№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ет бағасы жылда қымбаттайды. Неге?

Ет бағасы жылда қымбаттайды. Неге?

Осы уақытқа дейін ауылшаруашылығы саласын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар ұшан-теңіз. Егін мен мал шаруашылығын субсидиялау және экспорт көлемін арттыру бағытындағы бағдарламаларға қарап Үкіметке алғыс айтуға болады. Яғни ішкі өнімнің көлемі артты, бірақ арзандаған бағаны көрмейсің. Мәселен, ет бағасы жылда қымбаттайды. Неге? Осы мәселе төңірегінде ой жүгіртіп көрдік.

«Байдың асын байғұс қызғаныпты» болмасын, тақырыпты әріден бастайық. Әр ұлттың өзіне тән тағамдары бар. Мәселен, жапондар күрішті, үнділер тауық етін, қытайлар ащы тағамдарды көбірек пайдаланады. Бұл тағамдар олардың қанына сіңген, ағзалары үйренген. Бір жағынан сол елдердің бренд өніміне айналған. Мыңжылдықтар көшінде қазақтар ет тағамдарын тұтынып, негізгі өнімге айналдырды. Бірақ мыңқырған малың болып тұрса дағы, еттің бағасы қымбат. Неге? Осы сауал көп қойылады. Алайда мардымды жауап табу қиын...
2019 жылы еліміз шетелге 53 мың тонна таза ет экспорттады. Ет өнімдерінің экспорты да 10 мың тоннадан асып жығылды. Керемет көрсеткіш, үлкен нәтиже. Әрине қуанамыз, бірақ ішкі нарықтағы еттің бағасын көргенде қуанышымыз көпке бармайды. ...Мал шаруашылығын дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар аз емес.
Біз жалпылама елдегі ахуалды қозғаудамыз. Бұл мәселе Сыр өңірінде де оңып тұрғаны шамалы. Әсіресе аймақтағы төрт түліктің үштен бірін құрайтын Жаңақорған ауданында да ет бағасы қалтаға салмақ түсіреді.
– Расында бізде ет қымбат. Бірақ мал басының көптігімен мақтанамыз. Біздің нарық Түркістан мен Шиелінің базарына тәуелді. Бағаны өзіміз реттеу үшін Жаңақорған ауданында жан-жақты сервистік жағдай жасалған, бәсекеге қабілетті мал базарын ашу керек-ақ, – деді Амантай ақсақал.
Бұл ойды базарда ет сататын сатушылар да қолдайды...
Мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында жоспарланған және іске асырып жатқан инвестициялық жобалардың көлемі 717 млрд. теңгеден асты. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында белгілі болды. «Үкімет мал шаруашылығы өнімдерінің жеткілікті болуына және экспортты ұлғайтуға баса назар аударатын болады. Ірі өңдеуші кәсіпорындардың айналасында, оның ішінде жергілікті өндірушілерге экспорттық процеске қатысуға мүмкіндік беретін трансұлттық компаниялар мен инвесторлардың қатысуымен зәкірлі кооперация ерекше басымдықта болуы тиіс», – деді Үкімет басшысы.
Айтпақшы, Үкімет биыл қаңтар айының соңында шетелдерге тірі малды экспорттауға тыйым салды. «Қазақстан ет одағы» бірлестігі бұл шешімге қарсы тұрып, кәдімгідей шала бүлінді. «Еліміздегі ет бағасының қымбаттауына бұл саладағы экспортың ешқандай әсері жоқ. Бар мәселе алыпсатарлар мен делдалдарда» деген уәждерін алға тартты. Негізінде алыпсатарлардың кінәсі жоқ. Малды қаржысына сойып алады, болмаса біреуден сатып алады да үстіне шамалы ғана теңгесін қойып сатады. Бар болғаны осы.
Жалпы малды тірідей экспортты тоқтату дұрыс шешім деуге болады. Былтыр экспорттық әлеуетті қолына алған аз ғана топ 156 мың тірі малды экспортқа шығарған. Осы тақырыпты тыңғылықты зерттеген «Егемен Қазақстан» газеті қызықты деректі ұсынады. Яғни өткен жылы шетелге экспортталған 156 мың бас ірі қараның 122 мыңы Өзбекстанға жөнелтілді. Сондай-ақ былтыр экспортталған 264 мың қойдың 200 мыңнан астамын өзбек ағайын сатып алды. Бір жыл ішіндегі экспорттың түгелге жуығы тек көрші Өзбекстанға бағытталуының себебі өзбек ағайындары мал басын көбейту жөнінде арнайы бағдарлама қабылдаған. Соған сәйкес, өзбек фермерлері нөлдік пайызбен мемлекеттен арзан несие алып мал басын көбейтуге кірісті.
Ал бізде несиенің пайызын және оны алудың қиындығын айтудың қажеті жоқ. Ал мал басына келгенде келешекте сол ала шапанды ағайынға тәуелді болып қаламыз ба деген ой да келеді.
Қарапайым қағиданы таразылап көрейік, қазір ет комбинаттарының шаруасы оңып тұрғаны шамалы. Көбі бордақылауға бет бұрды. Өйткені мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының басым бөлігі осында жұмсалады. Мәселен, біздің ауданда мал соятын әзірге жалғыз ғана пункт жұмыс жасап тұр. Ал қайтарымсыз грант, несие басқа да қаржы ұйымдарынан алынатын жобаның негізгі бағыты мал бордақылауға жұмсалады. Егер мал тапсырған фермер әр бұқасына шамамен 100 мың теңгедей субсидия алса, ет комбинатына тапсырса, ондай қаржы тимейді. Сондықтан мал тапсырушылардың бәрі қазір бордақылау алаңдарын дұрыс көреді. Соның салдарынан ет комбинаттары қажетті шикізатқа қол жеткізе алмауда. Қыркеңседегі жас кәсіпкер Серік Мырзабаевпен осы туралы сөйлестік.
– Біздің цехта 1000 басқа дейін мал бордақылау, союға мүмкіндік бар. Іс бір жүйеге түсті. Күніне 15-тен аса мал соямыз. Көбіне мекеме мен кәсіпорындардан тапсырыс түседі. Жақын елді мекен тұрғындарына да есік ашық. Ірі қара мен жылқысын соямын деген ағайынға біздің көмегіміз әзір. Халық енді үйрене бастады, – деді цех иесі.
Бір сөзбен айтқада, субсидияның тек бордақылау алаңдарына бөлінуі ет өндеуші кәсіпорындар мен бордақылаушылар арасында осындай теңсіз жағдайдағы бәсекелестікті туындатты. Керек десеңіз, бізде бордақылау алаңдарына жемшөп өсіріп, дайындайтын шаруашылықтар да жоққа тән. Сондықтан алдағы басты міндеттің бірі – субсидия мәселесі қайта қаралғаны жөн.
Жалпы ет экспортының өсуі – сөз жоқ ол да үлкен экономикалық көрсеткіш. Бірақ елдегі еттің бәрін тек экспортқа жөнелтіп, ет комбинаттарын шикізатсыз қалдыру, ішкі нарықта ет тапшылығын тудыру өте ауыр жағдай. Біздің түсінгеніміз осы...


Әли ТЕМІРБЕК
09 маусым 2020 ж. 588 0