«Ы.Алтынсарин» төсбелгісін кеудесіне таққан ұстаздар қатарында кенттегі №51 орта мектептің ұлағатты ұстазы Азиза Әбілпаттақызы да бар. «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» – деп Абай атамыз айтқандай, бұл марапат бар ғұмырын білім саласына арнаған ұстаздықтың ұлылығын ұқтырған ұстазға берілген лайықты даңқ десек те болады. Осындай құрметке бөленген ұстазбен сөйлесіп, кеудесіне төсбелгі таққан сәттегі сезімімен бөліскен едік.
– Шынымды айтсам сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл бір қызық болды. Мектептен үйге келген бойы қалта телефоным шыр ете түсті. Қарасам белгісіз бір нөмірден қоңырау түсіп жатыр, аса мән бермедім. Қайта-қайта қоңырау келе бергесін тұтқаны көтеріп едім, «Сізге Астана қаласынан хабарласып тұрмыз. Сіз «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталғалы жатырсыз, қазан айының 5-күні сізді министр құттықтайды, келесіз бе?» дегенде, сасқанымнан «ойланып көремін» деппін. Әлгі қыз да ертең түске дейін ғана уақытымның барын айтты. Сөйлесіп болғаннан кейін өз-өзіме келіп, қатты қуанғаннан толқып кеттім. Араға көп уақыт салмай қайта қоңырау шалынып, тұтқаны көтерген бойы «барамын, барамын» дедім ғой. Белгіленген уақытта шара ортасында болып, 30 ұстазды марапаттады. Астананың төрінде, білім министрінің қолынан төсбелгі таққан сәтте төбем көкке бір елі жетпей қалды. Осылай еңбегімізді бағалап жатқандарына алғысым шексіз, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.
Мұғалім барлық мамандық иесіне ілім беріп, тәрбиелейтін абзал жан. Содан болса керек-ті «мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың негізі» дейді. Яғни, мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Осы ұстаздық міндетті абыроймен атқарып келе жатқан Азиза Әбілпашарова білікті маман, ұлағатты ұстаз ретінде айналасына сыйлы. Өмірінің 37 жылдан астам уақытын ағарту саласына арнап келе жатқан жанның өнегелі ғұмыры білім, оқушымен сабақтасып жатыр.
Ол 1982 жылы Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы Қыздар педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1985 оқуын ойдағыдай тәмәмдап, Гоголь атындағы педагогикалық институтқа математика мамандығына оқуға түседі. 1985 жылы дипломын алып, №51 Қаратаев атындағы мектебінде ұстаздық жолын бастайды. Өзінің ұстаздық қабілеттілігімен көрінген кейіпкеріміз қысқа мерзімде, яғни 1994 жылдан 2006 жылдар аралығында бастауыш сынып бойынша директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болады.
«Ұстаз» құрметті де қастерлі сөз. Ол білім мен тәрбиенің қайнар көзі. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, осындай ұлы есімді арқалап жүрген кейіпкеріміз білім беру барысындағы тәжірибесімен де бөлісе кетті.
– Бастауыш сыныпта білім берудің негізгі міндеті – жеке тұлғаны дамытып, білімге деген сенімін, оқуға деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру болып табылады. Сондықтан ата-ана үкілеп өсірген перзентін біздерге сеніп тапсырғанда, оларды өз болашағына қажетті біліммен сусындату басты парызымыз. Бастауыш сынып оқушылары өте сезімтал, нәзік, еркеліктері де мол келеді. Олар мұғалімнің жылы жүзді, жайдары мінезді болғанын қалайды. Әрбір сабақты неғұрлым түрлендіріп, көрнекілікті ретімен пайдаланып өткізу жаңа тақырыпты тез қабылдауына оң әсерін тигізеді Өйткені көрнекілік қолданылғанда оқушылардың көру сезімі іске қосылады. Сондықтан өз басым әр сабақты түрлендіріп өткізуге мейлінше көбірек көңіл бөлемін. Әсіресе оқушылардың тез есептеп, логикалық ойлау қабілетін дамыту мақсатында математикалық өлеңдер мен жұмбақтарды үнемі пайдаланамын. Ұстаз болу көп еңбекті, шыдамдылықты, төзімділікті, адалдықты, әділдікті талап етеді. Мен ұстаздықтың осындай ауыр жүгін арқалауды өз жүрегімнің қалауымен таңдадым. Өйткені кешегі оқушы бүгінгі студент, бүгінгі студент ертеңгі – маман, елді өркениетке жеткізуші, – дейді ұстаз.
Біз сырласқан ұстаздың білім саласында жеткен жетістігі бір төбе. Мәселен, «Үздік комсомол мұғалім» төсбелгелісі, 1994 жылы Білім министрінің «Құрмет» грамотасымен және республикалық, облыстық, аудандық білім бөлімінің марапаттарымен марапатталған.
Жалпы №51 білім ордасы білім берудің озық жүйесіне көшкен бірден-бір мектеп. Оны жыл сайынғы ҰБТ көрсеткіші мен түрлі пәндік олимпиадалардан байқауға болады.
Ал оның негізі бастауыш сыныпта жатыр. Төрт жыл әріп танытып, тәрбиелеп, баланың білім саласындағы іргетасын қалаған ұстаздың орны ерекше.
– Қазіргі балалар өте ақылды. Ақпаратты тез қабылдап, қорыта алады. Әрі технология тілін жетік меңгеріп үлгеруде. Карантин режиміндегі қашықтықтан оқыту жүйесінде смартфонмен оқуды тез түсініп алды. Қазіргі білім берудің жаңа форматы бұрынғыдан күрделілеу болғанымен заман талабына сай. Әлем жылдан-жылға алға жылжуда. Біз де сол көштен қалмауымыз керек. Осы ретте білім саласы бірінші кезекте тұрары сөзсіз. Бұрынғыдай емес, бүгінде ұстаз мәртебесі көтеріліп, олардың балаларға барынша сапалы білім беруіне бар жағдай жасалған. Мұғалімдер осы мүмкіндікті пайдаланып, әр баланың бойына сапалы білім дарыту жолында аянбай еңбек етсе деген ниетім бар.
Ұстаздың екі қасиеті басқадан ерек болуы керек. Біріншісі – мейірімділік, екіншісі – ізденімпаз болу, – деді Азиза апай.
Айналасына білім мен тәрбие нәрін сеуіп, адамгершілік нұрын төгетін ұстазға құрмет көрсету кейінгі буын еншісінде. Ең бастысы білімді ұрпақ оқытып, ел үшін қызмет ету жолына тәрбиелей білсе болғаны.
Әсел РЗАЕВА