Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Еттің бағасы да еселеніп барады...

Еттің бағасы да еселеніп барады...

Базарда қой мен сиыр етінің бағасы – 2 200 теңге, ал жылқы етінің бір келісі – 2600 теңге, фарш – 2700 теңгеден сатылуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті билікке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын қымбаттатпауды тапсырды. Оған құлақ асқан қарашаны байқамадық. Бұның сыры неде? Мәселенің мәнісіне үңіліп көруге тырыстық. Расымен де, мал шаруашылығын дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар аз емес. Көпшілік оның игілігін көріп те жатыр. Әсіресе аймақтағы төрт түліктің үштен бірін құрайтын Жаңақорған ауданында да ет бағасы қалтаға әжептеуір салмақ салуда.

– Расында бізде ет қымбат. Бірақ мал басының көптігімен мақтанамыз. Одан бөлек шаруаларға жағдай жасалып отыр. Мемлекет тарапынан мал аламын, одан пайда көремін, кәсіп көзін табамын деген жанды құр алақан қалдырып жатқан жоқ. Оны мойындау керек. Біздің нарық Түркістан мен Шиелінің базарына тәуелді. Бағаны өзіміз реттеу үшін Жаңақорған ауданында жан-жақты сервистік жағдай жасалған, бәсекеге қабілетті мал базарын ашу керек-ақ, – дейді Нұржан ағай.

Бұл ойды базарда ет сататын сатушылар да қолдайды. Ал, кейбірі болса, қымбатшылыққа қатысымыз жоқ дейді. Сатылған әр еттің келісінен көретін пайдамыз тиын-тебен ғана дегенді алға тартады.
– Ет бағасының өсуіне жол шығынының көбеюі және жемшөп құнының қымбаттауы әсер етіп отыр. Ауылдан мал бордақылап, ауданға әкеліп өткіземін. Тапсырысқа қарай аптасына бір-екі рет келемін. Жылқы етінің келісін саудагерлерге 1 800 теңгеден өткіземін. Бұл – көтерме баға. Салмағын өлшейміз де, тұтастай сатамыз. Мәселен, тайлар 320 000-360 000 теңге болса, байталдар 400 000 теңге, тіпті 420 000 теңгеге дейін шығып жатады. Бағаны өсіріп жібердіңдер деп ренжитіндер көп. Қазір мал байлау оңай емес. Жем қымбаттады. Тоннасына 60-80 мың теңгеге дейін сұрайды. Малды алып келетін көлігіміз сумен жүрмейді, жанармай бағасы да арзандап жатқан жоқ. Бұдан бөлек, зертханадан анықтама алу үшін де қалтадан шығын шығады. Осыдан кейін бағаны көтермегенде қайтеміз? – дейді қасапшы Ержан Нұржігітов.
Ал, қарапайым халықтың ойы басқа, айтары аз еместігін базар жағалаған әрбір тұрғын тілге тиек етуде. Айталық, кент тұрғыны Орынқожа Божбановтың да сөзінің жаны бар.
– Шыны керек, қазір жалақымыздың жартысы етке жұмсалады. Көбіне сиыр етін аламыз. Бұрын 15-20 мың теңгеге біраз ет алуға болатын еді. Қазір бір жапырақ еттің өзі 10 мың теңгеге шығады. Қанша үнемдесең де екі күнде тауысасың. Егер жіліктеп ет алатын болсақ, айына 50-60 мың теңге ақша жұмсайсың. Қазақпыз ғой, тамақтың ішінде қара кесек ет жүрмесе, ішкеніміз бойға сіңбейтіндей, көңілтоқсып тұрады. Үнем болсын деп арасында тауық етін алушы едік, қазір оның өзі 1000 теңгеден асып тұр. Қойы барды құдай сақтаған уақыт болды. Сатушылардан бағаның неге сонша көтеріліп кеткенін сұрасаң, «өзіміз де қымбатқа алып отырмыз, доллар бағасы көтеріліп кетті» деп байбалам салып шығады. «Құдай-ау, етке доллардың не қатысы бар?!» деп біз күңкілдейміз, басқа қолымыздан не келеді, – дейді сатып алушы.

Жәмила ЕРМАХАН
30 қаңтар 2024 ж. 187 0