№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қымбатшылық қалтаны қағып тұр...

Қымбатшылық қалтаны қағып тұр...


Қымбатшылықтың қысымы апта сайын, тіпті күн сайын үдеп барады. Құбылған бағаны тоқтату былай тұрсын, бір қалыпта ұстап қалудың өзі мұңға айналды. Күнделікті жейтін нанымыздан бастап, азық-түлік, баспана, тауар, қызмет түрлері, бәрі-бәрінің бағасы күннен күнге қосылып, көптің наразылығын қалыңдата түскен тәрізді. Жасыратыны жоқ, бүгінде екі адамның басы қосылса, қымбатшылық мәселесі сөз болады. Бағаны еркіне жіберудің, тәртіп пен қадағалау жоқтықтың салдары бәрі. Кәдімгі нанды алайық. Бүгінде бір жапырақ нан бағасы 120 мен 180 теңгенің арасында.


Ауданда азық-түлік бағасы қандай?

Қазір қарапайым халықтың біразы кедейлік шегінде «шықпа жаным, шықпаның» кебін киіп отыр. Басқа дүниені айтпағанда күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы мың құбылуда.Айталық, ұн 14000 теңге, сұйық май 3800 теңге, 10 келі еті 1 айға 22000 теңге, 10 келі картоп 2000 теңге, 10 келі сәбіз 2000 теңге, құмшекер – 10 келі 3000, күріш – 5 келі 3000 теңгені құрайды. Міне, айлық жалақыңыз осы қажеттілігіңізден бөлек бір нәрсеге артылмайды. Сол сияқты сүт өнімдері де 20-30 пайызға дейін қымбаттаған.

Ұлттық статистика бюросы таратқан мәлімет­ке сүйенсек, азық-түлік нарығында бағаның айтарлықтай өсуі байқалады. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы өткен жылдың мамыр айымен салыстырғанда 17,9%-ға өсті. Биыл мамыр айының басынан бері азық-түлік құны 0,7%-ға қымбаттаған. Ал 5 айда 16,3%-ға өскен. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішіндегі ең қымбаты – тұздалмаған сары май, сиыр еті және сүзбе.
Бір жағынан жұмыссыздық орын алып, екінші жағынан азық-түлік бағасының шарықтап өсуі әлеуметтік ахуалды ауырлата түсері алаңдатады. Елімізде азық-түлік бағасының өсіп кетуіне бір жағынан Ресей нарығындағы тапшылықтың да әсері бар, дейді зерттеуші мамандар. Біздегі ауылшаруашылығы мамандарының айтуынша, ресейлік сатып алушылардың сұранысы арта бастағаннан-ақ, ішкі нарықта картоп жеткізу көлемі тым төмендеп кеткен. Бүгінгі күні картоптың көтерме саудадағы құны 160 теңгені, ал дүкенде 200 теңгені құрап отыр. Өйткені, Ресей еліне көкөністің күнделікті қаншама тоннасы кетіп жатыр. Халық не жесе жесін, өзіміз осы науқанды пайдаланып, байып қалайық дегеннің кебін киіп отырғандар, өз еліне бүйректерін бұрмай отырғаны өкінішті. Сүт өнімдері де едәуір өсіпті. Қаймақ, ірімшік дегендердің енді жеңсік асқа айналатын түрі бар. Себебі, сүттің литрі 350 теңге, құрттың келісі 4000-4500 мың теңге, қолдың майы 3500-4000 мың теңге.
Сұранысқа ие болып отырған, азық-түлік тауарлары оңтүстік өңірлерде де қымбаттай түскен. «Зейнетақымыз көбейді, айлығымыз өсті» деп қуанып жүрген қарапайым тұрғындарға бұл баға ауыр тиіп отыр. Азық-түлік жыл басына қарағанда әлдеқайда қымбаттаған. Мысалы, жарма – 10-12 %, макарон өнімдері – 18,6%, ет және еттен жасалған тағамдар – 10 %, жеміс-көкөніс өнімдері, яғни картоп, пияз және қырыққабат 74%-ға қымбаттаған. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне әр түрлі жағдайлар себеп болып отыр дейді мамандар. Мысалы, ұнның қымбаттауы азық-түліктік астықтың босату бағасының өсуінен болса, жармалардың қымбаттауы астық өнімінің төмен болуынан туындап отырғанын және Ресейдегі бағаның көтерілуінен деп топшылайды. Дегенмен, елімізде ұн бағасының көтерілуі ақылға сыймайтын жайт. Себебі, дәл қазір біздегі ұн өндірісінің көлемі ішкі тұтыну мөлшерінен екі есеге жоғары екені баршаға белгілі. Онымен қоса, әлемдік ұн нарығында алдыңғы орында тұрмыз. Енді аудандағы бағаны бағамдасақ, бүгінде кент орталығында азық-түлік сататын ірі-ірі сауда орындары аз емес.
Оның әрбіріне арнайы бас сұғып, азық-түлік бағасын саралап көрдік. Әсіресе сұйық май, жұмыртқа мен нан өнімдерінің бағасы расымен де қымбат. Мұны сауда орнында азық-түлік алып жүрген кент тұрғыны Айжамал Божбанбаева жеткізді:
– Міне, 5 литр сұйық майды 4150 теңгеге, бір дана жұмыртқаны 55 теңгеге алып тұрмын. Мына немерем тәтті жегісі келгесін, бір түйір кәмпитті 300 теңгеге алдым. Осыдан бір жыл бұрын 150-180 теңгеге алушы едік. Не деген сұмдық, барлығы қымбаттап кеткен. Мына бір жапырақ нанның бағасы 180 теңге. Бір жанға бір күнге бір нан жетпейді. Өйткені, бір күлшені екі сындырасың болды. Осыдан-ақ, бағаның өскенін анық байқауға болады. Рас мұғалімдердің айлығы өскенімен, көп салада айтарлықтай жалақыда өсім байқалмайды. Сондықтан жеке кәсіп иелері халықтың да жағдайын ойлағаны дұрыс, – деп ойын ашық айтты.
Ал, екі тәшкіні қатарластырып сүйрелеп, ішін азық-түлікке толтырып жүрген анаға еріксіз жақындауыма тура келді. Жасы алпысқа таяған ақ жаулықты ана Дәрия Тұрсынбаева жолдасының жылдық асын беруге дайындалып жатыр екен. Ол кісіге де көкейдегі сауалымызды қойған едік.
– Дәстүр салтын сақтаған халықпыз. Өмірден өткен отағасының жылдық асына балаларыммен бір ортадан қаражатты жинақтадық. Қазір қолымда бір миллион ақша бар. Біз соның өзін жете ме, жетпей ме деп алаңдап отырмыз. Өйткені, орташа бір жылқының өзін 380 мың теңгеге алып отырмыз. Қалған 620 мың теңгені дастарханға жеткізуіміз керек. Міне, қараңызшы 1000 мың теңгеден кәмпит жоқ. Ең арзаны 1500-1600 теңге. Ал, өрік-мейіз 4000-5000 мың теңгеден кем емес. Оны қоймасаң тағы болмайды. Бұл өзі азық-түлік бағасын қадағалайтын арнайы мамандар бар ма өзі? Бар болса неге жұмыс жасамайды?, – деп бізді сан сауалдың астына алды.

Еттің бағасы еселеніп барады...

Сонымен қатар, еттің бағасы да шарықтап кеткен. Базарда қой мен сиыр етінің бағасы – 2 400 теңге, ал жылқы етінің бір келісі 2600 теңге, фарш 2700 теңгеден сатылуда. Еттен бөлек, күнделікті жейтін нанымыздан бастап, азық-түліктің барлық түрі қымбаттап, көптің наразылығын қалыңдата түскен тәрізді. Құбылған бағаны арзандату былай тұрсын, бір қалыпта ұстап қалудың өзі мұңға айналды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті билікке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын қымбаттатпауды тапсырды. Алайда, оған құлақ асқан қарашаны байқамадық. Бұның сыры неде? Мәселенің мәнісіне үңіліп көруге тырыстық.
2022 жылы еліміз шетелге 53 мың тонна таза ет экспорттады. Ет өнімдерінің экспорты да 10 мың тоннадан асып жығылды. Керемет көрсеткіш, үлкен нәтиже. Әрине қуанамыз, бірақ ішкі нарықтағы еттің бағасын көргенде қуанышымыз көпке бармайды. Мал шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Жангелді Мырзахановтың айтуынша, асылтұқымды мал өсіріп отырғандардың дені – олигархтар мен бай-манаптар. Мемлекеттен қомақты субсидия алатындар да солар. Сондықтан да олардың малы күйлі. Етті экспортқа шығарып, қымбат сатып отырғанда да солар. Олар жеке өз мүдделері үшін жұмыс істеп отыр. Олар ішкі нарыққа жұмыс істемейді деген өткір ойын айтып-ақ жүр.
Расымен де, мал шаруашылығын дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар аз емес. Көпшілік оның игілігін көріп жатыр. Әсіресе аймақтағы төрт түліктің үштен бірін құрайтын Жаңақорған ауданында да ет бағасы қалтаға әжептеуір салмақ салуда.
– Расында бізде ет қымбат. Бірақ мал басының көптігімен мақтанамыз. Одан бөлек шаруаларға жағдай жасалып отыр. Мемлекет тарапынан мал аламын, одан пайда көремін, кәсіп көзін табамын деген жанды құр алақан қалдырып жатқан жоқ. Оны мойындау керек. Біздің нарық Түркістан мен Шиелінің базарына тәуелді. Бағаны өзіміз реттеу үшін Жаңақорған ауданында жан-жақты сервистік жағдай жасалған, бәсекеге қабілетті мал базарын ашу керек-ақ, – деді Амантай ақсақал.
Бұл ойды базарда ет сататын сатушылар да қолдайды. Ал, кейбірі болса, қымбатшылыққа қатысымыз жоқ дейді. Сатылған әр еттің келісінен көретін пайдамыз тиын-тебен ғана дегенді алға тартады.
– Ет бағасының өсуіне жол шығынының көбеюі және жемшөп құнының қымбаттауы әсер етіп отыр. Ауылдан мал бордақылап, ауданға әкеліп өткіземін. Тапсырысқа қарай аптасына бір-екі рет келемін. Жылқы етінің келісін саудагерлерге 1 800 теңгеден өткіземін. Бұл – көтерме баға. Салмағын өлшейміз де, тұтастай сатамыз. Мәселен, тайлар 320 000-360 000 теңге болса, байталдар 400 000 теңге, тіпті 420 000 теңгеге дейін шығып жатады. Бағаны өсіріп жібердіңдер деп ренжитіндер көп. Қазір мал байлау оңай емес. Жем қымбаттады. Тоннасына 60-80 мың теңгеге дейін сұрайды. Малды алып келетін көлігіміз сумен жүрмейді, жанармай бағасы да арзандап жатқан жоқ. Бұдан бөлек, зертханадан анықтама алу үшін де қалтадан шығын шығады. Осыдан кейін бағаны көтермегенде қайтеміз?, – дейді қасапшы Ержан Нұржігітов.
Ал, қарапайым халықтың ойы басқа, айтары аз еместігін базар жағалаған әрбір тұрғын тілге тиек етуде. Айталық, кент тұрғыны Сәуле Башарова есімді ананың сөзінің жаны бар.
– Шыны керек, қазір жалақымыздың жартысынан көбі етке жұмсалады. Көбіне сиыр етін аламыз. Бұрын 15-20 мың теңгеге біраз ет алуға болатын еді. Қазір бір жапырақ еттің өзі 10 мың теңгеге шығып кетеді. Қанша үнемдесең де екі күнде тауысасың. Егер жіліктеп ет алатын болсақ, айына 50-60 мың теңге ақша жұмсайсың. Қазақпыз ғой, тамақтың ішінде қара кесек ет жүрмесе, ішкеніміз бойға сіңбейтіндей, көңілтоқсып тұрады. Үнем болсын деп арасында тауық етін алушы едік, қазір оның өзі 1000 теңгеге жетіп жығылды. Сатушылардан бағаның неге сонша көтеріліп кеткенін сұрасаң, «өзіміз де қымбатқа алып отырмыз, доллар бағасы көтеріліп кетті» деп байбалам салып шығады. «Құдай-ау, етке доллардың не қатысы бар?!» деп біз күңкілдейміз, басқа қолымыздан не келеді, – дейді сатып алушы.

Дәріханада дәрі қымбат...

Қазір күздің қоңыр салқын уақыты. Басым көпшілігі жөтеліп, тұмаумен күресіп жатыр. Әсіресе, жас нәрестелер арасында өте көп. Осындай уақытта, дәрінің құны дес берер емес. Мәселен, осыдан бір жыл бұрын аспиринді 120-140 теңгеге алсақ, қазіргі бағасы 240- 260 теңге аралығында. Парацетамол да осы жобалас. «Терафлю» мен «Тайлол» 350-400 теңгеден сатылса, қазіргі бағасы 300-350 теңгенің үстінде. Екі баланың біріне қажет хилак-форте 6800, антибиотиктер 2000 – 6000 мыңнан аралығында. Біз білетін ыстықты түсіретін санаулы дәрілердің бағасының құны осындай. Республика бойынша 3000-нан аса емдік дәрілердің бағасына мониторинг жүргізген мамандар 2842 дәрінің бағасы қымбаттағанын анықтады. Мамандар мұның қолдан жасалып отырғанын ашық айтты. Әсіресе, балалы үйдің дәрісіз отырмайтынын ескерсек, дәрі алуға көп қаражат жұмсаймыз. Менің түсінгенім, егер тұмауратып ауыра қалсаңыз, кемінде қалтаңызда 35-40 мың теңге болуы тиіс. Тақырыпқа тұздық болсын, дәріхана маңында жүрген тұрғындар пікірін білмек ниетте “Дәрі-дәрмектің бағасын қалтаңыз көтере ме?” деп сауалнама жүргізіп көрдік. Басым көпшілігі “Күнделікті алып жүрген дәрілерге жоқ дегенде 200-300 теңге қосылғанын, тіпті бір ай бұрынғы бағаның басқа болатын” деген жауаптарды естідік. Расында, ауырып шипа іздесеңіз алдымен қалтаңыз қалың болуы маңызды. Бұл тұрғындар пікірі.

Жанар-жағар май бағасы
жаға ұстатады...

Елдегі жанармай бағасы біршама өсті. Жаңақорғанда 179 теңгеден сатылып келген АИ-92-нің литрі бір күнде 202 теңгеге бір-ақ секірді. Бензин қымбаттаса, базардағы азық-түліктің бағасы тағы да көтерілетіні анық. Бұл біздің өңірдің әлеуметтік ахуалына өте ауыр тиетіні сөзсіз. Себебі, қарапайым халықтың қазіргі жалақысы орташа есеппен алғанда 70- 80 мыңның айналасы. Тіпті зейнетақы мен жәрдемақыға күні қарап отырғандар қаншама. Бізде бензин бағасы өссе, таксидің құны да қымбаттайды. Міне, бензин көтеріліп еді, такси бағасы 150 теңгеге өсті. Сонда жұмыс істейтіндер күніге жол ақысына 600 теңгеге шығынданады деген сөз. Ал, Маи бекеті, Саяжай мөлтекауданынан көліктерге екі есе бағада пұл төлейміз.
Жалпы, ауданда не көп, такси көп. Көшеде жүйткіген кез-келген көлікке қол көтерсеңіз такси қызметін көрсетуге дайын, ақысын төлесеңіз. Бірақ сансыз таксидің санаулысында ғана патент бар. Яғни, мемлекетке салық төлеп, заң аясында жұмыс жасайды. Осы ретте, таксидің ауыларалық, қалааралық жолақысын білу мақсатымен такси тұрақтарына арнайы бардық. Жаңақорған кентінен Қызылордаға дейін 2500 теңге, Түркістанға дейін 1500- 2000 теңге, Шиеліге 1000 теңге болса, Төменарыққа 600 теңге, Бірлікке 500 теңге, Қосүйеңкіге 700 теңге, Қандөзге дейін 1200 теңге, осылай кете береді. Дұрыс, кез келген көлік жанар-жағар маймен жүреді. Бірақ, май қымбаттады екен деп бірден такси құнын өсіруге болмайды ғой.
Ақиқатында, баға бағамын нарықтың өзі реттейді десек те, баға бас бермес асаудың күйін кешулі. Ай емес, апта бұрынғы бағаның өзі құбылып тұр. Қарапайым халық әлбетте базардағы саудагерлерді кінәлайды. Алайда, саудагерлердің де өз уәжі бар. Яғни, доллардың күннен-күнге өсуін алға тартады. Дейтұрғанмен, отандық өнімдерге доллардың қандай қатысы бар деген заңды сауал туындайды. Сайып келгенде, нарықтың талабы өз алдына, ынсапты ұмыту өз өмір сүрген ортамызда мәселелердің туындауына әкеліп соқтырып жатыр. Өзі қиналмауын тілейтін әркім өзгенің де жайын дәл өзіндей қабылдаса хал-күйіміз де кері кетпесі анық. Базардың бағамын бағамдап осындай ой түйдім.

Әсел РЗАЕВА
31 қазан 2023 ж. 318 0