№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ахметтің еңбегі еленді

Ахметтің еңбегі еленді


«Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген қанатты сөзден мал дәрігері мамандығының қоғамдағы маңызын түсінуге болады. Осы орайда, өз міндетін абыройлы атқарып жүрген Ахмет Бейсеновтің тындырымды ісі көпке үлгі.


Қазақтың бір-бірімен сәлемдескенде ең бірінші «мал-жан аман ба?» деп хал сұрауының өзі тегін емес. Себебі мал шаруашылығы – халықтың тұрмыс-тіршілігі, күн көріс көзі. Демек төрт түліктің саулығы иесі үшін қашанда маңызды. Ал мұның жауапкершілігін Ахмет Бейсенов жақсы түсінеді.
– Мектептен соң арман қуып С.Сейфуллин атындағы университеттің ветеринариялық медицина факультетіне оқу түстім. Оқуымды ойдағыдай аяқтап, алғашқы еңбек жолымды кәсіпкерліктен бастағанды жөн көрдім. Айналысқан ісім ветеринария саласымен тығыз байланысты болғаннан соң аса қиындық тудырмады. Ал 2012 жылы аудандық ветеринария бөліміне эпизитолог маман ретінде жұмысқа қабылдандым. Осы саланың білікті мамандарымен тәжірибе алмасып, саланың қыр-сырын меңгердім, – дейді өз ісінің маманы.
Эпизитолог дәрігердің сөзінше, «Істі сүйсең, іс саған бас иеді» қағидасын берік ұстанып, жұмысқа белсенді кіріседі. Ал жұмысының ерекшелігі малдың ауруын дәл тауып, оны емдеп жазу. Ол үшін таңдаған мамандығыңа деген көңілің таза болуы керек. Ең әуелі, бұл саланың ауыртпалығы мен жауапкершілігін сезінуі тиіс. Себебі олар жан-жануарларды емдеумен қатар олардың ауруын анықтап, екпе салып, түрлі аурудың алдын алудағы шараларды атқарады. Керек болған жағдайда ота жасайды. Ең маңыздысы төрт түліктен алынған ет, сүт тағы басқа өнімдердің жарамды-жарамсыздығын анықтайды.
Кейіпкерімізбен әңгімелесу бары­сында халыққа көрсетілетін қызмет түрлерінің ерекше тұстарын сұрадық. Білгеніміздей, ветстанция тарапынан малдарды бірдейлендіру, оларға сырға салу мен малға, сүтке, етке, жүнге және теріге анықтама беру тегін көрсетіледі. Жылқыларына чип саламын деген мал иесі болса чипті өзі сатып алады. Ал салып беру қызметі тегін. Түрлі жабысқан кеселден емдеу жұмыстары ақылы екенін білдік.
– Ахмет тәжірибелі мамандардан көп нарсені үйренген. Жұмысын ерекше қызығушылықпен істейді. Ол өзі таңдаған сала ешқашан маңызы жоймайтынын, сұранысқа ие өміршең мамандық екенін жақсы біледі. Егер адам өз мамандығын жақсы көрсе, ерінбей еңбек етсе, абыройға да құрметке де бөленеді, – дейді мекеме басшысы Марат Қазыбаев.
Иә, келешегінен әлі де болса көп үміт күттіретін маманның биіктен көрінуі орынды. Мұны білетін басшы да Алтын күз мерекесі қарсаңында әріптесінің марапат төрінен көрінуін қалады. Ұжым тілегі қабыл болып, Ахмет «Үздік ветеринар» номинациясымен марапатталды.

Лаура БИБАСАРОВА

28 қазан 2020 ж. 441 0