» » Суды тиімді пайдалану – өзекті мәселе

Суды тиімді пайдалану – өзекті мәселе


Су – тіршілік көзі. Бірақ оның құрлықта біркелкі бөлінбеуі бірнеше рет дағдарыстар мен әлеуметтік апаттарға себеп болғаны рас. Әлемде судың жетіспеушілігі мәселесінің біздің елімізді де айналып өтпей, тығырыққа тіреуі мүмкін бе? Бұл бағытта ел Үкіметі қандай шара қабылдауға кірісті? Осы жөнінде аудандық мәслихаттың депутаты, «Казсушар» РМК Қызылорда филиалы, Жаңақорған аудандық өндіріс учаскесі бастығының орынбасары Баянбек Халжановпен сұқбаттасқан едік.

– Әлемде су тапшылығының әсерінен жердің құнарлылығы кеміп, орман, тау және басқа экожүйелер азып-тозу үстінде. Тұщы су тапшылығы бүкіл әлемде өзекті болып отыр. Бұған халық санының өсуін, судың басқа арнаға бұрылуын, сондай-ақ мұздықтардың еруін, құрғақшылық, жердің азып-тозу үдерісінің артуын қосыңыз. Өз аймағымызда осы мәселе күрделеніп барады. Біздің ауданның негізгі күнкөріс көзі егін және мал шаруашылығы. Егіс көлемі 36 мың гектардан кем болған емес. Халықтың санының өсуіне байланысты, жыл сайын гектары да артып отырады. Қазіргі уақытта осы 36 мың гектар жерді сумен қамтамасыз ету қиын болып тұр. Өйткені, шекаралық Сырдария өзені Қырғызстаннан басталады, Тәжікстан, Өзбекстан арқылы Шардараға келеді. Шардараның сыйымдылығы 5,2 млрд, Көксарайдікі 3 млрд. Бүгінгі таңда Шардарада 3,4 млрд текшеметр ғана су бар. Былтырғымен салыстырғанда өте аз. Көксарайға әлі су құйылған жоқ. Сол себепті 36 мың гектар егістің 7 мың гектарын ғана құрайтын күріш егіледі. Осы 7 гектарды мына судың есебінен ойдағыдай алып шығу әжептәуір мәселе болып алқабын аздырмай алып шығудың өзі мұң болып тұр.
Жақын күнде тау беткейдегі малдың бәрі Сыр беткейге көшеді. Сырға көш­кеннен кейін ол малға да су керек. Бұрын каналдарда су жата беретін. Қазір дарияның деңгейі төмен түсіп кеткендіктен, каналдарға су бармайды. Осыған байланысты үрмелі су тоспасы салынған. Қазіргі уақытта жарамсыз. Дегенмен бетонмен су тоспасы жүйесі салынса су аз болса да деңгейін көтеріп алар еді.
– Өте өзекті мәселені қозғап отырсыз. Енді осы мәселелерді шешудің қандай жолдары қарас­тырылып жатыр?
– Аудан көлемінде де, республика деңгейінде де жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы егістікті қамтамасыз ететін Сумағар, Келінтөбе, Сунақата каналы бар еді.  Ал, Тайпақкөл, Үрпек каналдары шағын жайылымдық көлдерге су береді. Негізгі егіске беретін мына Келінтөбе каналы. Бұл каналдан Келінтөбе, Қожакент, Аққорған, Машбек, Жаңарық, Қыркеңсе яғни 7-8 ауылдық округ нәпақасын тауып отыр. Ал, мына Сунақата каналының бойында Екпінді, Сунақата, Төменарық жерлері су алады. Сол себепті де, былтырғы жылы мына Сунақата каналын тазалау жұмыстары жүргізілді. Өзі барлық ұзындығы 26,5 км болса, соның 21,500 км тазалап берді. Яғни, 258 мың текше метр топырақ шығарды. Дарияның өте төмен деңгейінің өзінде, каналға су беріліп тұр. Өте жақсы жұмыс атқарылды деуге болады. Сондай-ақ, Келінтөбе каналының алды бөгеттеліп, қажетті техникалар келіп, тазалауға кірісті. Дегенмен, Келінтөбе каналында 88 км жерді реконструкциялау жөнінде ұсыныс бар. Президенттің жолдауында алдағы уақытта су тапшылығы сезі­леді. Соған байланысты 120 каналды реконструкция жасау тапсырылды. Со­ның ішінде осы Келінтөбе каналы да бар. Өткен сенбі күні облыстан тиісті басшылар келіп, мәселені жан-жақты талқылап, зерделеп кетті. Мен айтар едім, біздің ауданымыз да қол қусырып қарап отырған жоқ. Былтырғы жылы ауылдық округтерге қомақты қаржы бөлініп, Келінтөбедегі Л7, Р5, Р12, Қыркеңседегі Р 23, Қаратөбедегі Сумағар каналдары жақсылап тазаланды. Биылғы жылы да осындай қиыншылықты ескеріп, егістікті аман алып қалу үшін каналдарды тазалауға аянып жатқан жоқ. Бұрын-соңды бөлінбеген қаражатты аударып жатыр.
Сонымен қатар облыстан суды қайта пайдаланудың жолдары қарастырылуда. Күріштен қашыртқыға тасталған ыза суларды қайта егістікке пайдалануды ойластыруда. Соған байланысты об­лыстан біздің ауданға 8 насос беріп отыр. Атап айтсақ, судан қатты қиындық көретін Келінтөбе, Аққорған, Қыркеңсе, Жаңарық, Екпінді сынды елді-мекендерге тапсырып отыр. Алдағы уақытта су жетіспеген жағдайда  қашыртқыдағы суды қайта каналға айдап, суды екінші рет пайдалануға жұмыстар жүргізіп жатыр. Сайып келгенде, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр ғой. Бұл күрделі болғанымен, шешімдері мемлекет экономикасы мен ұлт денсаулығына айқындаушы ретінде ықпал ететін күрделі әрі стратегиялық маңызды мәселе. Сондықтан да, бар суды тиімді пайдалануға тиіспіз. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде судың 67% көлемі ауыл шаруашылығына жұмсалады. Өнеркәсіпке – 30%-ы кетсе, қалғанын шаруашылық-тұрмыстық қажеттілікке пайдаланамыз. Эко­логия, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі әзірлеген тұжырымдамада жерүсті су ресурстарын ұлғайту есебінен 2030 жылға қарай 5-7 текше км-ге жаңа су қоймаларын салу, 5 текше км дейін су үнемдеу, 15 текше км дейін жерасты суларын пайдалану жоспары енгізіліпті.
– Ал, тау беткейіндегі екі су қоймасының жағдайы қалай?
– Дұрыс айтасыз,тау беткейіндегі Бесарық су қоймасы, сыйымдылығы 15 млн. Екіншісі Жайылмадағы су қоймасы сыйымдылығы 8 млн. Биыл бұл екі су қоймасының да жағдайы мәз емес. Жылда бұндай уақытта әжептеуір су жиналып қалатын. Мысалы, Бесарықта 15 млн-ның орнына  2,5 млн ғана су жиналып тұр. Жайылмада да сондай 2 млн-ның үстінде ғана. Осының барлығы ауа-райының әсері ғой. Күннің күрт жылынып, мұздықтардың еріп кетуі, қардың аз жабуынан туындап отыр. Айталық, судың бастау алатын Қырғызстандағы «Тоқтағұл» су қоймасының сыйымдылығы 19 млн болса, қазір 9 млрд ғана су жиналып отыр. Ал, 6 млрд мөлшерден кейін су төменге ақпайды. Өйткені, су қоймасын сай жерден істейді ғой. Одан бермен қарай Өзбекстан, Тәжікстан бар. Оларда егін егу керек, халқын асырау керек. Қазақта мақал бар ғой, «Сағадағы су ішеді, аяқтағы у ішеді» деген. Сол у ішетін жағдай бізге келіп тұр. Дегенмен, мемлекет басшылары араласып, мәселенің шешу жолдарын қарастырып жатыр. Оның үстіне, әр мемлекеттің өзінің сыбағалы суын беру керек деген өзара келісім бар. Қазіргі таңда суды Шардараға жинап жатыр.
– Судың тап­шылығы туындаған уақытта суды аз талап ететін да­қылдарды егу қаншалықты тиімді?
– Бұл бағытта егінді әртараптандыру қолға алынып жатыр. Мысалы, күріштің гектарына 24 - 32 мың куб су қажет. Ал, картоп, жүгері сынды бақша дақылдарына 7-8 мың деңгейіндегі суда пісіп жетілдіруге болады. Аудан көлемінде де осы егінді әртараптандыруды барынша қолға алып жатыр. Мал азығы бағытында мақсары, жүгері егілуде. Бірақ мехнаты бөлек. Күріш сынды төзімді емес, дер кезінде қимыл қажет.  Кауын, қарбызды да уақытында өткізбесе іріп кетеді, жарамсыз болып қалады. Одан бөлек, картопты егу үшін оған адам қолы көп керек. Ал, күрішті себеді, су береді, табанында су жатса күзде жинап алады. Оның үстіне, облыс бойынша малдың саны бізде көп. Бір жағы күріштің кебегі малға жем, азық. Сол себепті де, күріш егу біздің  аймаққа өте тиімді. Дегенде, алдағы уақытта әртараптандыруға көшпесе болмайды.
– Міне, қыстың соңғы айы. Әне-міне дегенше диқан кетпенін сайлайды. Осы тұста, дала еңбеккерлеріне қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Осы бастан шаруалар жердің тегістігіне мән беріп, егінді су шығатын жерге ыңғайластырмаса су тапшылығы былтырғыдан да қиын болуы мүмкін. Әрбір шаруа өзінің жерінің жағдайын жақсы біледі ғой. Жерін таппаған оны мәпелегенмен өз дәрежесінде өнім ала алмай қалса өкініштің көкесі сол. Сонымен қатар, мүмкіндігінше ерте әрекет етіп, ертерек егінді жинап алуға жұмыс жасау керек. Өйткені, тамыз айына қарай Шардара су қоймасына тоспа қойылады. Өйтпеске тағы амал жоқ. Бар-жоғы 5 млрд текше метр судың 1 млрд өлі су деп есептейді. Ішіндегі балығы бар, басқасы бар тіршілік ету керек, сасымау керек. Ал, олар сасыса эпидемия болады.  Оның үстіне, Шардара халқы содан ауыз су ішіп отыр.Одан төмендетіп жіберсе, судың құрамы өзгеріп, нашарлап кетеді. Осының барлығы ескерілсе керек.  
–  Су – тіршілік көзі, ар-ұят, адал­дықтың өзі. Осы тұрғыдахалық қалаулысы ретінде қоғамда қол­таңбаңыз қандай?
– Адалдық  – адамгершілік парасаттың ең биік шыңы. Ол кез-келген істе, әрекетте, сөзде өзінің пендешілік мүддесінен адамшылық мүддесін жоғары қоя білуді білдіреді. Атам қазақ «Адамдықтың нұры бол, адалдықтың құлы бол» деп, адам баласын ақиқатты ардақ тұтуға шақырады. Шамамыз жетсе, осы тұрғыдан таныла білген азаматқа одан артық мақсат жоқ.
–  Қызмет өтіліңіздің 40 жылын су саласына арнадыңыз. Кәсібіңізді неден бастадыңыз?
– Алғаш еңбек жолын тап осы мекемеде бастағанмын. Құлжабек Әйменов, Болат Бегімбетов, Өндірбек Өмірбеков, Дәрібай Айдарбековтер басшылық еткен мекеменің ыстық-суығын көрдім десем қателеспеймін. Канал қазуға, тазалауға бардық. Көп жұмысты өзіміз істедік. Егіншілерге су жеткізу міндеті тұрғандықтан жұмыста санаспадық. Он жылдан бері мекемені басқаратын Әбдімәжит Ахметов те іскер, талапшыл басшы. Еңбегімді елеп, Зұлпыхар Мұсахановтың 100 жылдығы қарсаңында «Үздік су мұрабы», «Ауыл шаруашылығы саласының ардагері» медалімен марапатталдым.
– Сіз үшін депутаттық міндет пе, мандат па?
– Депутат – халық пен биліктің дәнекері. Елдің арасында жоғары жақта отырғандар білмейтін небір мәселелер бар. Соларды өз деңгейінде жеткізу міндеті тұр. Депутаттық мандат елге қызметтің бір платформасы деп ойлаймын. Ауылды дамыту – ол елді дамытудың өзегі. Аграрлық секторды дамыту арқылы жетістіктерге жетуге болады. Мысалы, біздің өңір малының етінің дәмділігі бүкіл Қазақстанның сұранысын тудырып отыр. Өйткені ол даланың таза табиғи шөптерімен қоректенген. Сол сияқты айран, сүті мен шұбаты да тіл үйіреді. Өнімділікті көбейтеміз деп дәмі жоқ, көп жеміс беретін ағаштарын өсірумен айналысып жатқан шаруашылықтар бар. Негізгі ұстаным табиғи таза өнім болу керек. Біз сонда ғана сұранысты өз деңгейінде ұстана аламыз. Сол сияқты көпбалалы аналарды қолдау, төрт балалы аналарға «Батыр ана» статусын беру керек. Біз аналарға жағдай жасау арқылы қазақтың санын көбейте аламыз.
– Аға, өте әсерлі әңгімеңізге үлкен рақмет!
Әсел РЗАЕВА
06 ақпан 2022 ж. 661 0