Жаңа ереже заң үстемдігін қамтамасыз етеді
Үш буынды модельдің мән-мазмұны жөнінде түсіндірме жасаған Жаңақорған аудандық прокуратурасының аға прокуроры Мұхтар Ендібергеннің хабарламасынан түйгеніміз төмендегіше:
Қылмыстық-процестік заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты статистикалық мәліметтер шешім қабылданған сәттен бастап 24 сағаттан кешіктірмей енгізіледі. Электронды қылмыстық істер жүргізу «wed erdr» электрондық ақпараттық жадында орнатылған арнайы шаблондалған қылмыстық іс – құжаттары арқылы жүзеге асырылады. Мәліметтердің барлығы автоматты түрде болғандықтан қылмыстық қудалау органымен қателік жіберу деректері азаяды және бұрмалауға жол берілмейді.
Ағымдағы жылдың үш айындағы деректерге сүйенсек, қылмыстық істерді тоқтату туралы қаулысының күшін жою саны 66,3%-ға азайған. Негізгі процестік шешімдердің нәтижесінде мерзімдерді үзу 40%-ға, тоқтату 50-%-ға, адамды күдікті деп тану 28,2%-ға, әрекеттерді қайта саралау туралы шешімдер саны 60%-ға төмендеген. Сотқа дейін тергеп-тексеру саласына келіп түсетін арыздардың саны 64,3%-ға азайған.
Келесі кезекте аудандық ішкі істер бөлімі бастығы Ғани Тұрсекеев хабарлама жасады.
– Көтеріліп жатқан мәселе өте өзекті, – дейді ол. Бұл құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысын алға ілгерілету мен қоса саланы қағазбастылықтан арылтады.
Тергеушінің кез-келген шешімі прокуратура органдарына жолданады да 24 сағаттың ішінде шешімнің заңдылығы нақтыланады. Бұл әрбір азаматтың конституциялық құқын қорғайды және екі жаққа да тиімді.
Сотқа дейін тергеп-тексеру жөнінде 2015 жылы енген жаңалыққа да кезінде үрке қарап, бұл міндетті екі ай мерзімде атқарып үйренген дағдымызға ауыр тигені рас. Жаңа тәсілге төселіп қалған қызметкерлеріміз үшбуынды модельді де жылдам игеріп жұмысты ширата түсетін болады.
1 қаңтардан бастап 84 шешім қабылданып, бекіту үшін прокуратура органдарына жіберілсе, 1 шешім бұзылып қайтарылды. Сондай-ақ 28 күдіктінің күдікті деп тану туралы шешімнің 27-сі прокуратура арқылы келісілді. Қылмыстық іс тергеліп жатқан уақытта қылмыстық істің барысына прокурорлық қадағалау күшейтілді. Бұл үш буынды модель алдағы уақытта да қылмыстық-процестік заңнаманы бұзуға жол бермейді, – дейді ол.
Жаңа ереже туралы аудан әкімі орынбасары Дархан Тұрсынбаев сөз алып:
– Елімізде құқық қорғау органдарының жүйесін реформалау бағытында тәуелсіздік алғалы сот, прокуратура саласында үш рет, полиция органдарында 6-7 рет өзгеріс болды. Соның нәтижесінде арыз-шағым 10,11 есеге азайған.
Енді құқық қорғау жүйесіндегі осы ашықтық пен жариялылықты халыққа түсіндіруіміз керек. Кез келген ауыл тұрғыны басына жағдай туындай қалғанда әкіміне баратыны анық. Ауыл әкімдері Aiti платформаға еніп, ортақ базада жинақталған ақпараттардан алдына келген адамды толық қанағаттандырып, алдағы іс-әрекетіне ақыл-кеңес беріп отыруы тиіс, – дей келе мемлекеттік қызметкерлерге жаңа талаптарды меңгеру қажеттігін ескертті.
Брифингті қорытындылаған аудан прокуроры Дарын Елтайұлы азаматтардың құқын қорғауды қамтамасыз етудегі прокуратураның рөліне тоқтала келе, жаңа заңды тиімді іске асыруда бірлесе іс-қимылға шақырды.
Баян ҮСЕЙІНОВА