«ZHAS PROJECT»: АУЫЛ СПОРТЫНА ДЕМ БЕРДІ
«Жас ПРОДЖЕКТ» – жастардың бизнеске белсенді араласуына мүмкіндік берген жоба. Оның дәлелі, машбектік Нұржамал Нұрмаханова бастаған жастар жобаны ұтымды пайдаланып, елді мекенде тренажер залын ашты. «Спорт – денсаулық кепілі» атты берекелі бастаманы көзбен көру үшін елді мекенге жол тарттық.
Қазақша күрес, футбол, волейбол сынды спорттан табысты өнер көрсетіп жүрген ауыл жастары енді ауыр атлетика мен қол күресті серік етпек. Әсіресе, спортпен айналысып жүрген жастардың физикалық әлеуетін арттыруға таптырмайтын кешенге айналмақ. Жобаның жетекшісі Нұржамал Ғалымқызын әңгімеге тартып, мән-жайды білдік.
– Идея ауыл жастарының спортқа қызғушылығынан туындады. Ауыл спортын көтеруге дем беретін жобаны қолдап, 1, 000 000 теңге қаржы бергені қуантты. Ендігі меже жүйелі жұмыс жасап, тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Негізі басымдық – әлеуметтік жағынан аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі жандарды көбірек тартуға тырысамыз, – деді топ жетекшісі.
Нұрбол Бакиров менторлық жасаған жобада Әлмахан Тұрдан мен Серікбек Құрбанбеков есімді ауыл азаматы бар. Кесте бойынша 14-18 жас аралығындағы азаматтар және ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар аптасына екі рет шынығу залына келіп, спортпен шұғылданып тұрады.
Спорт бағытында жобаны ұсынған жастарға қолдау көрсету үшін ауыл әкімі ескі мектептен кабинет қамтамасыз етіпті. Енді 6 ай тапсырманы тиянақты орындап, сапалы қызмет етуге ниеттеніп отыр жастар.
– Құрал-саймандарды Шымкент қаласынан алдырып жатырмыз. Әзірге біз бір бөлмені іске қостық. Гранттан ұтқан қаржының қалғаны қолымызға тисе екінші бөлмені пайдаланатын боламыз. Сонда ұлдар мен қыздар екі бөлек жаттығатын болады, – дейді жоба мүшелері.
Айта кетейік, ауылдағы екінші жоба – «Deluxe» шаштаразы. Бес бірдей жастың берекелі бастамасы ақжолдықтарға 6 ай бойы тегін қызмет етеді. Оның ішінде шаш қиюдан бөлек, нәзік жандыларға басқа да қызмет түрлері қарастырылған. Осы орайда, ауылдағы жастар ісі жөніндегі маман Асқар Құрманбековтың еңбегін де айта кеткен жөн.
Ауыл әлеуетін көтеру, жастардың спортқа қызығушылығын ояту мақсатында Сыр өңіріне серпін ала келген «ZHAS PROJECT» жобасы келер жылы тағы қолдау тапса, онда ақжолдық жастар техникалық саланы дамытуға ниетті. Әсіресе, ауылшаруашылығына бағыт алуды көздеуде. Сондай-ақ, ұлттық ат спорты мен туризм саласын да назарда ұстап отыр. Ең бастысы, идеяшыл жастар бар.
#Жаңақорған #Спорт
Пікір 1