№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жайылманың жаймашуақ тірлігі

Жайылманың жаймашуақ тірлігі



Жаңақорған – аграрлы аудан. Төрт түлігі түгел, егіні жайлы, малшы қауымының қызметі қауырт, диқандардың еңбегі адал. Соңғы жылдардағы су тапшылығына қарамастан аудан шаруалары өнім өндіруде жақсы көрсеткіш көрсетіп келеді. Күріштен бөлек, мал азығын дайындауда, бақша өнімдерін өндіруде облыста озық ауданның біріне айналдық. Ал, мал басы жөнінен еңсеміз тік, аймақ төрт түлігінің 3-тен бірі бізге тиесілі. Ауданның 95 жылдығына орай төл басылым төріне ауылшаруашылығы саласында салмағы басым, үлгі бола алатындай үш ауылдың тыныстіршілігін түгендеуді жөн көрдік. Әрине, барлық ауылдың еңбегі өз алдына, біз тек ауқымды жұмыстардың жүгінде жүрген ауылдарды сараладық. Сыр беткейден Қожакент, тау беткейден Жаманбай батыр және Төменарық аймағынан қарбызы бренд болып қалыптасқан Жайылма ауылын нысанаға алдық. Қалған ауылдарды да рет-ретімен қаламымызға іліктіретін боламыз.
Ел нарығында өзіндік брендін қалыптастыра алған Жайылманың қарбызы осы күндері Ресейге жөнелтілуде. Биыл да экспорттың тынысын ашатын жайылмалық диқандардың еселі еңбегі көзге ерекше түсті. Бұрындары аудан базарына бүйрек бұрып тұратын шаруалар енді көбіне экспортты қанағаттандыруға барын салуда. Одан қалды Ақтөбе, Астана қалалары мен Солтүстік өңірлерді де жиі бетке алуда 220 шаңырақ, 1527 тұрғыны бар ауылдың таңы егінжай басында ағарып, күні төрт түліктің қарбаласымен ұясына қонады.
Бұл ауыл бір кәсіпті қолдап, барлық ағайын бала-шағасымен ерте көктемде егіс басынан табылып, жаздың соңына дейін қара жерге маңдай терін төгеді.
Қарбыздың қыр-сырына қанық ауылдағы әрбір отбасы кем дегенде 1 гектардан өнім алуға тырысады. еңкеңдеген қариясынан жетектегі баласына дейін қарбыздың хал-ахуалын білетіндігімен Сыр өңірінің брендін қалыптастырды. “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автожолынан ауылға бұрылған тұстан жолдың қос қабатында қыбыр-жыбыр тіршілікті тамашалауға болады. Қауын мен қарбыздан бөлек жоңышқаның да жайқалып тұрғанын аңғару қиын емес. Осы көрініске куә болу үшін арнайы жолға шықтық. Әр жерден егінші қауым төбе көрсетіп қояды. Жастары болса бірбір мотоцикл мініп алып, ауыл мен егіс арасында шапқылап жүр. Соңымыздан ілескен жүк көлігі шабындыққа бет алып, егін арасына қойып кетті. Қарбыз тиеп, өзге өңірге экспорт жасауға келген көрші облыстың тұрғындары екен. Қарбыздың алғашқы легі нарыққа жөнелтіліп, екінші шығымы енді пісіп жатыр екен.
Ауыл әкімі Әліби Саттаровпен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелестік. – Биылғы өнімнің шығымы жақсы, нарықтағы сұранысты қанағаттандырар түрі бар. Жалпы 550 гектар бақша өнімдерінің дәнін жерге тастадық. Басым көбі қарбыз дақылы. Алғашқы терім Қостанайға, Елорда төріне, батыс аймақ пен көрші Ресей еліне жөнелтілуі заңдылық.Ондай кейінгі лек көршілес өңірлерге жол тартады. 38 шаруа қожалық болса, барлығы егін саласына әбден төселген. Сондықтан, біз күткен өнім ойдағыдай болады. Бұйырса, жыл сайын егістік көлемін кеңейтуге жұмыс жасаймыз, себебі, тұрғындар саны да жылдан жылға көбеюде. Оның үстіне біздің негізгі тіршілігіміз осы саламен тығыз байланысты, – деді әкім. Былтыр жауын-шашын мен қардың аз түсуі Сыр беткейдегі диқандарға ғана емес, тау беткейдегі малшы қауымға егіншілерге де оңай тимегені анық. Қоймалардағы аз жиналған судың салдарынан көкөніс, бақша дақылдарының көлемі азайып кету қаупі туындаған болатын. Бұл тіршілігін егін шаруасымен түзеп келе жатқан елді мекендер, әсіресе Жайылма ауылы тұрғындарының уайымын қалыңдатты. Бірақ тығырықтан шығудың жолын білетін ауыл еңбеккерлері дәстүрлі ізді қайта жалғап, керіз жүйесін уақыт оздырмай іске қосып, нәтижесінде жақсы өнімге қол жеткізді. Биыл тау беткейдегі ауылдардың хал-ахуалы жақсы деуге болады. Өйткені су қоймаларының арнасы толды. Мәселен, Жайылмадағы Жиделі, Ақүйіктегі Көлтоған, Жаманбай батырдағы Бесарық су қоймаларында диқандар мен шопандар пайдалануға жетерлік тіршілік нәрі бар. Бірлік ауылы тұсындағы агроаймақ пен Жайылманың қарбызы да аяқсудан тарықпады. Былтыр су болмай, керіз суын пайдаланып, мол өнім алған дала еңбеккерлерінің шаруасы ширады. – Жалпы аудан бойынша қарбыздың көлемі 2000 гектарға жетті. Оның ішінде, жайылмалық диқандардың үлесі 500 гектардан асады. Негізі ауылдағы 14 шаруашылық басымдықты бақша өніміне, көбіне қарбызға береді. Биылғы өнімнің бастамасы нәтижелі басталды. Жерге еткен еңбек жерде қалмайды, – дейді ауданның бас агрономы Даурен Абибуллаев. Жылда астығы шет ел асып, экспорттың көркін қыздыратын шаруалардың бірі «Жиделі» қожалығының иесі Бағдат Мұсатаев: – Көшеттеп егу тәсілімен егілген қарбыздардың алғашқы 1 гектарынан 30 тонна қарбыз өнімін ала бастадық. Келісін 90 теңгеден пұлдап отырмыз, көлікке өздері тиеп, солтүстік өңірлерге жол тартуда. Шүкір, жаман емес, бұйырса еңбек өтеліп, бейнеттің зейнетін көруді Алла жазсын. Ең бастысы, биыл аяқсудан тарықпадық, қалғанын уақыт көрсетер, – дейді. Иә, маңдай тердің ақталғаны шаруаның шабытын ширатып, еңбегін еселей түседі. Жалпы аудан орталығында пұлданып жатқан қауынқарбыздың ішінде жайылмалық өнімнің дәмі бөлек, бағасы да қолжетімді. Өнімнің дәмді болуының да өзіндік құпиясы бар. Қарбыз егетін жер ауысып отырады. Яғни жылда жусандықты ашып, қорамен қоршалап, су жеткізіп, жерді өңдеп, дақыл дәні жерге тасталады. Ол жерге жусандық қайтадан шығуын күтеді. Бұған 10 жылдай уақыт кетеді.
Бұл – өзгермейтін қағида. Себебі жусан жерді минералды қорек заттарымен байытып, тыңайтады. Екіншіден, қарбыз тау өзенінен келетін таза судан нәр алады. Шыны керек, ауылшаруашылығы саласында тың идея туындаса, ол Жайылмадан шығады. Рас, бірер жыл бұрын қарбыз егудің тәсілдерін үйрету, шырын сығатын цех ашу талабы болды. Былтыр керіз жүйесін іске қосып, жақсы жетістікке жетті. Шыны керек, ауылшаруашылығы саласында тың идея туындаса, ол Жайылмадан шығады. Рас, бірер жыл бұрын қарбыз егудің тәсілдерін үйрету, шырын шығаруды жолға қойды. Былтыр керіз жүйесін іске қосып, жақсы жетістікке жетті. «Бір ауыл – бір кәсіп» қағидатына сай келетін Жайылма округінде жаңалық аз емес, тек уақыт керек.
Ауыл әкімі Әліби Саттаров пен ауылдағы ағайынның келешек ұрпақ үшін бірлесе еңбек етіп жатқаны өзгелерге өнеге деуге болады. Бақша өнімдеріне басымдық беретін ауыл халқы соңғы жылдары мал азығын дайындауға бет бұра бастады. Өйткені, ауылдың екінші тынысы мал шаруасымен тығыз байланысты, сондықтан Сыр беткейге мойын бұрғаннан ауылда өнім өндірген тиімдірек дейді жайылмалықтар.
Міне, жайылмалық жұрттың бір күндік тіршілігі осылай өрбуде. Жайылмалықтар егіннен бөлек мал шаруасына да көбірек дем беруде. Ауылда құрама жем дайындайтын шағын цех та бар. Мұхтар Оспанов ағамыз аудандағы жалғыз кәсіпті дөңгелетіп, барлық елді мекен нарығын реттеп отыр. Сол секілді енді келешекте қарбыздың суынан шырын дайындайтын зауыттың ашылуын күтіп жүр. Ол уақыттың еншісіндегі шаруа, ең бастысы, ауылда жұмыссыздық мәселесі шешілген.
Қорыта айтқанда, сәуірдегі сәтті тіршілік тамызға дейін толық өнім береді, ырысты арттырып ауылдағы ағайын несібесін Жер-Анадан еселеп алуға ниетті. Көктемнің бір күні – жылға азық. Осы қағиданы ұстанған диқандардың қажырлы қызметі көңіл қуантады. Ең бастысы, адал еңбектің өтеуі бар, бұл шаруаларды ширатып, үлкен дем беретіні анық.

                                                                                                                                                Әлібек ТЕМІРБЕК
15 шілде 2023 ж. 182 0