» » Бала құқығы – бәрінен маңызды

Бала құқығы – бәрінен маңызды


«Жастар – қоғамның тірегі. 2022 жыл – Балалар жылы деп белгіленіп отыр. Жасөспірімдердің алаңсыз өсіп-жетілуі, мектеп жасындағы балаларды дамыту, олардың біліміне, жүріс-тұрысына мән беру – ортақ мақсатымыз. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» дегендей, жас ұрпақты қылмыстық әрекетке жол бермейтін тұлға етіп тәрбиелеу – заман талабы. Осыған байланысты аудандық прокуратура органдарына жоғарыдан талап күшейген».


Аудан прокуроры Дарын Әбіш ау­дандық прокуратураның аудан әкімімен бірлескен мәжілісінің мән-маңызын осылай түсіндірді. Мәжілісте сөз алған аудан әкімі Руслан Рүстемов адам баладан өсіп жетілетіні, баланың әр ұлт өмірінде орны бар екені, дейтұрғанмен қорғансыз, қамқорлыққа мұқтаж жас өскінге жан-жақты жағдай қалыптастыру қоғам алдына өзекті мәселелерді қоятынын айтты. Әсіресе, қазіргідей тасқынды ақпарат ғасырында бейкүнә мөлдір сананы жат тәрбиеден қорғай білудің өзі үлкен мәселеге айналып отырғаны, бұл орайда отбасы-қоғам-мектеп, үш тараптың бірлескен іс-қимылдарының маңызына тоқталды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан прокурорының орын­басары А.Саркөбеннің баяндамасы тың­далды.
– 2021 жылдың 3 айымен салыс­тыр­ғанда қылмыстың тіркелуі 53-тен 42-ге азайған. Биылғы жылы жеке адамдарға қарсы қылмыс, зорлау,ауыр дене жарақатын салу, жас балаларға қарсы қылмыстар тіркелген жоқ, - деді ол. Жас өскіндерге қарсы құқық бұзушылықтардың ең сорақысы, зорлау мен азғындық сипатындағы әрекеттер. 2019 жылы кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы екі қылмыс тіркеліп, екеуі де сотқа жолданды. 2020 жылы тағы осындай екі қылмыс тіркеліп, сотқа жолданған. 2021 жылы тағы да кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы 2 қылмыс тіркеліп, екеуі де сотқа жолданған. Қылмыскерлердің барлығы ішімдікке әуес болған. Бұл профилактиканың әлсіз екенін көрсетеді. Бұған дейін бала тәрбиесіне жауапты тараптарға тәртіп­тік жазамен шектелсе, ендігі жерде мұн­дай қылмыс анықталатын болса білім саласы мен аймаққа жауапты құқық қорғау қызметкерлеріне өз міндетіне салғырттық фактісімен қылмыстық іс тіркелетінін айтқан прокуратура өкілі мұндай істер Президенттің тікелей бақылауында екенін де ескертіп өтті.
– Биыл кәмелетке толмағандармен жоғарыдағыдай сипатты қылмыстар орын алмағанымен әкімшілік құқық бұзу фактілерінің аз еместігін айтты. Мәселен, жыл басынан бері аудандық полиция бөліміне 36 кәмелетке тол­маған жеткізіліпті. 34 заңды өкілге әкімшілік жаза қолданылған. Кәме­леттік жасқа толмаған балалар ара­сында тәртіпсіз­дікті болдырмау мақ­сатында аудан прокурорының 2021 жылы 2 қарашадағы өкімімен ауыл әкімдері, тиісті сала өкілдері, мектеп мұғалімдерімен бірлескен жұмысшы то­бы құрылып, іс-қимыл барысын ортақ чатта салып отыру көзделген. Бірақ сала маманның айтуы бойынша бұл игі мақсат көзбояушылық әрекетпен жымдасып, оң нәтиже бермей отыр. Бұған өздері куә болғандай қызметкерлердің ватсапқа суреттерін жүктеп, жалған есеп беріп отыру әрекеттері дәлел бола алады.
2021 жылдың қыркүйек айында қылмыстылыққа қатысты ведомоство­аралық мәжілісте балалар арасында орын алған заң бұзушылықтар бойынша хаттамалық шешім алынған. Солардың қатарында жасөспірімдермен «Жол жүрісі ережелері» атты атты жаңа пән енгізу мәселесі көтерілген. Бірақ ол орындалмай отыр екен. Сол сияқты Жаңақорған кенті мен ауылдарда адам көп шоғырланатын жерлер мен көшелерде, бейнебақылау мен жылдамдық өлшегіш құрылғыларын орнату төрт жылдан бері шешімін таппай келе жатқанын, енді бұл бағытта іс-қимыл танытпаған тараптарды облыс әкіміне хабарлар етуден басқа амал қалмай отырғанын жеткізді.
Баяндамашы әрбір тіркелген қыл­мысты төтенше жағдай деп бағалап, себеп-салдарын анықтап, алдын алу­да «Құқық бұзу­шылыққа мүлдем төз­беушілік» қағида­ты бойынша бірлесіп іс-қимылға көшу мәселесіне тоқталды.
Бақташысы жоқ ауылда барымта көп.
Бұл жайында хабарламада ай­тылды: Мал ұрлығы былтырғы жылға қарағанда 6-дан 8-ге өскен.
– Есірткі қылмыстары 1-ден 3-ке немесе 200%-ға өскен. Бұл жерде енді мал ұрлығы қылмысына ерекше тоқталып өткен жөн. Ел тұрғындары жылқы, сиыр сияқты жануарларды бақташысыз, малшысыз, яғни қараусыз жайылымға жіберіп, кейін оны таппай жатады. Малдарын айлап күтеді, іздейді, сосын таппаған соң ұрланды деген уәждерімен полицияға жүгініп, қылмысты ашып, ұрыны тауып беруді талап етеді.
Қазақта мақал бар «Өзіңе-өзің берік бол, қонысыңды ұры тұтпа» деген, осы мақал дәл осындай жағдайға қарата айтылса керек.
Ұрлық қылмыстарының барлығы осындай жәйбарақаттықтан, бейқам­дықтан, қамсыздықтан орын алады деп айтсақ қателеспейміз.
Өткен жылы қылмыстың алдын алу, жолын кесу ретінде ең тиімді жолы жайылымдағы малдарды бақташының қарауына беру, пада жұмысын ұйымдастыру қолға алынып, биыл бұл бағыттағы жұмыстар бәсеңдеп қалғанын байқатады.
Осы тұста атап көрсету қажет мына биыл тіркелген мал ұрлығы қылмыстарының 8-нің 5-і Түгіскен ауылдық округінде орын алған.
Нақтыласақ, бүгінгі күні Түгіскен ауылындағы мал ұрлықтарына қатысты 5 қылмыстық іс тіркелсе, күдікті 4 адам ұсталды.
Осы қылмыстар аясында Түгіскен ауылынан 56 жәбірленушіден арыз түсті. Қалғандары бір-бірден Кеңес, Төменарықта тіркелді.
Мал ұрлығын қалай тоқтатамыз?
Мәжілісте аудан әкімі Руслан Рүстемов:
–Ауылда қоғамдастық, шаруа қожалықтары қаражат жоқ деп қарап отырмай бақташы мәселесін талқылауы керек. Мәселен пада жолға қойылған ауылдарда ұрлық-қарлық тиылған. «Тұсау-ат сақтайды, ат-ер сақтайды, ер-ел сақтайды» дегендей, сақтық мәселесіне ел болып жұмылуымыз керек, – десе, аудан прокуроры Дарын Әбіш мал ұрлығы бойынша белсенді ауыл азаматтары көп көмек көрсетіп жатқанын айтты. Осы тауқыметті іс-қимылдарды деректендіру бойынша әрекет етпесек атқарылған іс құмға сіңген судай нәтиже бермеуі мүмкін екеніне тоқталып, тиісті тараптарға тапсырма берді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
05 сәуір 2022 ж. 256 0