» » МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ЕЛДІГІМІЗДІҢ ЕҢСЕЛІ БЕЛГІСІ

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ЕЛДІГІМІЗДІҢ ЕҢСЕЛІ БЕЛГІСІ



Тәуелсіз Қазақстанның айбынын асқақтатып, әлемге танытып тұрған басты құндылықтардың бірі – мемлекеттік рәміздер. Көк Ту, айшықты Елтаңба және асқақ Әнұран – халқымыздың тарихын, рухын, мәдениетін және болашаққа деген сенімін бейнелейтін қасиетті нышандар. Олар – мемлекетіміздің егемендігін айқындайтын ғана емес, ұлттың бірлігі мен тұтастығын дәріптейтін ерекше құндылықтар.
Жыл сайын 4 маусым күні елімізде Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтеді. Бұл күн – әрбір қазақстандықтың жүрегінде патриоттық сезімді оятып, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыратын маңызды мереке. Өйткені мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігінің айқын көрінісі, азаттықтың символы.
Қазақ халқы ғасырлар бойы азаттықты аңсап, тәуелсіздік жолында талай қиындықты бастан өткерді. Сан қилы сынақтардан сүрінбей өткен еліміз егемендігін жариялаған соң, дербес мемлекеттің басты белгілерін қалыптастыру мәселесі күн тәртібіне шықты. Осылайша 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы ресми түрде бекітілді. Кейін сол жылдың желтоқсан айында Мемлекеттік Әнұран қабылданды. Бұл тарихи шешімдер жас мемлекет үшін аса маңызды қадам болды.
Осы ретте аудандық қоғамдық даму бөлімінің маманы Қалжан Нұржанмен тілдескен едік.
– Мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау жөніндегі аудандық іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан көлемінде мемлекеттік рәміздерді дәріптеу, тұрғындардың рәміздерге деген құрмет сезімін қалыптастыру мақсатында Мемлекеттік рәміздер жөніндегі аудандық комиссия тұрақты жұмыс атқаруда. Жыл басынан бері мемлекеттік рәміздерді насихаттау бағытында әлеуметтік желілерде, жергілікті «Жаңақорған тынысы» газетінде және ресми интернет-ресурстарда барлығы 41 ақпараттық материал жарияланды. Сонымен қатар, елді мекендердің негізгі көшелерінде мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған 19 тақырыптық билборд орналастырылды, – дейді ол.
Мемлекеттік мекемелерде рәміздердің стандарт талаптарына сай қолданылуын қамтамасыз ету жұмыстары қоғамдық даму бөлімі арқылы орталықтандырылған тәртіппен жүзеге асырылуда. Аудан көлеміндегі мемлекеттік мекемелердегі рәміздердің жай-күйі тұрақты бақылауда.
Мемлекеттік рәміздердің жағдайын зерделеу мақсатында мониторингтік топ жыл басынан бері екі рет тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 101 мемлекеттік мекеме қамтылды. Анықталған кемшіліктер дер кезінде жойылып, тиісті талаптарға сәйкестендірілді. Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында музейде, кітапханаларда және халық шығармашылығы орталықтарында “Менің туым-менің мақтанышым”, “Туған жерім менің–Қазақстаным” және өзге де тақырыптарда көрмелер мен мәдени-көпшілік шаралар өткізілуде. Мерекелік іс-шаралар аясында Мемлекеттік Тумен 100-ге жуық спортшы мен жастардың қатысуымен автошеру және велошеру ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, аудандық кітапханалар желісінде тақырыптық лекциялар өткізіліп, мәдениет мекемелерінде түрлі форматтағы 15-тен астам мәдени-танымдық шара ұйымдастырылатын болады. Жалпы, аудан көлемінде мемлекеттік рәміздердің мәртебесін арттыру, оларды кеңінен насихаттау және тұрғындардың патриоттық сана-сезімін нығайту бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жалғасуда, – дейді Нұржан Қалжан.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ашық аспанның, бейбітшіліктің және тұрақтылықтың белгісі. Көк түс халқымыздың бірлігі мен татулығын білдірсе, алтын күн мен қыран құс еркіндік пен жарқын болашақтың символына айналды. Ал ұлттық өрнек қазақ халқының бай мәдени мұрасын паш етеді.
Елтаңба – мемлекетіміздің тарихи тамыры мен рухани байлығын бейнелейтін ерекше рәміз. Оның ортасындағы шаңырақ – ортақ үйіміз Қазақстанның бірлігі мен берекесінің белгісі. Шаңырақтан тараған уықтар елдің ынтымағы мен тұтастығын көрсетеді. Ал қанатты пырақтар халқымыздың арман-мұраты мен биік мақсаттарын бейнелейді. Ал Мемлекеттік Әнұран – ел рухын көтеретін, жүректерге жігер беретін қасиетті шығарма. Халықаралық жарыстарда көк Туымыз көкке көтеріліп, Әнұранымыз шырқалған сәтте әрбір қазақстандықтың кеудесін мақтаныш сезімі кернейді. Бұл – туған елге деген сүйіспеншіліктің, ұлттық мақтаныштың айқын көрінісі.
Бүгінде Қазақстанның көк байрағы әлемнің көптеген елдерінде желбіреді. Олимпиада ойындарында, әлем чемпионаттарында, халықаралық форумдар мен маңызды кездесулерде еліміздің рәміздері биіктен көрініп келеді. Қазақтың көк Туы ғарышқа көтеріліп, әлемнің ең биік шыңдарында желбіреді. Мұның барлығы тәуелсіз Қазақстанның жетістігі мен абыройының белгісі.
Мемлекеттік рәміздер жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде де ерекше орын алады. Балабақшадан бастап мектептер мен жоғары оқу орындарында рәміздерге құрмет көрсету дәстүрі қалыптасқан. Бүлдіршіндердің Әнұранды мақтанышпен орындауы, оқушылардың Туға құрметпен қарауы олардың бойында елге деген сүйіспеншіліктің ерте жастан қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Рәміздерді құрметтеу – әр азаматтың конституциялық әрі азаматтық міндеті. Өйткені олар жай ғана белгі емес, тәуелсіздіктің тұмары, елдіктің айнасы. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – Отанға деген құрметпен тең. Бүгінгі таңда Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны халқымыздың мақтанышына айналып отыр. Олар өткен тарихымызды ұлықтап қана қоймай, болашаққа бастар жарқын жолымызды айқындайды. Сондықтан қасиетті рәміздерімізді қастерлеу, олардың мәні мен маңызын жас ұрпаққа насихаттау – баршамызға ортақ міндет. Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің еңсесін тіктеген, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеген қасиетті құндылықтар. Олар мәңгілік ел болуға ұмтылған халқымыздың асқақ рухын әлемге таныта бермек.
ӘселРЗАЕВА
03 маусым 2026 ж. 44 0