№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жаңақорғанға гандбол спорты 70 жылдардың бас кезінде келді

Жаңақорғанға гандбол спорты 70 жылдардың бас кезінде келді

   Жаңақорғанға гандбол спорты 70 жылдардың бас кезінде келді. Осы кезден бастап аудан қол добынан облыста өз орнын қалыптастыра бастады. Сол кездегі алғашқы бапкердің бірі болған Ахмет Нақыпов бүгінде 70-ті еңсерген ардагер ұстаз. Қай спорттың болмасын дамуына үлес қосқан жандардың еңбегі қашан да құрметке лайық. Мейлі ол спорт маманы болсын, қарапайым пән мұғалімі болсын, ең бастысы жастардың жігерін шыңдап, ауданның спортына үлес қосса болғаны. Сондықтан, ел өнеге еткен білікті бапкермен сұхбаттасып, өмір тәжрибесімен бөліскенді жөн көрдік.
   Ахмет ағай баптаған шәкірттер бүгінде бір-бір саланың тізгінін ұстаса да, 1974-1980 жылдар аралығында өңір спортында өздерінің ізін қалдырды.
– Қызмет жолын Өзбекстанда бастап, 1972-73 оқу жылында кенттегі №163 орта мектепке денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып ауыстым. Сол уақыттан бастап қаншама шәкірт тәрбиеледім, – деп әңгімесін бастады.
Иә, Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін көрші елге қызметке орналасып, кейіннен туған өлкеге табан тіреген ұстазды мектеп басшысы Сәдірбай Сапарбаев жұмысқа алады. Араға бір жыл салып жастарды қол добына дайындап, ауданаралық жарыстарда топ жарып, кейіннен облыста оза шабады.
– 1974 жылы ең алғаш Қызылордаға жарысқа оқушыларды алып бардым. Алғаш рет сынға түскелі отырғаннан кейін шәкірттерімде де қобалжу болды. Ол кезде киім жоқ, содан Ким Вячеслав деген бапкердің шәкірттерімен сынға түстік. Ол кезде «Буревестник» (қазіргі «Сейхун») командасы облыста ең үздік ұжым болатын. Алайда, тәжірибесі толысқан, тарихы бар сол командаға ғана есе жіберіп, аудандар арасынан бірінші орынға қол жеткіздік. Міне, сол уақыттан бастап оқушылар облыста озық болды. Тіпті, кейбір шәкірттерім аймақ намысын қорғап жүрді, – деді ағай.
Иә, шәкірттері республикалық сындарға дейін барып, аудан гандболының өрлеуін көрсете білді. Ұстаздың тағы бір қыры ол сол жылдары тегін үйірме сабағын ашып, қосымша балаларды дайындады. Жеті жыл бойы шәкірт тәрбиелеген ұстаздың шәкірттері аз емес. Саттар Оспанов, Қайрат Аблахов, Зейнеп Әжібекова, Айман Ырзаева, Мария Өрғараева және басқа да оқушылары гандбол спортын қалыптастырып, жастарға жол салып кетті десек болады. Қиын-қыстау кезеңде жарыстардан қол үзбей, жеңіс тұғырынан көрініп жүретін сол жолды жалғап келе жатқан қыздар бүгінде облыста озып жүр. Құнанбай Салыбеков жаттықтыратын Келінтөбенің қыздары аудан абыройын асқақтатуда.
Жеті жыл жаттықтырушылық қызметте жүрген дене шынықтыру пәнінің мұғалімі «Алғашқы әскери дайындық» пәнінің мұғалімі қызметіне ауысады. Мұнда да ұстаз пән мұғалімдері арасынан өтетін жарыстарға қатысып, жастарды жарысқа дайындайды. Жас өрендерді патриоттық тәрбиеге баулыған ұстаздың өзі де бала кезден спортқа құмар өсті. Волейбол мен баскетболдан да жақсы жетістіктерге қол жеткізіп жүрді. Осы жолды ұстаз болғанда да көрсете білді. Мұны әріптестері де жиі айтып, ұстаздың еңбектерін айтып, мақтана алады.
42 жыл мұғалімдік салада тер төгіп, қаншама шәкірт тәрбиелеген ұстаз еңбегі зор. Спортқа бағдар түзеген оқушылары бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүрсе, әскери саланың тізгінін ұстаған оқушылары ел үшін еңбектенуде. Өзі де талай рет марапат биігінен көрінді. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, отаншылдыққа, білімге құштар шәкірттерімен мақтанатын Ахмет Нақыпов өз балаларын да спортқа бейімдепті. 4 ұлдың екеуі басқа салада болса, үшінші және кенже ұлы бүгінде №163, №110 мектеп-лицейде дәріс береді. Ал, қос қызы Шалқия шипажайында. Бұйыртса болашақта немерелерімді спорттың биігінен көрсем деген ниеті бар ағайдың арманы аудан спортының биікке өрлей беруі.
Міне, біз бүгін гандбол спортының аудандағы белең алған кезеңіне тоқталдық. Мектеп ардагерлер және қамқоршылық кеңесінің төрғағасы Ахмет ағайдың өткенін көпке үлгі еттік. Енді ұстаз жолын жалғаған шәкіртердің арманын арқалаған жастардан көп үміт күтетініміз рас.

Әли ТЕМІРБЕК.

27 қараша 2018 ж. 1 211 0