» » » Ұрпатша апайдың ұлағатын біле жүріңіз

Ұрпатша апайдың ұлағатын біле жүріңіз


Ұстаздық – мақтан тұтар мамандық. Мына дүниеде білмейтінді білдіретін, санаға ақыл ұялататын, қиялдағы арманыңа жетуге қанаттандыратын ұстаздар қауымының еңбегі қашанда ерекше бағаланған. Яғни ұстаз болу адам бойындағы ұлы қасиеттің бірі. Осынау қасиетті мамандыққа барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған Үрпатша Әуезоваға арнайы тоқталмақпыз.


«Мұғалім мамандығы барлық мамандықтың анасы» деген сөз қалай дәл тауып айтылғанына қайран қаласың. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін, ең бастысы жауапкершілігі жоғары мамандықтың қырық жылға жуық тізгінін ұстаған ұстаз Романов атындағы №53 мектепте ұстаздық етіп, құрметті зейнет демалысына шықты. Шәкірттеріне математика пәнінің қыр-сырын үйреткен Үрпатша апай оқушы бойына білім нәрін сіңіріп, сапалы білім алуына күш салды.
– Өзім Арал ауданында туып өскенмін. Мектеп бітірісімен Н.Гоголь атындағы пединституттың мамематика факультетінде білім алдым. Жаңақорған ауданына келін болып түсіп, еңбек жолымды осында бастадым. Алдымен Жұлдыз кеңшарындағы № 52 мекепте ұстаз болдым. Сосын Төменарық ауылындағы Романов атындағы №53 мектепте мұғалімдік жұмысымды жалғастырдым. Осы мектепте зейнетке шыққанға дейін жоғары сыныпқа алгебра және геометрия пәнінен сабақ бердім, – дейді ұстаз.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Ата-анадан кейінгі балаға тәлім-тәрбие беруші ұстаз. Үрпатша апайдың еңбекқорлығы мен білімділігі алдында отырған әр оқушыны тек биікке жетеледі. Өзіне зор жауапкершілік жүктелгенін сезінген маман «тәрбиесіз берілген білім нәтижесіз болады» деген принциппен жұмыс жасап, шәкірттеріне сапалы білім алуымен қатар, адамдық пен адалдықтың рухын сіңіре білді.
Ұстаз еңбегі бағаланып «Білім озаты» медалімен, облыстық білім басқармасының «Алғыс хаты» және аудандық білім бөлімі мен аудан әкімі «Алғыс хатымен» марапатталды. Білімді ұрпақ тәрбиелеуді мақсат еткен білікті ұстаз мамандығымен қатар отбасының тірлігі ұл-қыздарына аяулы ана, бағыт-бағдар беруші ақылшысы бола білді.
Үрпатша апайдың айтуынша, бүгінде мектеп табалдырығын аттаған әр оқушының толыққанды білім алуына жан-жақты мүмкіндік жасалған. Елдің келешегі жастар десек, олар тек ерінбей білім алуға дағдылануы керек. Сонда ғана кез келген белесті бағындыруға ерік-жігері жетеді. Ұстаздық қаншалықты күрделі еңбек болғанымен көзге көрінбей, еңбегі кейде бағаланбай жатады. Осындайда бар білгеніңді санасына құйған шәкіртің сенің маңдай-теріңді ақтап, берген біліміңді дәлелдеп беріп жатады. Бала оқытқан 38 жылында осындай түлектердің қаншамасын тәрбиелеп шығарды.
Ескендір Зұлқарнайын: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель», – десе, Абылайхан Төле биді, Шәкәрім ұлы ақын Абайды ұстазым деп, шексіз құрметтеп кеткен екен. Дана халқымыз «Білікті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деп тегін айтпаса керек. Қоғамда ұстаздық етіп жүрген жандардың орны ерекше. Өйткені олар бәсекеге қабілетті мамандық иелерін қалыптастыруға бар күш-жігерлерін жұмсауда.
Ұлағатты ұсатаздың еңбегі мен жасаған ісі әрбір жас маманға үлгі. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға, Ақырын жүріп анық бас еңбегін кетпес далаға» деп Абай атамыз айтпақшы, майталман ұстаз Үрпатша Әуезованың жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеген шәкірттерінің алды ата-әже атанып отыр. Кейіпкеріміз алтыннан алқа тақпаса да, осындай шәкірттерімді көргенде бақытымды ұстаздықтан тапқаныма қуанамын дейді.

Лаура БИБАСАРОВА
05 қазан 2019 ж. 1 350 0