№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ет бағасы еркіне кетті

Ет бағасы еркіне кетті

 
               

Елдің ішінде отырған көпшілік етті түсінде көретін жағдайдың алдында тұр. Базарда қой мен сиыр етінің бағасы – 2 400 теңге, ал жылқы етінің бір келісі 2600 теңге, фарш 2700 теңгеден сатылуда. Еттен бөлек, күнделік жейтін нанымыздан бастап, азық-түліктің барлық түрі қымбаттап, көптің наразылығын қалыңдата түскен тәрізді. Құбылған бағаны арзандату былай тұрсын, бір қалыпта ұстап қалудың өзі мұңға айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті билікке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын қымбаттатпауды тапсырды. Алайда, оған құлақ асқан қараны не қарашаны байқамадық. Бұның сыры неде? Мәселенің мәнісіне үңіліп көруге тырыстық.

2022 жылы еліміз шетелге 53 мың тонна таза ет экспорттады. Ет өнімдерінің экспорты да 10 мың тоннадан асып жығылды. Керемет көрсеткіш, үлкен нәтиже. Әрине қуанамыз, бірақ ішкі нарықтағы еттің бағасын көргенде қуанышымыз көпке бармайды. Мал шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Жангелді Мырзахановтың айтуынша, асылтұқымды мал өсіріп отырғандардың дені – олигархтар мен бай-манаптар. Мемлекеттен қомақты субсидия алатындар да солар. Сондықтан да олардың малы күйлі. Етті экспортқа шығарып, қымбат сатып отырғанда да солар. Олар жеке өз мүдделері үшін жұмыс істеп отыр. Олар ішкі нарыққа жұмыс істемейді деген өткір ойын айтып-ақ жүр.
Расымен де, мал шаруашылығын дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар аз емес. Көпшілік оның игілігін көріп жатыр. Әсіресе аймақтағы төрт түліктің үштен бірін құрайтын Жаңақорған ауданында да ет бағасы қалтаға әжептәуір салмақ салуда.
– Расында бізде ет қымбат. Бірақ мал басының көптігімен мақтанамыз. Одан бөлек шаруаларға жағдайды жасап отыр. Мемлекет тарапынан мал аламын, одан пайда көремін, кәсіп көзін табамын деген жанды құр алақан қалдырып жатқан жоқ. Оны мойындау керек. Біздің нарық Түркістан мен Шиелінің базарына тәуелді. Бағаны өзіміз реттеу үшін Жаңақорған ауданында жан-жақты сервистік жағдай жасалған, бәсекеге қабілетті мал базарын ашу керек-ақ, – деді Амантай ақсақал.
Бұл ойды базарда ет сататын сатушылар да қолдайды. Ал, кейбірі болса, қымбатшылыққа қатысымыз жоқ дейді. Сатылған әр еттің келісінен көретін пайдамыз тиын-тебен  ғана дегенді алға тартады.
– Ет бағасының өсуіне жол шығынының көбеюі және жемшөп құнының қым­баттауы әсер етіп отыр. Ауылдан мал бордақылап, ауданға әкеліп өткіземін. Тап­сы­рыс­қа қарай аптасына бір-екі рет келемін. Жылқы етінің келісін саудагерлерге 1 800 тең­геден өткіземін. Бұл – көтерме баға. Салмағын өл­шейміз де, тұтастай сатамыз. Мә­селен, тайлар 320 000-360 000 тең­ге болса, байталдар 400 000 теңге, тіпті 420 000 теңгеге дейін шығып жатады. Бағаны өсіріп жі­бердіңдер деп ренжитіндер көп. Қа­зір мал байлау оңай емес. Жем қым­баттады. Тоннасына 60-80 мың тең­геге дейін сұрайды. Малды алып ке­ле­тін көлігіміз сумен жүрмейді, жа­нармай бағасы да ар­зан­дап жат­қан жоқ. Бұдан бөлек, зертханадан анықтама алу үшін де қал­тадан шы­ғын шығады. Осыдан кейін бағаны көтермегенде қай­теміз?, – дейді қасапшы Ержан Нұржігітов.
Ал, қарапайым халықтың ойы басқа, айтары аз еместігін базар жағалаған әрбір тұрғын тілге тиек етуде. Айталық, кент тұрғыны Сәуле Башарова есімді ананың сөзінің жаны бар.
– Шыны керек, қазір жалақымыздың жартысынан көбі етке жұм­салады. Көбіне сиыр етін аламыз. Бұрын 15-20 мың теңгеге біраз ет алуға болатын еді. Қазір бір жапырақ еттің өзі 4-5 мың теңгеге шығып кетеді. Қанша үнемдесең де екі күнде тауысасың. Егер жіліктеп ет алатын болсақ, айына 50-60 мың теңге ақша жұмсайсың. Қазақпыз ғой, тамақтың ішінде қара кесек ет жүрмесе, ішкеніміз бойға сіңбейтіндей, көңілтоқсып тұрады. Үнем болсын деп ара­сында тауық етін алушы едік, қазір оның өзі 900 теңгеге жетіп жығылды. Сатушылардан бағаның неге сонша көтеріліп кеткенін сұрасаң, «өзіміз де қымбатқа алып отырмыз, доллар бағасы көтеріліп кетті» деп байбалам салып шығады. «Құдай-ау, етке доллардың не қатысы бар?!» деп біз күңкілдейміз, басқа қолымыздан не келеді, – дейді сатып алушы.
Сарапшылардың пікірінше, көпбалалы шаңырақтар басқа шы­ғындардың көптігіне байланысты етті үнемдеп жеуге тырысады. Отба­сы­ның өзге қажеттілігіне қаржы жету үшін мал етінің орнына құс етін тұтынатындар, еттен мүлдем бас тар­туға мәжбүр болғандар да көп. Әлем­дегі етті көп тұтынатын мемле­кет­тер тізімінде жыл өткен сайын төмен түсіп бара жатқанымыз сон­дық­тан. Бүгінде бұл тізімде Люксембург көш бастап тұр. Бұл елдің халқы жылына жан басына шаққанда 125 келі мал етін жейді екен. Одан кейін­гі орында АҚШ – 123 келі. Үштікті 122 келі көрсеткішпен Австралия түйін­дейді. Демек, қазақтардың ет жеу жөнінен қарқыны төмендеп бара жатқанына бұл бір дәлел. Жаңа Зе­ландияның төртінші орын алуы заң­дылық, мал шаруашылығы жақсы да­мыған, жері кең, жайылымы жеткі­лікті, импортты жолға қойған. Ха­лық саны 5 миллионға жетпейтін ел­де 40 миллионнан астам қой, 9 мил­лион бастан асатын сиыр бағы­лады екен. Испания, Израил, Франция аядай аумақта орналасқан мемлекеттер де біздің алдымызда. Оның үстіне бұл елдер мал етінен бөлек құс етін, теңіз өнімдерін ең көп тұты­на­тындар тізімінде тұр.
              Қазақстан халқы етсүйер ел­дер­­дің алғашқы ондығына енеді. Статистика комитетінің хабарлауынша, біз­дің халық жылына жан басына шақ­қанда орта есеппен 78 келі мал еті мен ет өнімдерін тұтына­ды. Бұл – Люк­сембург, АҚШ, Жаңа Зеландияда желінетін ет көлемінен екі еседей төмен көрсеткіш. Қалта көтерсе, қол жетсе, қазақ ет жеуден бас тартсын ба? Тіпті, ұлттық статистика бюросы мынадай қызықты мәлімет (2021 жылдың 2 тоқсанының қорытындысы бойынша) таратты. Мәселен, еліміздің бір тұрғыны ай сайын орташа есеппен 6,75 келі ет жейді екен. Етті ең көп тұтынатын өңірлер үштігіне Қарағанды (7,97 келі), Алматы (7,96 келі) және Атырау (7,68 келі) облыстары кіреді. Етті аз жейтін аймақтарға Шымкент (4,1 келі), Түркістан облысы (4,94 келі), Қызылорда облысы (5,47 келі) жатады. Бір тұрғыны ай сайын 6,73 келі ет және ет өнімдерін тұтынатын Нұр-Сұлтан қаласы бұл рейтингте 12-ші орында тұр екен.
              Сонымен, айына небәрі 5 келі ет жейтін  халімізге 2023 жылдың аяғында ет бағасы тағы қымбаттайды деген болжам расталатын болса, етті түсімізде көретін жағдайға келтіретін түрі бар. Себебі жем-шөп пен жанар-жағармайдың құнының өсуі еттің бағасына әсер етеді дейді мамандар. Отандық фермерлер қазірдің өзінде осы жағдайды ескеріп, қолындағы бар малын жаппай сатуға шығаруда. Бағаны өсірудің негізгі факторы – фермерлердің жем-шөпке жұмсаған шығыны. Мәселен, 2022 жылдың қазанынан биылғы маусым айына дейін арпаның бір тоннасының құны 53 мың теңгеден 95 мың теңгеге дейін қымбаттаған. Үшінші кластағы бидайдың құны 87 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін өсіпті. Бәріне себеп – егін түсімінің аздығы. Бидай мен арпамен қатар кәдімгі шабындықтағы шөптің де бағасы өсті. Қалалық жерлерде бір көлік тіркемесіне тиелген шөпті 20 мың теңгеге пұлдаса, ауылдық жерлерде оның құны 35-40 мыңға дейін жетті. Осыны көріп отырған фермерлер малдың басын азайтуға кірісті. Соның нәтижесінде сұраныстың артуы бағаға жағымсыз ықпал етуде. Бұл, әсіресе, мал басын тікелей саудалауда анық байқалып отыр.
Демек, әзірге нарық бағасының арзандамақ түгілі, бағаның өспей, қалыпты күйде тұруына күмән басым деген сөз. Тіпті, ай емес, апта бұрынғы бағаның өзі құбылып тұр. Жыл басындағы алғашқы айда бағасы аспандап кеткен азық тізбесінде ет пен сүт өнімдері көшбастап тұр.  Төрт түлік малды қазына санайтын қазақ халқы үшін сүт өнімдері ерекше қастерлі. Бірақ сол сүт бағасының өз елімізде тым қымбат болуы түрлі ойларға жетелейді. Тіпті, елімізде өндірілетін сүттің және сүт өнімдерінің қымбат болуы түсініксіз жағдай. Ең өкініштісі, қаңтар айында дүкен сөрелеріндегі сүт бағасы 17,5 пайызға қымбаттаған. Биылғы жылы 1 литр шикі сүттің бағасы 250 теңгені құрады. Ал пастерленгені 8 пайыздай қымбаттап, 550-600 теңгеге жетті. Сол себепті сүттен жасалатын өнімдердің құны да шарықтап кеткен.  Мысалы, қаймақ бағасы бір жылда 8,5 пайызға көтерілсе, сүзбенің бір келісі 3500 теңгеге жетті. Ал ірімшіктің 1 келісі орта есеппен 4000-4500 теңге. Сары майдың да бағасы 12 пайызға қымбаттап, 4000 мың теңгеден сатылуда.
Анығына келгенде, бағаның қымбаттауы қарапайым халықтың наразылығын тудырмауы мүмкін емес. Айлық табысы аз отбасылардың, көп балалы аналардың қалтасы бұндай соммаға шамалары келмесі анық. Дегенмен балалары аш қалмау үшін қолы жеткен азықты сатып алады. Жалпы айтқанда, азық-түлік бағасы жыл сайын қымбаттамаса, арзандар емес.  Халықтың жан-айқайын естір құлақ болса қане? Мезелі мәселе оң шешімін тапса нұр үстіне нұр болары анық.

                                                                                                                                                 Әсел Рзаева
14 маусым 2023 ж. 129 0