"Жыл спортшысы"
Бұл атаққа Сыр елінен тұңғыш Токио Олимпиадасына жолдама алған Дәулет Ниязбеков лайықты. Ол биыл Елорда төрінде өткен еркін күрестен Әлем чемпионатында күміс жүлдені жеңіп алды. Енді Дәулет күншығыс елінде өтетін жазғы олимпиада ойындарында 65 келі салмақта ел намысын қорғайтын болады. Жалпы Дәулеттің еркін күрес спортына қосқан үлесі зор. Лондон Олимпиадасына қатысушы, Әлем чемпионаттарының жүлдегері, үш дүркін Азия және бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы. Еркін күрестен ұлттық құраманың капитаны, әрі халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бір сөзбен айтқанда, Дәулет артынан еріп келе жатқан жастарға үлкен өнеге бола алатын балуан.
Дәулет Ниязбеков Жаңақорғанның тумасы, бала кезінен білікті бапкер Әбутәліп Амановтан тәлім алып, байрақты бәсекелерде көк Туымызды желбіретіп, әнұранды бірнеше рет шырқатқан еді. Келер жылы жарты ғасырдан астам күткен алтынды Дәулет қазақ еліне сыйлайды деген сенімдеміз. Осындай шоқтығы биік жаңақорғандық балуан биыл Сыр елінің үздік спортшысы деген атаққа лайық болды. Ол «ҚР еңбегі сіңірген спорт шебері» атағының иегері.