№35 (8746) 4

04 мамыр 2024 ж.

№34 (8745) 30

30 сәуір 2024 ж.

№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Медицина – адамды, ветеринария адамзатты емдейді

Медицина – адамды, ветеринария адамзатты емдейді


Кеңестік гельминтология ғылымының негізін қалаған Константин Скрябиннің «Медицина – адамды, ал ветеринария бүкіл адамзатты емдейді» деген қанатты сөзі ешқашан өзектілігін жойған емес. Өйткені, адам ауруларының 70 пайыздан астамы мал және одан алынған өнімдерден беріледі. Сондықтан ветеринарияның адамзат тағдырында алатын орны бөлек. Осы ретте біз Жаңақорған аудандық ветеринарлық станцияның қазіргі жағдайын білмекке аталмыш мекеменің бас ветеринары Ахмет Қыдырәліұлымен тілдескен едік.

Бас мал дәрігерінің сөзінше, бүгінгі таңда сала қызметкерлерінің мәртебесі артқан. Биылдан бастап мемлекет та­рапынан ветеринария саласына жақсы жағдай жасалып, жалақысы 40 пайызға өспек. Сонымен қатар, ұжым жас мамандармен толығып, олар да мемлекеттің қолдауына ие болуда. Мәселен, жұмысқа орналасқан жас маман бір реттік үстемақымен қамтылып, тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие қарастырылады.
– Бүгінгі ауданның эпизоотиялық жағдайы тұрақты. Жұқпалы аурулардан таза. Аудан бойынша 12 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы вакцина егіледі. Көктемгі іс-шаралар жұмыстарына 4-наурыздан бастап ве­те­ринариялық препараттар келіп, қазіргі таңда алдын ала егу жұмыстары жүргізілуде. Көктемгі төлдеу науқанына байланысты бірдейлендіру жұмыстары да атқарылып жатыр. Аудандағы төрт түлікті бірдейлендіріп, ветеринариялық анықтама, паспорт беріп, оларды де­рекқорға яғни базаға енгізудеміз, – дейді бас ветеринар.
Қазір аудан бойынша осы салада 125-ке жуық қызметкер бар. Оның 105-і мал дәрігерлері мен фельдшерлер. Ау­данға қарасты 26 ауылдық округте осы 105 маман қызмет атқарады.
Жалпы, бірдейлендіру жұмысы жа­салып, дерекқорға енген төрт түлік­тің барлығы жоспарға сай жылда вакциналанып, тексеріліп отырады. Ол үй жағдайында бағылып жатқан мал болсын, өрістегі мал болсын бәріне ортақ. Егер тұрғындар иелігіндегі малға вакцина алмай, салғырттық танытса, ондай тұрғындарды ветеринариялық бақылау және қдағалау комитетінің Жаңақорған аудандық аумақтық инспекциясы қадағалап, бақылап, шара қолданады.
– Ауданда жаппай төрт түлікті сырғалап, дерекқорға енгізу 2010 жылдан басталды. Былтырдан бастап әр округтің меңгерушілері кілтпен кіріп электронды цифрлы қолтаңбамен жұмыс жасайды. Бұрын малдан қандай да бір сараптамаға қан алсақ, оның тізімін қолмен жазып жіберетінбіз. Қазір «BetLab» базасына электронды нұсқада жібереміз. Олар қан талдауын жасап, дерекқорға нәтижесін енгізіп қояды. Біз сол арқылы нәтижені бақылаймыз. Бұл – қағазбастылықтан арылудың бірден бір жолы деп ойлаймын, – дейді Ахмет Бейсенов.
Оның айтуынша, бүгінде ірі қара мал мен уақ малға, түйе жануарына сырға келуде. Ал жылқыларда чиптеу жүргізілуде. Осыдан 4 жыл бұрын жылқыларды таңбалау тәсілімен жұмыс жасаған мекеме ол әдістің тиімсіздігіне көз жеткізген. Өйткені, таңбалауды іске асыру үшін жылқыны жығып, оны ыстық немесе суық тәсілмен азотпен таңбалайтын болған. Ол тиімсіз. Бірін­шіден жылқының денесіне жарақат түседі. Екіншіден, қанша адамның қол күшін қажет етеді. Себебі, жылқыны жығу өте қиын. Ал, қазір тек чиптеумен жылқыларды бірдейлендіруде. Бұл жұмыс ыңғайлы әрі алдыңғыға қарағанда оңай. Микрочип бір реттік шприцтің басында орналасады. Оны жылқының мойын терісінің астына салады. Жануардың сол аймағын сканерлеп базаға салғанда жылқының кімнің атында екенін көрсетіп тұрады. Сондай-ақ, қайбір жылдары төрт түлікке JPS орнатылады деген сыбыс шықты. Малын іздеп сабылғандар осы құрылғының көмегімен лезде тауып алады деген әңгіме өрбіді. Алайда, біздің ауданда бұл құрылғы бірде-бір түлікке орнатылған жоқ. Оған себеп құрылғының қымбаттығы. Шамамен бір JPS бағасы 100 мың теңгеден жоғары. Ол бір жануарға ғана қойылады. Оны ешкімнің қалтасы көтермейтіні түсінікті.
Айта кетейік, біздің ауданда аса қауіпті жұқпалы аурулар бойынша 2015 жылдан бері дерек тіркелмеген. Сол 2015 жылы тау беткейде біраз мал шығын болған еді. Тексеріс нәтижесінде ол жануарларда пас­те­реллез және жұқпалы энтеро­токсимия деген ауруға оң нәтиже берген болатын. Содан бері қарай біз осы аурулардың алдын алу мақсатында егу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Мысалы, сібір жарасы, аусыл, күл және тағы да басқа жұқпалы ауруларға қарсы екпе егіледі.
Ескеретіні, егер де тұрғындар малын сатса немесе ет бағытында сойса Жаңақорған аудандық вете­ринарлық станциясына барып дерекқордан шығару жөнінде өтініш жазады, – дейді ол.
– Базарда саудаланатын ай­ран, сүт сапасына кім жауап береді? Мәселен, малдан адамға бруцеллез ауруы жұғу қаупі бар. Біз тұтынып отырған тағамды таза ма, жоқ па білмейміз. Осы сатуға шық­қан өнімдерге лицензияны сіздер бересіздер ме?
– Малдың қанын алып тексереді. Осы ауру анықталған жағдайда малды емдемей, санитарлық союға жөнелтіледі. Мәселен, өткен аптада Өзгент ауылдық округінен бір бас ірі қара мал бруцеллезге оң нәтиже көрсетті. Оны Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылында орналасқан санитарлық сою мекемесіне жөнелттік. Мал егесіне шығынның 70 пайызын сол мекеме, 30 пайызын біздің мекеме төлейді. Олар ол етті өңдейді. Жылына осындай аурулардың алдын алу мақсатында жоспарлы түрде тексерулер болады. Егер бір малдан қандай да бір ауруға оң нәтиже көрсетсе соның қарамағында бүкіл мал отарын немесе табынын екі рет тексереміз. Теріс нәтиже бергенше бақылаймыз. Негізінен, бруцеллездің аса қауіптісі – қойдың бруцуллезі. Ірі қараныкы де қауіпті, дегенмен қойдыкы аса қауіпті. Бұл аурудың жұғу қауіпі мал төлдеу уақытында басымырақ болады.
Жалпы, төрт төліктен өзге үй жануарлары да осы мекеменің қарамағында. Егер де біреудің иті бір адамды қауып алса, сол итті ветеринарлар 10 күндік бақылауға алады. Бақылау барысында құтыру ауруна күдік туса, иттің бас миын лабараторияға зерттеуге жібереді. Ал, күдік байқалмаса «дені сау» деген анықтама беріледі.

Түйін. «Малым – жанымның са­­да­­ғасы» деген қазақтың тұрмыс-тір­шілігі қашан да төрт түлікпен тығыз байланысты. Дархан даланың төскейін қоралы қой, келелі түйе­сіз, үйір-үйір жылқысыз елестету мүмкін емес. Жесең тамағың, ішсең сусының, мінсең көлігің болған төрт түлікті қашанда жоғары баға­лайтынымыз осыдан. Сондықтан өмі­ріміздің бір бөлшегіне айналған төрт түліктің саулығын сақтайтын ветеринарлардың да қоғамда алар орны бөлек, еңбегі ерен.

Айсұлу Алданазар
09 сәуір 2022 ж. 477 0