№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорғанда тары өсіру жолға қойылған

Жаңақорғанда тары өсіру жолға қойылған


Әне-міне дегенше, ел етек-жеңін жинап, дала жұмыстары демін басып, табысты таразалайтын шаққа таяды. Ендігі кезекте бүгінгі таңға дейін ауданның егін саласы бойынша, оның ішінде тары саласына қатысты атқарылған істердің легін тарқатсақ.


Аудандық ауылшаруа­шы­лығы және жер қатынастары бөлімінің бас агроно­мы Дәурен Абибуллаевпен байланы­сып, мән-жайды бағамдадық.
– Биылғы жылы егіннің жайы жаман емес. Оның ішінде тары 276 гектарға егілді. Оның ішінде Көктөбе ауылы – 90 гектар, Қандөз ауылы – 80 гектар, Қаратөбе ауылында – 60 гектарға тары егілді. Жалпы, Қандөз ауылындағы агроаймақтың көлемі 60 гектар. Былтырғы жылы 35 гектар жерге жоңышқа егілген болатын, бұл және жердің тозуына байланысты. Қаратөбедегі арнайы аймақ 47 гектарды қамтиды. 10 гектар бақша дақылын 2 адам баптап-қарауда, – дейді сала басшысы.
Алғашқы кездері Қандөз ауылдық округінде агро-индустриялық аймақ құрылады дегенге сенген адамдар аз болды. Судың іргесінде тұрса да, аяқ су шықпайды. Бұл мәселе аудандық бюджеттен қаржы бөліп, арнайы мотор орнатумен шешілді.
– Бізде агроаймақтың көлемі 60 гектарды құрайды. Тұрғындар 40 гек­тарына тары дақылын орналастырып, 5 гектарына қарбыз екті. Онымен қоса 200 гектар жерді тағы да агроаймаққа алған болатын. Оның 80 гектар жерін үкімет есебінен қоршап алдық. Онда тары өсіруге басымдық беріліп, 30 адам маусымдық жұмысқа тартылды. Биыл 80 гектар жерге тары егуде. Ауыл тұрғындары үйіргелік жерге еккен қияр, қызанақ, картоп, сәбізді агро-индустриялық аймаққа баратын сумен суарып отыр. Агроаймақ ауылдағы ағайынды еңбекке ұйыстырды, – дейді Қандөз ауылдық округінің әкімі Кеңес Оразбеков.
Жаңақорған – аграрлық аудан. Халқы егін егуге бейімделген. Тек нақты бағыт-бағдар көрсетсе, еңбек майданын­да шыңдалуға дайын. Қандөздегі ағай­ынның айтуынша, жердің құнарына қарай гектарына бірнеше қап тары алуға болады. Суы қанық, жері тың болса, гектарына 80-90 қап өнім жиясыз. Айта кетсек, бүгінде «Қандөздің» сөгі мен талқаны біздің аймақ қана емес, өзге өңірлерде де сатылып жүр.
– Жерге дәнді қалай септің, сол күн­нен бастап 90 күн уақыт өту керек. Үш ай­дан соң ғана тарыға орақ салу­ға болады. Қол орақпен ору керек, өйткені, піскен тары өзге дақылдай емес, қауызынан төгілуге дайын тұрады. Ала жаз бойы алты рет суарып, құстан қорып, әбден қырман­ға бастырғанша бейнеті көп қой. Бірақ, осы тарының сөгі мен талқаны адамға ерекше күш-қуат береді. Дәрумен көп мұнда. Бала күннен әке-шешемізге көмектесіп, тары ектік. Сол кәсіпті біз де жалғастырып келеміз. Бүгінде ауылдағы ағайынға ауылдық округ әкімі Кеңес Оразбеков қолдау көмек көрсетіп келеді. Биыл жетінші жыл игілігін көргелі отырмыз. Өз басым, биыл агроаймақтан 5 гектар жер алып, тары ектім. Оған қосымша қауын, қарбыз, қартоп, сәбіз бар. Бәрі бала-шағаның несібесі үшін. Бізге жерден несібемізді айыруға мүмкіндік жасап отырған аудан басшыларына алғыс білдіремін. Жыл сайын дәстүрден жаңылмай тары егіп, несібемізді алып жатырмыз, – дейді Қандөз ауылының тұрғыны Ержан Асанов.
Диқанның сөзінің жаны бар, расын­да тарының денсаулыққа пайда­сын ғалымдар әлдеқашан дәлелде­ген. «Кес­пе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деген сөз бар. Осы мақсатта, жерден ризық-несібесін табуға ниет­ті адамдарға арнайы аймақтан жер беріліп, су жеткізілді. Бұл мүмкіндік­ті ұтымды пайдаланған қандөздіктер дақыл түрлерін егіп, одан мол өнім алу жолында еңбектенуде.

Әсел Рзаева
10 қазан 2023 ж. 269 0