№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Диқандар дән риза

Диқандар дән риза


Жайылманың қарбызы ел нарығын түгендеп, көрші Ресей еліне экспортталуда. Диқаншылардың айтуынша биыл да еңбек еш кетпеді, тек соңғы күндері баға күрт төмендеп, шаруаларға сәл соққы болуда. Дегенмен, бренд өнім жерде қалмайды деген сенімдеміз. Осындай қызу жұмыс төрінде жүрген жайылмалықтардың тыныс-тіршілігін білу үшін ауылға жол тарттық. Қарбалас тіршіліктегі тұрғындарды мазаламай бұл жолы диқаншы Абай Көрпебаевтың егісін нысанаға алдық.


«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күрежолының бойынан ауылға бұ­рылар тұста көше саудасы қызу жүруде. Көліктердің қарасы аз емес, өйткені Жайылманың қарбы­зын алуға құмар жұрт сауданы қыздыруда. Сырттай бақылап, тұты­нушыларды сөзге тарттық.
– Түркестан қаласынан жұмыс барысымен Сыр өңіріне келе жатқан бетім. Біздің өңірде де қарбыздың түр-түрі бар. Дәмі де тамаша, бірақ Жайылманың қарбызы ел аузында болған соң арнайы тоқтаған түріміз. Керемет, еңбеккерлердің ісіне береке берсін, – деді Алтай есімді ағамыз.
«Етікші етікке жарымайды» де­мекші, бір қызығы аудан орта­лығында жайылмалық диқан­дар­дың өнімін кездестіру тым қиын. Тіпті жоқ деуге болады. Оны да саралармыз кейін. Сонымен ауылға да келдік. Жол бастаушы ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Икрам Абуов шаруалардың еңбегі жайлы құлақ-қағыс етті.
– Жайылма қарбызымен танымал ауылда жыл өткен сайын бақша дақылдарын ерте пісірудің әдісін дамытуды жолға қойдық. Оның тиімді әдісі – көшеттеп егу. Оңтүстік өңірден келген тәжірибені кәсібімізге идірдік. Нәтижесі жаман емес, – деді жауапты маман.
Жалпы аудан бойынша қар­быздың көлемі 2000 гектарға жетті. Оның ішінде, жайылмалық диқандардың үлесі 500 гектардан асады. Негізі ауылдағы 14 шаруа­шылық бақша өніміне, көбіне қар­бызға басымдық береді. Биылғы өнімнің бастамасы нәтижелі. Солар­дың қатарында Абай Тұрсынбайұлы да бар. Осыдан 4 жыл бұрын ауылда алғаш рет қарбыздың жаңа тұқымын егіп, мол өнім жинады. Ол ауылда бұрын егілмеген «Фарао Ф1» деп аталатын голландиялық ұрықты жерсіндірді. Әуелі 1 гектар аумаққа тәжірибе ретінде еккен қарбызы санаулы күнде «қазан» болды. Себебі, элиталы қарбыз түріне нарықта сұраныс жоғары. Сопақ пішінді қарбызды ауылдастары ауызекі тілде «қозы қарбыз» деп атап кеткен. Өйткені, сопақша қарбыз жерде томпиып жатқан қозыға ұқсайды екен.
– Негізі диқаншылық біздің отбасылық кәсіп. Атакәсіпті арқау еткелі 20 жылдан асты. Ризық-несібемізді осы жерден табамыз. Үйдегі жеңгең ерте көктемде бақша өнімдерінің тұқымын сатумен айналысады. Содан маған: «Фарао Ф1» деп аталатын голландиялық тұқым бар екен. Алайда жай тұқымнан бағасы он есе қымбат. Ал, өнімі жақсы» деп кеңесін айтты. Шынында жай қарбыздан ерекшелігі көп екен. Элиталы тұқым болғандықтан нарықта сұраныс жоғары болды. Бірақ, оны уақытша тоқтатып, қайта өзіміз үйренген қарбызға көштік.
– Биылғы өнім қалай болды?
– Биыл да жаман болмадық. Ерте көктемде жерге дән тастап, қарбызды алғашқылардың бірі болып нарыққа жөнелттік. Келісін 50-60 теңгеден пұлдағанбыз, қазір 35 теңгеге дейін түсті. Бастапқыда Ақтөбеге, кейіннен Ресейге артып жібердік. Биыл тоннасына 50-60 гектардан өнім алдық, негізі 2 гектар аумаққа қарбыз, сосын жоңышқа және тәжірибе ретінде 1 гектарға картоп егіп көрудемін. Тек картопты кеш егіп қойғанымыз болмаса, жалпы шығымы жақсы.
Былтардан бастап ауылдағы ағайын мал азығына мән бере бастады. Өйткені, қарбыздың науқанынан кейінгі күнкөріс мал шаруасы болғандықтан кейін, Сыр беткейге жол жүрмей, ауылдана-қ жем-шөпті қажетіне жаратуға дайын. Жем демекші, ауылда Мұхтар Оспанов үш жылға жуық ауылдан құрама жем шығаратын шағын цехын іске қосқан болатын.
Үнемі ізденісте жүретін Абай биыл алғаш рет гектарлап картоп егуде. Жоғарыда айтқандай, қарбыздың өзге тұқымын жерге тастаса, енді қара жерге картопты егіпті. Біз егін басынан Абай ағамызды достарымен және қолғанаты болып жүрген ұлымен жолықтырдық. Картоптың түбіндегі арам шөптерін жұлып, астын қопсытуға дайындауда екен. Биыл картоп көңілдегідей болса келер жылы көлемін көбейтіп, нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Өте орынды, өйткені, карбызбен тоқтамай, басқа да өнімдерге бет бұрғаны құба-құп. Иә, еңбек адамының әрбір сәті бағалы, күні-түні егісінің басында жүретін жандардың адал еңбегі қашанда құрметке лайық.
Жалпы биыл тау беткейдегі ауылдардың хал-ахуалы жақсы деуге болады. Өйткені, су қоймаларының арнасы толды. Мәселен, Жайыл­мадағы Жиделі, Ақүйіктегі Көлтоған, Жаманбай батырдағы Бесарық су қоймаларында диқандар мен шопандар пайдалануға жетер­лік тіршілік нәрі бар. Бірлік ауылы тұсындағы агроаймақ пен Жай­ылманың қарбызы да аяқ судан тарықпады. Былтыр су болмай, керіз суын пайдаланып, мол өнім алған дала еңбеккерлерінің шаруасы ширақ.
Қазақта «егін ексең – ебін тап» дейтін тәмсіл бар. Абай ағамыз секіл­ді бақша өнімін әртараптанды­рып, нәр беріп, мол өнім алғаны еңбек­тің ақталғаны. «Жерге еткен еңбек, жерде қалмайды» деген осы.

Әлібек ТЕМІРБЕК
18 қазан 2023 ж. 535 0