Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ветеринария – азық-түлік қауіпсіздігінің бір бөлігі

Ветеринария – азық-түлік қауіпсіздігінің бір бөлігі

Мал шаруашылығы саласының, оның мемлекеттік бағдарламаларының орындалуы ветеринарлық қызмет көрсету сапасын жақсартуға, мал ауруларының азаюына тікелей байланысты екені түсінікті. Ауданымызда эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау, аса қауіпті аурулардың алдын алу маңызды жұмыс. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде  аудандық ветеринариялық станция басшысының орынбасары Жомарт Нұрхожаевпен сұхбаттасқан едік.
– Жомарт Қуанышұлы, өздеріңізге жүктелген басты міндет – өңірімізде аса қауіпті мал ауруларымен күрес, оның алдын алу жұмыстары қалай жүріп жатыр? Оны атқаратын ветеринар мамандар жеткілікті ме?
– Аудан көлемінде барлық ауылдық округтер ветеринар мамандармен қамтамасыз етіліп, 105 ветеринар маман жұмыс істеуде. Біздің басты міндетіміз – жергілікті жерде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтап отыру және аса қауіпті экзоотикалық ауруларды болдырмау. Экзоотикалық аурулар деп шет мемлекеттерден келетін ауруларды айтады.
Облыс көлемінде экзоотиялық тұрақтылықты сақтау үшін аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы бөлінген ветеринариялық препараттар жеткізіліп, алдын ала егу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, мүйізді ірі қара малының тейлериозы мен пираплазмозы, уақ малдың бауыр құрты, түйенің трипаносомозы, жылқының гастрофилезі мен сақауы секілді энзоотиялық ауруларға қарсы дәрі-дәрмектер сатып алуға соңғы жылдары облыстық бюджеттен тұрақты түрде қаржы бөлініп келеді. Қажетті препараттар жеткізіліп, егу жұмыстары атқарылуда. Осылайша ветеринария саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде аудан көлемінде аса қауіпті аурулар тіркелмей, эпизоотиялық тұрақтылық сақталып отыр.
Биылғы жылдың алғашқы жарты­жылдығында энзоотиялық ауру­лар­дан, травматикалық жағдайлардан, уланудан, ас қорыту жүйесі, зат алмасу жүйесі ауруларынан, сонымен қатар, жол-көлік оқиғалары салдарынан, ауа-райының қолайсыздығынан туындаған табиғи апатқа байланысты 52 бас МІҚ, 880 бас уақ мал, 29 бас жылқы өлім-жітімге ұшырады. Ал негізінде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жоқ.
– Ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру шаралары қалай жүруде?
– Бірдейлендіру – ветеринарияның негізгі әліппесі деуге болады. Мал иелерінің міндеттері қолдарындағы малдарына уақытылы вакцина еккізу, диагностикалық тексерту жүргізу және бірдейлендіру. Заңда көрсетілген талаптарға сай жылқы малына таңба, ал басқа малдарға сырға салынуы тиіс. Таңбалау мен сырға салу біздің міндетімізде. Ал чип, GPS қондырғысын салдыру мал иесінің келісімімен, өз қаржысына салынады. Мысалы бір үйір жылқысының ішінен айғырға GPS орнатып қойса, олардың қайда жүргенін үйде отырып компьютермен немесе смартфонымен бақылап, аймақтың қай координатасында жүргенін көріп отыруға мүмкіндігі болады. Таңба, сырға салынған жануарлар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқор (ИСЖ) базасына тіркеледі.
Ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Жыл басынан бері 18 773 бас мүйізді ірі қара, 90 100 мың бас уақ мал, 1 329 бас жылқы, 415 бас түйе бірдейлендіріліп, дерекқор жүйесіне енгізілді. Үстіміздегі жылдың 1 шілдеге дерекқор жүйесінде 76 936 бас МІҚ, 326 537 бас уақ мал, 21 394 бас жылқы, 2 200 бас түйе тіркелген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жануарларының кірісі (төлі, сатып алынғаны) мен шығысы (сатылғаны, сойылғаны, өлгені) қатаң бақылауға алынған.
– Қолдарындағы малына жұқпалы ауру таралмауы үшін тұрғындар, шаруашылық басшылары не істеуі керек?
       – Мал ауруларын болдырмау тек ветеринар мамандарының ғана ісі емес. Жануарлар мен адамдарға ортақ аурулардың алдын алу және жою мақсатында әрбір жеке және заңды тұлға, әсіресе мал өсірумен, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттарды өңдеу және сатумен айналысатын кәсіпкерлер ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25 бабында көрсетілген талаптарға сәйкес, уақытылы вакцинация, диаг­ностика жасатуға, ауыл шаруа­шылығы жануарларын бірдей­лендіруді қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар, қора-жайларды таза ұстап, жемшөп сақтауда қоршаған ортаның ластанбауына жол бермей, зоогигиеналық талаптарды сақтауы тиіс. Сонымен бірге жаңадан жануарлар сатып алғанда, сойғанда, немесе сатуға өткізгенде, малды сояр алдында, сойғаннан кейін ветеринариялық-санитариялық сарап­тама жасамай сатуға, сондай-ақ төл алғанда, жануарлар ауырған жағдайда ветеринария саласындағы мамандарға хабарлауға міндетті.
– Қаңғыбас иттерді аулауға қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бірақ, осы мәселеде тұрғындар тарапынан наразылықтар туындап жатады.
– Қаңғыбас ит, мысықтар үлкен проблемалық мәселе. Әлеуметтік желілерде де көп жазып жатады. Үстіміздегі жылы иесіз ит мысықтарды аулап жоюға 4 153 мың теңге қаржы бөлінген. Соған сәйкес 1030 бас қаңғыбас ит пен мысық ауланып, жойылды. Өлекселер ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес, типтік жобадағы мал қорымдарына тасталып жойылып отырады.
Ит пен мысықтан эхинококкоз, альвеококкоз, мультицетоз, тениоз, аскаридиоз, саркоптоз, псороптоз, токсаплазмоз, дипилидиоз, трихи­неллез сынды қауіпті дерттер адамға жұғып, жаппай тарау қаупі бар. Оған қоса, елдің ветеринарлық-санитарлық білімі, мәдениеті, тәртібі өте төмен.
Ғылымда дәлелденгендей, әр ит орта есеппен тәулігіне 270 грамм нәжіс тастайды. Жаңақорған ауданы аумағында 1000 ит болса, тәулігіне 270 келі нәжіс пайда болады екен. Ал ит пен мысық нәжісі – қоршаған ортаға әртүрлі инфекциялық және инвазиялық аурулардың қоздырғышы мен гельминт жұмыртқаларын таралуы ықтимал.
Енді бір өзекті мәселе емі жоқ құтыру ауруы. Ол адамдар мен жануарларға, ұшқан құс, жүгірген аңға ортақ аурулар, бәрі ауырады. Оның қоздырғышы орталық нерв жүйесін зақымдайды, соңы міндетті түрде өліммен аяқталады. Осыны тудыратын негізінен жабайы және үй жануарлары. Сондықтан ит-мысықтарды есепке алып, құтыру ауруына қарсы вакцинациялау жұмыстарын жүргіземіз. Ал қаңғыбас ит-мысықтардың санын уақытылы шектеп отырмасақ көбейіп кетіп, жоғарыда айтылған зардаптар орын алуы мүмкін.
– Ветеринарларды қандай проблемалар мазалайды?
– Мал иелері бірдейлендіруге қатты мән беруі керек. Осы мақсатта ветеринар мамандар үй мен қораны жағалап жүреді. Әркімнің жауапкершілігі әртүрлі. Келіскен уақытта үй иелері болмай қалады. Кірген жағдайда қорадағы мал түгел болмай шығады. Сұраса өрісте жүр дейді. Бір күнде бітіретін шаруаға екі-үш күнін жоғалтып жатады. Алыс ауылдарда құмның арасында жатқан малдарын жасырып, көрсетпей қалатындар болады. Одан оларға ешқандай пайда жоқ. Ертеңгі күні мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жеңілдіктер алу қажет болып қалады. Ол үшін мал басын түгел көрсету керек. Менің пәлен бас малым бар дейді, ал олардың бір бөлігі сырға салынбағандықтан есепте жоқ болып шығады. Бірдейлендіруден өткеннен кейін барып ауыл шаруашылығы саласындағы көмек, қолдауларды алуға толық мүмкіндігі болатынын ескерген жөн.
Көпшілік тұрғындар сатып алған немесе белгілі себептермен сойған ауыл шаруашылығы жануарлары туралы кезінде тұрғылықты жердегі ветеринар мамандарға хабар бермейді. Уақытылы кіріс-шығыс есебі жүргізілмеу салдарынан бүгінгі таңда, статистикалық мәлімет пен дерекқор базасындағы айырмашылықтарды бір жүйеге келтіруде қиындықтар туындауда. Мал иелері малдарын уақытында, толық жинақтамау салдарынан аса қауіпті жұқпалы және энзоотиялық ауруларға қарсы алдын ала егу, диагностикалық тексеруге қан алу жұмыстарын жүргізу барысында қиыншылықтар орын алуда.
– Ауыл тұрғындарының ветеринармен сыбайластық әрекеттері кездесе ме?
– Сыбайластыққа қазір жол жоқ. Ветеринариялық пункттердің меңгерушілері мемлекеттік қызмет көрсетуге байланысты ветеринариялық анықтамалар, қорытындылар береді. Өтініштер жазбаша түрде беріледі. Ол жерде барлығы бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы жүргізіліп отырады. Компьютерлік базаға енгізіледі. Осы уақытқа дейін сыбайластық фактілері орын алмағанын атап өткім келеді.
– Мамандармен қамтамасыз ету жайы қалай?
– Қазіргі күні аудан көлемінде 105 ветеринар маман жұмыс істеп жатыр. Барлық ауылдық округ қажетті мамандармен қамтамасыз етілген.
Ветеринарлардың күндегі атқарып отырған жұмыстарының маңызы өте зор. Қазақ саулық сұрасқанда ең бірінші "Мал-жан аман ба?" деуі тегін емес. Себебі, мал – халықтың тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс көзі. Асырап отырған малының саулығы ол отбасының ғана емес, бүкіл халықтың саулығының негізі. "Ауру – астан" дегендей, адам денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Сонымен бірге мал шаруашылығы экономиканы алға сүйрейтін салалардың бірі. Ветеринар мамандар осы саланың ақсамауына, қауіпті ауру түрлерінің тарамауына, мал өнімдерінің таза болуына күнделікті жұмыс жүргізеді. Олай болса, академик К.Скрябиннің "Медицина адамды емдесе, ветеринария бүкіл адамзатты емдейді" деген қанатты сөзін әрқашан да жадымызда ұстауға тиіспіз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
20 шілде 2021 ж. 1 063 0