№71 (8782) 7

07 қыркүйек 2024 ж.

№70 (8781) 3

03 қыркүйек 2024 ж.

№69 (8780) 30

30 тамыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 

ҮреЙ мен үміт



Қатерлі ісік. Бүгінде көпшілігі бұл диагнозды өмірдің ақырына балайды. Бізді ғана емес, күллі адамзатты алаңдатқан аты жаман дерт жабысқан жанды әбігерге салып қоятыны белгілі. Осы тақырыпты қозғай отырып, бұл тажал аурумен күресуге бола ма, ауруын жеңгендер бар ма, алдын алу үшін не істеу қажет деген сұрақтардың жауабын табуға тырыстық. 
Соңғы уақыттары табиғаттың керi өзгерiстерге ұшырап, ауаның ластануы адам өмiрiне үлкен қатер төндiруде. Мұнай өндiру, жер байлықтарын ретсіз пайдалану, зауыттардың шамадан тыс көптеп салынуы экологияның ластануына жол ашып жатыр. Айталық, біздің ауданның өзінде күкірт қышқыл зауыты, уран өндірісі бәрі-бәрі тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізіп отырғаны анық. Үлкен кісілер сөз арасында “Баяғы адамдар ауырмайтын еді. Бүгінгілердің бәрі әлсіз, жастар әлжуаз” дегенді жиі айтып жатады. Бұрындары ата-бабаларымыз жаз жайлауда биесiн байлап, қымызын iшiп, жас малдың етінен сорпа ішіп, денсаулықтарына аса зиян келтірмеген. Бірақ, ол мамыражай заман көзден бұл-бұл ұшты. Қазіргі уақытта, құнарсыз тағамдармен уланып өмiр сүру жасы тым қысқарып барады. Жасы егде тартқандар ғана емес, уылжыған жастардың өзінде қаназдық, ұйқышылдық, аурушаңдық, йод жетiспеушiлiгi тәрiздi аурулардан бөлек, депрецияға шалдығу, стресске түсу сынды жүйкенің әлсіздігі сан алуан дерттердің көбеюіне ықпал етіп отығаны сөзсіз.
Статистикалық мәлiметтерге зер салсақ, мамандар жылма-жыл қауiптi iндет қанатын кеңге жайып келе жатқанына дабыл қағып, сан алуан дәйектер келтiрiп, адам баласының салауатты өмір салтын ұстануды насихаттап-ақ келеді. Әлбетте, бұл біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде, өкінішке қарай, онкологиялық аурулардың түрі де, оларға шалдыққан науқастардың саны да көбеюде. Көптеген адамдардың бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік береді. Оларды емдеуге жыл сайын миллиардтаған қаражат бөлінеді. Жыл сайын ол қаражат көлемі біршама арттып-ақ келеді. Алайда, дертіне дауа іздегендер азаяр емес. Сол себепті де, аудандық аурухананың онколог дәрігері Аян Мырзахановпен тілдесіп, жан-жанқты ақпаратқа қанық болдық.
– Онкологияға шалдығудың нақты себебін атап айту қиын. Адам ағзасында күнделікті жаңа жасуша пайда болғанда өз қызметін атқарып біткен жасуша физиологиялық тұрғыда жойылады. Осы үрдіс барысында ДНҚ, РНҚ құрылымдарында мутацияға ұшыраған жаңа код пайда болады. Сол код жаңа түзіліп жатқан жасуша қызметінің бұзылуына әкеледі. Қатерлі ісіктің қайдан пайда болатынын дөп басып айту қиын. Қатерлі ісіктің пайда болғаны, өкінішке орай, адамға бірден білінбейді. Тек ісік өскен кезде, жан-жағындағы үлкен жүйке талшықтарын, тамырларын немесе асқазан, тік ішек, т.б. секілді ағза мүшелерінің саңылауын жапқан кезде ғана байқалады. Қатерлі ісіктің пайда болу ошақтарының бірі - созылмалы аурулар. Сондықтан созылмалы ауруларды уақытылы емдеткен дұрыс. «Аурудың алғашқы пайда болған кезін рак инцито деп атайды, бұл І-сатыға жетпеген кезең. Ал І сатыда обыр тек кілегейлі қабықта болады, ІІ сатыда ол келесі қабатқа өтеді. ІІІ-ІV сатыларда обыр түйінге айналып, тарай бастайды. Алғашқы екі сатысында емдеп жазуға әбден болады. Бірақ, науқастардың 30%–ы асқынған кезде, бізге келеді. Қатерлі ісіктің І сатысындағы науқастардың 95% емдеп жазуға болады, ал ІІ сатысындағылардың 80-90 пайызы емделуге мүмкіндігі бар. ІІІ сатысындағы науқастарда да ота сәтті жасалып, өз уақытысында ем алса, жазылуы ғажап емес. Ал дерттің IV сатысындағы науқастарға ота жасалып, олардың өмірін ұзартуға барынша жағдай жасалады. Асқындырмас үшін үнемі тексеруден өтіп тұру керек. Егер скринингке жатпайтын түрі болса, жылдам профилактикалық тексерістен өту қажет. Тері, қалқанша безі мен сүт безінің обыры кішірек кезінде көрінеді. Ол мүлде науқасты мазаламауы мүмкін. Бірақ, оларды мұқият қарап, тексерсе бірінші сатысынан-ақ табуға болады.
– Бүгінде біздің аудандағы ахуал қандай? Өткен жылдармен салыстырғанда шағымданатындар көбейді ме, әлде азайды ма?
– Бүгінде аудандық ауруханада 400 ге жуық адам тіркеуде тұр. Олардың басым көпшілігі әйел азаматшалар екен. Яғни, сүт безі мен жатыр мойыны қатерлі ісігі. Ал, ер кісілерде қуық асты безі мен асқазан ішек жолдарында жиі кездеседі. Өткен жылдарға қарағанда ауданда науқастар көбейіп жатыр. Тіпті, жастардың арасында да жиі кездесіп жатыр. Бізге шағымданып келген науқастарды, толық тексеруден өткіземіз. Егер қандай да бір күдік болатын болса, керекте яғни МРТ, КТ, Онкомаркер сынды анализдер тапсырады. Тексерістің қорытындысымен Қызылорда қаласына жібереміз. Егер онкологиялық белгілер анықталса, сол жақтан ем түрі тағайындалады. Науқастың ауру түріне, жағдайына қарай химиялық, сәулелік немесе операциялық ем түрлерін тағайындап, науқаспен жүйелі жұмыс жүргізіледі.
– Аты жаман сырқат көпті алаңдатуда. Бұл кесел асқынғанға дейін өздігінен белгі бермейтіні анық. Жалпы, сырқатқа шалдығудың басты себептері не?
– Ең алдымен өмір сүру салты. Күнделікті қолданатын заттарымыз, азық-түлік, дұрыс тамақтанбау, зиянды заттарды тұтыну, тағы сол сияқтылар әсер етеді. Сондай-ақ, ол генетикалық, яғни тұқым қуалайтын факторлар. Кесел кейде тұқым қуалаушылық арқылы әкеден немесе анадан берілуі мүмкін. Бұл бір қандас туыстар арасында да кездесетін дерт. Созылмалы сырқатқа шалдығып, әлсіреген организм өзгеріске тез түседі. Иммундық жүйе ағзаны кеселден қорғай алмағанда онкологияға шалдығу қаупі жоғарылайды.
– Аян Мұхтарұлы, осы кеселдің алдын алуға бола ма?
– Әрине, алдымен саламатты өмір салтын барынша ұстану керек. Дене шынықтыру, таза ауада серуендеу, көп қимылдаған да жақсы. Жылына бір рет толық тексеруден өтіп, яғни сырқаттың алдын алып, кеселді бастапқы санатта анықтауға барынша мән беру керек. Сол үшін дәрігерлік тексерілуге немқұрайды қарамаған жөн. Адам скринингтен өтуден нысаналы топқа жатса, тұрғылықты жері бойынша жатыр мойны обыры, сүт безі қатерлі ісігі, тік және тоқ ішек обырларының алдын алу және ерте анықтау үшін тексеруден өткізуге міндеттіміз. Сонымен қатар, туғандарыңызда қатерлі ісік анықталса, тереңдетілген тексеруден өтуге қорықпай барғаныңыз дұрыс. Табиғи аспен тамақтануды дағдыға айналдырған жөн. Балаларды, тіпті өзіңізді түрлі гаджеттерден, интернет желісінен алшақтатып, уақытты тиімді өткізуді қалыптастырған жөн.
– Аурудың емі – саудың сәлемі. Осы орайда дертке шалдыққан адамдарға қандай кеңес бересіз?
– Дәрігерге дер кезінде қаралу арқылы аурудың қаупін азайта алады. Егер дер кезінде скринингтік зерттеулер жүргізілсе, онкологиялық аурулардың басым бөлігін ерте анықтауға болады. Дертті дер кезінде анықтау ем-домның нәтижесін арттырып, пациенттердің өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Кейбір азаматтар онкология диспансеріне жіберген кезде қорқып, 3-4 ай немесе 1-2 жылға дейін бармай, аты жаман ауруды өздері өршітіп алады. 1-2 жыл жүргеннен кейін қатерлі ісікті тоқтату қиын, ары қарай өсе береді. Басқа бір факторлар әсер ететін болса, тіпті қиын. Кейбір науқастар ісікті қыздырады немесе массаж жасайды. Қатерлі де, қатерсіз де ісіктерді олай үгіп, уқалап (массаж жасап), басқа нәрселермен қыздыруға мүлдем болмайды. Ондайда қатерлі ісік өрши береді. Өршіген сайын жасалған емнің де тиімділігі төмендей береді. Науқастар дәрігерге обырдың жаңа басталып келе жатқан сатысында келетін болса, тағайындалған емнің тиімділігі, нәтижесі жоғары болады. Кез келген адам жылына бір рет скринингтен өтуі керек. Скрининг – шағын болса да ең қажетті деген тексерулерден тұратын зерттеулер кешені. Көпшіліктің тегін жасалатын осы тексерулерден өтпейтіні жасырын емес. Оның себебі – адамдар жаман хабар естуден қорқып дәрігерге қаралмайды. Дегенмен ауруды ерте анықтаған жағдайда оны емдеу де оңай болатынын ұмытпаған жөн. Иа, онколог дәрігерден егжейтегжейлі мағлұмат алдық. Онкология - өмірдің соңы емес.
Дәрігердің айтуынша, өзінде ісік барын білген кейбір жандардың салы суға кетіп, тіпті отасы сәтті шықса да, болашаққа деген үмітін сөндіріп тастайды екен. Сол үшін барлық онкологиялық орталықта психолог мамандары жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Олар науқастарға обырдың алғашқы сатысынан бастап, отаға дейін де, отадан кейін де арнайы дәрістер өткізеді.
Енді, көпшілік арасында дәстүрлі медицинадан шипа көргендер де аз емес екен. Сондықтан да, ауданымыздағы «Әмина» емдеу орталығының негізін қалаушысы Қамажай Мұратқызымен кезігіп, әңгімелестік.
– Қазіргі медицина мен дәстүрлі медицинаның тепе-тең келе жатқан уақыты. Күн өткен сайын дәстүрлі медицинаға жүгінетіндердің қатары көбейді. Неге десеңіз, ағзаға ешқандай зиян келтірмей, сауықтырып жатырмыз. Онкологиялық ауру дегеніміз біздің ағзамыздағы ортефиялық клеткалардың оянуы ғой. Ол барлық ағзада кездеседі. Кез келген адамның ағзасында бір нәрсе дұрыс болмаса, белгілі бір белгі береді. Сол уақытта бей-жай қарамау керек. Әсіресе, әйел адамдарда өте көп кездеседі. Өйткені, әйел затының жүрегі нәзік, кез келген жағдайды шынайы қабылдайды. Мысалы, жолдасымен немесе күйеуімен келіспей қалады. Одан бөлек, әлеуметтік желіге кіріп, айналадағы адамдардың өміріне қарап, өзін бейшара сезінеді. Жұрттың бәрі бақытты, тек өзін ғана бақытсыз сезініп, депрессияға түсіп кетеді. Депрессия мен стресс ағзадағы клетканы оятып жіберуі әбден мүмкін. Егер бізге науқас атаулы дертпен келсе, алдымен тексеріп, консультация береміз. Яғни, науқастың ағзасын тексеріп, жағдайын анықтап, содан кейін ғана ем жүргіземіз. Адам ағзасында биологиялық белсенді нүктелер болады. Сол нүктелерге сүлік салу арқылы, аурудан айығуға сеп болып жатырмыз. Расында, «Ауру келді дегенше, әлек келді десеңші»,– деген тәмсіл бар.
Сондықтан саламатты өмір салтын сақтап, табиғи таза өніммен тамақтанып, зиянды әдеттерден аулақ жүріп, күйзеліске берілмеуге тырысатын болсақ, ағзамызды кеселден сақтайтынымыз анық. Ауруды жеңген жандар... Кент тұрғыны Қасымхан Егембердиев: – Бастапқыда денсаулығым сыр беріп, көңілім жабырқағандай күй кештім. Алайда, күйбең тірліктің соңында жүріп аса мән бере қоймадым. Тек соңғы уақытта жүрегім айнып, құсқым келетін болды. Асқа тәбетім тартпай, тамақ ішкеннің өзінде асқазаным тітіркеніп, беймаза күй кеше бастадым. Содан дәрігердің нұсқауымен узи-ге түстім. Узи-дің қорытындысын көрген дәрігер менің көңіліме, жай-күйіме қараған да жоқ. Бетіме қарап тұрып, “Сізде бауырдың қатерлі ісігіне күдігіміз болып тұр. Ертең облыс орталығына барып, онколог дәрігердің тексеруінен өтесіз” демесі бар ма? Айтқан күдіктері дәл келіп, атаулы дерттің II сатысында тұр екенмін. Бірақ дәрігерлер жазыласың деп сендірді. Адам жылы сөзге сенуге бейім ғой. Мұндай кезде басқа амалың да жоқ. Химиятерапияға барып жүрдім. Өз тобымдағылардың бәрін танимын. Тағдыр бұл әртүрлі адамдарды жинап алып бір палатаға бекер қамамаған сияқты. Диагнозыңды естіген соң бір мезет өмірдің құнын түсіне бастайсың. Содан апталап химия мен үй ортасында жүріп, жүйелі емнің арқасында ауруымнан құлан таза айығып шықтым. Менің түсінгенім, ең бастысы адам өзін тастап жібермей, сары уайымға салынбай, өзінің жазылатынына сену керек. Сонда, Алланың құдыретімен бәрі артта қалатынына көзім жетті, – деп өзінің басынан өткергенін көпшілікке айтуды жөн көрді. Ал, Майра атты тағы бір кейіпкеріміз аты жаман ауруды, өзінің өмірге құштарлығымен жеңіп шыққанын тілге тиек етті.
– Осыдан 3 жыл бұрын денем тоқтаусыз кыши беретінді шығарды. Қолданбаған емім қалмады. Болмаған соң дерматологқа жазылдым. Ол да 1-2 тексеруден өткізіп, қауіпті ештеңе жоқ деп шығарып салды. Дертім әбден асқынды. Қышына бердім, жара бүкіл денеме жайылды. Киім киюден қалдым. Ауылдағы дәрігер мені қалаға жіберді. Онда менің диагнозым анықталып, лимфогранулематоз немесе лимфатикалық жүйенің қатерлі ісігі екені анықталды. Бірден ауруханаға апарып, сол дерт бойынша тексеруден өткізді. IV сатысы екен. Дәрігерлер бар болғаны бірнеше ай өмірің қалды деді. Бірақ, мен жазылатыныма шын жүрегіммен сендім. Не болса да, күресемін деп шештім. Қатерлі ісік деген «үкім» емес қой. Ол да басқа аурулар секілді аурудың аты ғана. Соңғы екі жарым жылда химиотерапияның сегіз курсынан, сәулелі терапияның екі курсынан өттім. Индияда екі рет емделіп келдім. Жарты жыл бұрын дәрігерлер менде ремиссия деді. Бұл менің жағдайымда обыр жасушалары белсенді емес дегенді білдіреді. Осылай дертіме дауа табылғанына қуанып жүрген жайым бар.
Түйін. Ел арасында қатерлі ісік дертін ажал үкіміндей қабылдайтын жандар аз емес. Байқағанымыздай, дер кезінде анықталса, бұл ауруды жеңуге болады екен. Сондықтан әр адам жылына тым болмаса бір рет медициналық тексеруден өтіп тұрса құба-құп. Ажал алдында адам біткеннің бәрі дәрменсіз. Десе де, ауырмауға ұмтылу, салауатты өмір салтын ұстану қолдан келетін жай ғой.

Әсел Рзаева

05 қазан 2023 ж. 147 0