап оқуды жақсы бағаға бітіріп, жүргізушілік куәлігін алып ауылға келеді.
Жаңақорғанға ең бірінші көлік – полу­торка соғыс жылдары санаторияға беріл­ген көрінеді. Оның жүргізушісі орыс жігіт болған. Одан кейінгі көлік елу бірін­ші жылдары аудандық поштаға, елді мекендегі СельПолярға берілген. Олардың жургізушілері – бірге оқыған, еңбек еткен әріп­тестері туралы жатқа білетін Әкім аға: «Екінші жүргізуші Шәки, сосын Смайыл, Әжібек, Жәуен, алтыншысы Аққошқар, жетінші жүргізуші – менмін» деді саусағын бүгіп.
Өткеннің бәрі – тарих 1959 жылы Жаңа­қорғанды су алды. СелПо-дағы көліктерді жинап аудандық тұтынушылар Одағы қарамағына берілді. Осы күндері жүргізуші Әкімге «Газ-69» маркалы сегіз орындық машина беріліп, өзі аудандық атқару комитетінің төрағасының жүргізушісі болып бекітілді.
1964 жылы Жаңақорған мен Шиелінің біріктірілуіне байланысты атқару комитеті Шиеліге ауысқанда Әкім аға қарт әке-шешесін тастап кете алмай Жаңақорғанда қалып қояды. Осындағы дайындау конторасына жұмысқа тұрады. 1966 жылы Жаңақорған қайтадан өз алдына аудан болып құрылып, Балтабай Ыбыраев деген аудандық атқару комитеті төрағасының өзін іздетіп жатқанын естіп алдына келеді. Бұдан соңғы әңгімені Әкім аға былай тарқатады:
«Дайындаушы деген әп-әдемі майлы орыннан айрылғым жоқ. Ары-бері бас тартып көріп ем, Балтекең кесімін бір-ақ айтатын кісі екен. «Ай, шырағым, осындағы қаншама халық бар, қаншама мен білмейтін жерінің ой-шұқыры бар. Соның барлығын жетік білетін, жер жағдайына қанық өзің секілді жігіт керек маған. Қашқалақтағанды қой. Не, жағдайым болмайды деп қорқып тұрсың ба? Мені сен асырайсың ғой» деді. Ол кезде ауданның бірінші хатшысы Шаймерден Бакиров. Бұл кісі ауданда екінші бастық. Өте турашыл кісі еді. Хатшының өзі оған бата алмайтын. Ауданда алты жыл қызмет жасап, облсобезге басшы болып кетті.
Мен бұл кісіден соң ауданның тоғыз басшысымен қызметтес болдым.Әбішев Абжалел, Ж.Сарыбаев, Қоянбай Қалмырзаев, Сәмит Далдабаев, Ибрагим Әбибуллаев, Мұхитдин Исмаилов.
Осы тоғызының әрбірінің менің көңілімде өзіндік оқшау орны бар. Барлығы бір-бір тұлға шығар. Бірақ барлығына ортақ-адами болмыстарына тәнтімін. Қастарынан бір елі қалмайтын сапардағы серігі-мені өздері шыққан төрде жанына қатар отырғызатын. Кейде жол үстінде қамалаған қалың ойдан қажығандай болғанда менімен бөлісіп, қажет жерінде кеңесіме де құлақ қойып, туған жұрттың төл баласы ретінде білгенімді, құмарта бөлісіп, мақсат-мүдделерін ортаға салудан арланбай, қайта ақыл бөлісуге бейім тұратын мінездерімен аса қадірлі еді. Осындай тұлғаларға адал қызмет жасап, абырой биіктен көрінулеріне қолымнан келгенше көмектессем деп тырыстым. Туған бауырымдай жақын тартып, жақсы аттарына жаманшылық ермесе екен деп тілектес болдым.
Қай жерде де адалдық жақсы екен. Олар маған қандай сенім көрсетсе мен де олардың сенімінен табылсам дедім. Солармен бірдей жүріп, бірдей тұрып, ұйқым да шала, жан тыныштығы дегенді де білмедім. Айналып келгенде, осының барлығы халықтың қамы, елдің жағдайы ғой. Соған менің де азаматтық еңбегімнің сіңгеніне әлі күнге дейін толық өз-өзіме көңілім тасып марқайып отырамын» дейді бүгінде сексеннің төртеуіне келген қария.
Адамның барлығы бірдей. Бірақ оларды бір бірінен артық ететін қасиет қадірі мен мінез құлқы.
Қазір көлік те көп, басшының көлігін жүр­гізетін маман да жетіп артылады. Біз­ге жетіспейтіні, бір-бірімізге қалтқысыз бе­ріл­ген адалдық. Осы орайда бір-бірінің абыройын қорғап, айыбын жабуға келгенде үстіне киген киімі секілді қорғаныш болар сол кезеңдердегі кісілердің қадір қасиеті көз алдымызда көлбеңдеп тұра қалды.
Бүгінгі Әкім ағаның әңгімесінен біз осыны түйгендейміз. Өзі ала таңнан қара кешке дейін көлігімен тасып, сапарлас қана емес, мұңдас та, сырлас та болған, тіпті отбасымен де жақын қарым қатынаста болып бауырдай араласқан аудан басшыларының бірінің де ізін қисық демей ізгі көңілдің ілтипатын аямаған асыл ағаның алғаусыз көңілін көбіміз үшін үлкен ғибрат деп қабылдадық.
Қырық алты жыл бойы аудандық пар­тия комитеті, кейін аудан әкімдігінде абыройлы қызмет атқарған, жүргізушіліктен бөлек өндірістен қол үзбей жоғары білімді дипломды иеленген ағаға басшылық тара­пынан әуелде аудандық автобазаны, одан соң аудандық өрт бөлімін басқаруға ұсыныс түсіпті. Ал бұл кісі басшылық тізгінді қолға алуға өзі құлықты болмаған көрінеді. «Осын­дай сенім білідіргендеріңіздің өзіне көп рақмет» деп жауапты жұмысын одан әрі адал атқаруға бар күш жігерін аямапты Әкім аға.
Азаматты тұғырға көтеретін асыл қағида, -ол тұрақтылық. Міне осы ұстанымды қадір тұтқан ағаның о баста жаны қалаған жүргізушілік қызметімен бүгінгідей абыройға қол жеткізуі заңды. Шүкір, ешкімнен төмен өмір сүрген жоқ. Кең заманның қызығын бір кісідей көріпті. Отбасында Үрия апа екеуі он ұлқыз өсіріп жетілдіріп, барлығына жоғары білім алып берді. Тағдырдың жазмышы шығар, үш қызынан ертерек айырылуы кәрі көкіректе жазылмаған өкініш болып қалды.
Әкім аға қолдағы немересі Ерікұлы Мұхамедиярдың жетістігіне қатты қуанулы. Ол №169 мектептің 8 сынып оқушысы. Сыныптың үздігі. «Баешов Әбдуали атасы сияқты химия ғылымын бағындырып, академик болады» деп мақтан тұтады немересін.
Одан кейінгі кішкентай немересі одан да ыстық. Міне, өмір деген осындайымен қызық қой!
Бұл өмірде Әкім аға шықпаған тау да, тас та, сай да, қырат та жоқ. Бәрі көкірегінде сайрап тұрған қайран аға өткен өмір қайтарымын көргісі келгенде көңіл шіркіннің құлазып қалатыны бар. Көптің ықыласы, ілтипаты осындайда керек екен.
Қай мемлекеттің болмасын алға басуының алып драйвері-автораспорт саласы десек, жарты ғасырға жуық соның тізгінін ұстап, көзін ашқаннан техниканың тілін тапқан Әкім Баешов ағамыздың орны айрықша, құрметі жоғары деп бағалауымыз сондықтан.

Баян ҮСЕЙІНОВА,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
25 маусым 2019 ж. 608 0