Бақытжан – жастардың жанашыры
«Міне, азамат!» айдарына лайықты жігіттерді бұл жолы спорт саласынан іздедік. Бөліп-жаратыны жоқ, бұл салада жүрген жандардың барлығы құрметке лайық. Дегенмен біздің бүгінгі нысанаға қожакенттік Бақытжан Бакиров ілінді. Өйткені, қамал алатын жасқа келіп, ізінен ерген жастар игілігі, ертеңі жолында жасаған қызметі көпті тәнті етті. Оның азаматтық болмысын айқындайтын бір қасиеті – спортқа деген шынайы жанашырлығынан көрінді. Сондықтан аудан спортына серпін берген осындай азаматты құрмет төріне шығару әділірек болар.
Айта кететіні, «Міне, азамат!» айдарына елге сіңірген айта қаларлықтай еңбегі бар ерлер лайықты. Бұл тұғырға қонуға лайық, жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болатын азаматтар ауданда көп. Ізінен ерген інілеріне ізет көрсіп, өнеге бола алатындай асыл азаматтардың көшінде Бақытжанның болуы тегін емес. Ол жақында 40 жасқа толған мерейлі күнді жастардың спортына арнауды көздеді.
Облыстық волейбол және аудандық футбол жарысын ұйымдастырып, көптің алғысын алды. Жалпы қандай жасқа толмасын қазір отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлау дәстүрі пайда болды. Әрине, бұл да дұрыс шығар, бірақ жастарға қамқорлық жасау, олардың спортқа деген қызығушылығын оята білу бір бөлек әңгіме. Бақытжан болса осы бір істі қолға алды.
– Жалпы бұл идея ауылдастар, ағайын-туыс, достардың айтқан пікірінен туындады. Басында қалай болады деген ой мазалап, көңіл күпті болып жүрді. Өйткені, жеке атыңнан жалпыхалықтық шара ұйымдастыруды мойынға алу да – жауапкершілік. Десе де, бұл ісімді ізімнен ерген інілерім, достарым, жақындарым қолдап, демеу болды. Шүкір, абыроймен атқарып алдық.
– Жыл сайын өткізу ойда бар ма?
– Алла бұйырса жақсы істі жалғастырамыз. Біздің ауылда қай спорт түрінен болмасын, әсіресе волейбол мен футболдан жарыс беру таңсық емес. Сондықтан келер жылы бұдан да үлкен етіп өткізу ойда бар. Ол енді уақыттың еншісінде. Кешегі жарыста әріптес, әрі бауырым Қайрат Әлімбетов пен Ғалымжан Үсеновтің еңбегі зор болды. Волейболдан өткен турнирге арғысы Арыс қаласынан, бергісі облыс орталығынан онға жуық команда келді.
Турнирді қысқаша қорытатын болсақ, волейболдан Түркістан облысынан келген «Төрткүл» командасы чемпион атанса, Қожакент жастары күміске қол созды. Ал, қола жүлде Қызылордадан келген Бақсайысқа бұйырды. Шағын футболдан өткен аудандық турнир де тартысқа толы болды. Оған өзім де куәмін, өйткені команда болып қатысып, ауыл азаматтарының маңдай тері ақталғанын кейіпкеріміз алға тартады.
Иә, біз таныған Бақытжан Бакиров қарапайым ауылдың баласы. Арманы ауыл баласын үлкен спортқа дайындау. Ол мақсат араға жылдар салып, жүзеге асып келеді. Қыз балалары арасында шәкірттері әзірге ауыл волейболын қалыптастырып, аудандық біріншіліктерде биігін көрсетіп келеді. Бақытжан №168 мектепте денешынықтыру пәнінің ұстазы. Еңбек жолын ауылда спорт нұсқаушы болып бастап, қазір мұғалімдік салада жүрген кейіпкеріміз 1982 жылы Қожакент ауылында туылған. 1999 жылы мектепті бітіріп, жоғары оқу орнында білім алды. Алайда, 2011 жылға дейін түрлі салада жүріп, тек осы жылы ғана кәсіби маман атанады.
– Бала кезімнен спортқа жақын өстім. Баскетбол, волейбол, тіпті футболдан аудан, облыстық жарыстарда төбе көрсетіп жүрдік. Көбіне баскетболдан облыстық біріншіліктерде аудан атынан сынға түсетін едік. Бапкеріміз Қанат Айдаров болатын. Алайда, мектеп бітірген соң үлкен спорттан қол үзіп қалдық. Жасымыз қырыққа келсе де спортты серік етіп, турнирлерде болуға тырысамыз. Перзент өсіріп отырған әке ретінде ертең ұл-қыздарымды спортқа баулуға бар мүмкіндікті жасаймын, – дейді ол.
Жалпы Жаңақорған спорты облыстағы көштің басында келе жатқаны ақиқат. Бұл қатарда барлық ауылдардың еңбегі бар. Сол қатарда қожакенттік жастардың да өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан. Біз білетін ауылда жыл сайын кіші және үлкен футболдан турнирлер өтіп тұратын еді. Бұл да жастарға кәсіби тұрғыда шыңдалуға жол береді. Осындай игі істердің басы-қасында Бақытжандай азаматтардың жүруі заңдылық.
– Бақытжанның ауыл спортына қосып жүрген еңбегі ерен. Өзі де бала кезде жарыстардан қалмаушы еді. Әлі де сол, ардагерлер арасында бақ сынап, оқушыларына үлгі болуға тырысуда. Міне, осындай азаматтарды қолдап, демеу болу спорттың келешегіне салынған инвестиция деп білеміз. Сондықтан алдағы уақытта бұл үрдіс тұрақталып, өзгелерген өнеге болып қалады деген ойдамыз, – деді Қайрат бапкер.
ТҮЙІН. Біздің Бақытжан Бакировты өзгеге өнеге ететіндей тұғырға қондырғанымыздың себебі неде? Ол – ұлағатты ұстаз, білікті бапкер ғана емес, жастардың шынайы жанашыры. Жігерлі азаматтың жиған-тергенін жастар жолына жұмсағаны қатты қуантты. Қазір қолында қара нардай күші бар, қалталы кәсіпкерлер мен апталдай азаматтар жасай алмай жүрген ісін қарапайым ауыл баласы алға оздырды. Бұл өскелең ұрпаққа сәл болса да жарық жол болары сөзсіз.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ