№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жайылманың қарбызы нарықта

Жайылманың қарбызы нарықта


Сыр өңірінің брендіне айналған Жайылма қарбызының алғашқы легі экспортта. Көшті қарбызды ерте көктемде көшеттеп отырғызған шаруалар бастап, әзірге елдің Солтүстік өңіріне өнімдерін жөнелтті. Таудың мөлдір суынан нәр алып, жусанды далада пісіпжетілген қарбыздарды, облыс тұрғындары ғана емес ресейліктер де асыға күтетіні рас. Бұл жолы көшті бастаған «Жиделі» шаруа қожалығының шаруалары болды.

   Биыл тау беткейдегі ауылдардың хал-ахуалы жақсы деуге болады. Өйткені су қоймаларының арнасы толды. Мәселен, Жайылмадағы Жиделі, Ақүйіктегі Көлтоған, Жаманбай батырдағы Бесарық су қоймаларында диқандар мен шопандар пайдалануға жетерлік тіршілік нәрі бар. Бірлік ауылы тұсындағы агроаймақ пен Жайылманың қарбызы да аяқсудан тарықпайды. Былтыр су болмай, керіз суын пайдаланып, мол өнім алған дала еңбеккерлерінің шаруасы ширады.
 – Жалпы аудан бойынша қарбыздың көлемі 2000 гектарға жетті. Оның ішінде, жайылмалық диқандардың үлесі 500 гектардан асады. Негізі ауылдағы 14 шаруашылық басымдығы бақша өніміне, көбіне қарбызға береді. Биылғы өнімнің бастамасы нәтижелі басталды. Жерге еткен еңбек жерде қалмайды, – деді ауданның бас аграномы Даурен Абибуллаев.
  Жылда астығы шет ел асып, экспорттың көркін қыздыратын шаруалардың бірі «Жиеділ» қожалығының иесі Бағдат Мұсатаевпен  байланыстық. Биыл 80 гектарға еккен өнімі нарыққа жол жүре бастады. Диқаншы Әбдіманап Нышанбаевты да әңгімеге тартып, қызу тірлікті сұрадық.
  – Көшеттеп егу тәсілімен дән тасталған қарбыздардың алғашқы 1 гектарынан 30 тонна қарбыз өнімін ала бастадық. Келісін 90 теңгеден пұлдап отырмыз, көлікке өздері тиеп, солтүстік өңірлерге жол жүруде. Шүкір жаман емес, бұйырса еңбек өтеліп, маңдай терлі бейнеттің зейнетін көруді Алла жазсын. Ең бастысы, биыл аяқсудан тарықпадық, қалғанын уақыт көрсетер, – деді еңбек адамы.
  Иә, еңбектің ақталғаны шаруаның шабытын ширатып, еңбегін еселей түседі. Биылғы науқан осылай басталды, қырманның басында жүрген ауыл әкімі Әліби Саттаров да сүйіншілей түскендей бізбен байланысып, бірер күнде дала базарының қазаны қайнайтынын жеткізді.  Жалпы аудан орталығында пұлданып жатқан қарбыз дәмді шығар, бірақ жайылмалық өнімнің дәмі бөлек, бағасы да қолжетімді. Өнімнің дәмді болуының да өзіндік құпиясы бар. Қарбыз егетін жер ауысып отырады. Яғни жылда жусандықты ашып, қорамен қоршалап, су жеткізіп, жерді өңдеп, дақыл дәні жерге тасталады. Ол жерге жусандық қайтадан шығуын күтеді. Бұған 10 жылдай уақыт кетеді. Бұл – өзгермейтін қағида. Себебі жусан жерді минералды қорек заттарымен байытып, тыңайтады. Екіншіден, қарбыз тау өзенінен келетін таза судан нәр алады.
  Былтыр жауын-шашын мен қардың аз түсуі Сыр беткейдегі диқандарға ғана емес, тау беткейдегі малшы қауыммен бірге егіншілерге де оңай тимегені анық. Қоймалардағы аз жиналған судың салдарынан көкөніс, бақша дақылдарының көлемі азайып кету қаупі туындаған болатын. Бұл тіршілігін егін шаруасымен түзеп келе жатқан елді мекендерге, әсіресе Жайылма ауылының тұрғындарының уайымын қалыңдатты. Бірақ тығырықтан шығудың жолын білетін ауыл еңбеккерлері дәстүрлі ізді қайта жалғап, керіз жүйесін уақыт оздырмай іске қосып, нәтижесінде жақсы өнімге қол жеткізді.
Шыны керек, ауылшаруашылығы саласында тың идея туындаса, ол Жайылмадан шығады. Рас, бірер жыл бұрын қарбыз егудің тәсілдерін үйрету, шырын шығаруды жолға қойды. Былтыр керіз жүйесін іске қосып, жақсы жетістікке жетті.
«Бір ауыл – бір кәсіп» қағидатына сай келетін Жайылма округінде жаңалық аз емес, тек уақыт керек. Бақша өнімдеріне басымдық беретін ауыл халқы соңғы жылдары мал азығын дайындауға бет бұра бастады. Өйткені, ауылдың екінші тынысы мал шаруасымен тығыз байланысты, сондықтан Сыр беткейге мойын бұрғаннан ауылда өнім өндірген тиімдірек дейді жайылмалықтар.
Айта кететіні, жайылмалық қарбыздар Сыр нарығына жақын күндері шығады. Әзірге егін басынан көрші аймақ шаруалары тиеп кетуде. Сондықтан, бренд өнімге де қол жеткізуге, тұтынуға аз ғана уақыт шыдасақ болғаны.
  Қорыта айтқанда, сәуірдегі сәтті тіршілік тамызға дейін толық өнім береді, ырысты арттырып ауылдағы ағайын несібесін Жер-Анадан еселеп алуға ниетті. Көктемнің бір күні – жылға азық. Осы қағиданы ұстанған диқандардың қажырлы қызметі көңіл қуантады. Ең бастысы, адал еңбектің өтеуі бар, бұл шаруаларды ширатып, үлкен дем беретіні анық. 

Әлібек Жарықбаев
21 маусым 2022 ж. 394 0