№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Егінге су жеткілікті ме?

Егінге су жеткілікті ме?


Сырдың бас дақылы – күріш дәл осы айда судан тарықпағаны абзал. Өйткені, ала жаздай суда тұратын дәнді дақыл сүт (дән) байлайды. Егер су жеткіліксіз мөлшерде болса дән күрмекке айналып, диқанның еңбегі зая кетеді.
Өздеріңіз білетіндей, Сырдария өзенінің суы жыл өткен сайын азайып, қайыр жерлер көбейді. Биыл да судың деңгейі кемелінде дей алмаймыз. Осы ретте, мамандар мен диқандарды сөзге тартып, егінге су жеткілікті ме? Соны білдік....

Біздің алаңдауымызға негіз бар. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше, биыл Тоқтағұл су қоймасының көлемі соңғы 5 жылдағы ең төмен көрсеткіште су жиналды. Жасанды көл 15 млрд. текше метр суды қабылдай алса, қазір не бәрі 8,7 млрд. текше метр су жиналды. Шардара су қоймасында өткен жылмен салыстырғанда су аз түсті. Мәселенің мәні қайда жатыр? Егер су қоймаларынан тиісті мөлшерде су жіберілмесе, дариядағы қайырлар өткелге айналуы әбден мүмкін.
Былтыр диқандар су тапшылығын сезініп, атыздан шыққан суды атызға құйып, дәнді дақылды жинап алған-ды. Соның салдарынан былтырғы 8346 гектар күріштіктің көлемі 7000 гектарға қысқартылды.
Диқандар шіліңгір шілдеден өтіп, тамыз айы келгеннен орағын қамдап, астық жинау науқанына дайындалады. Иә, тамыздың бел ортасы ауғанда күріштің суын тарта бастайды.
Аудандық мәслихаттың депутаты, «Казсушар» РМК Қызылорда филиалы, Жаңақорған аудандық өндіріс учаскесі бастығының орынбасары Баянбек Халжанов:
– Қазір Сырдария өзенінен Шардара су қоймасына 550 метр куб су келуде. Ал, Шардараның жалпы сыйымдылығы 5,2 миллиард текше метр болса, қазір 3,9 миллиард текше метр су жиналды. Көксарай су реттегіші 3 миллиард текше метр су қабылдауға мүмкіндік бар, онда 1 миллиард текше метр су бар деген сөз. Дәл қазір Сырдария өзенінде 250 метр куб су ағуда. Бұл – жылдағы су мөлшерінен бірнеше есе төмен. Әйткенмен, осы су деңгейімен егінді жинап алуға мүмкіндік бар, – деді.
Ауылшаруашылығы саласын­да табыс табудың жолы – нарықты терең зерттеп, егінді әртараптандыру маңызды. Бұл сөзімізді «ҒӨ Агротехнология» ЖШС төрағасы Керімхан Егізбаев та қуаттап:
– Бүгінде суды аз талап ететін техникалық дақылдар, бау-бақша өнімдерін өсіруге басымдық бергеніміз абзал. Әйткенмен, күріштен мүлдем бас тартуға болмайды. Біздің топырақ тұзды. Күріш егу арқылы топырақтың жарамсыз болуынан сақтаймыз, – дейді.
Егін шаруашылығы саласын әртараптандырудың маңызын жыл өткен сайын сезініп келеміз.
– Қазір су тапшылығы қатты байқалуда. Бұдан түйетініміз, егін шаруашылығы саласын әртараптандыру маңызды. Біздің диқандар көкеніс түрлері мен бұршақ тұқымдасына, майлы дақыл түрлерін игеріп, өзіміздің нарықты игеруі тиіс. Шиелі ауданы күрішпен қатар қызанақ экспорттап отырғанын айтуға болады, – деді аудандық ауылшаруашылығы бөлі­мінің гидротехник маманы Жасұлан Тұрапов.
Дағдылы кәсіптен өзгесіне ауысу оңай емес. Күріш шаруашылығы да дәл сондай. Бүгінде күрішті Қырғызстан, Өзбекстан және т.б елдерге экспорттайтын шаруа­шылықтар бар. Олар дақыл­дың басқа түрін игеруге ниет танытпайтыны айтпаса да түсінікті.
Биылғы аяқ судың дегейі жеткілікті ме, диқандардан осы­ны сұрадық. «Аден» шаруа қожалығының төрағасы Әбдірахман Сапарбаев:
– Соңғы екі-үш жылдан су тапшылығын көріп келеміз. Күріш өзі суды көп қажет ететін дақыл ғой. 56 гектарға күріш ектім. Дәл қазіргі уақытта судан тапшылық жоқ. Бұйырса, тамыздың жиырмасынан кейін егінді жинаймыз. Оған дейін су бірқалыпты болады деген сенімдеміз, – дейді ол.
Ырзық несібесін жерден табатын ауыл тұрғындарының әлеуеті егіннің шығымына байланысты, сондықтан су жеткізуден қиындық туындаса есіл еңбектің бәрі зая кететіні сөзсіз. Ал, «Алшынбай Ш» шаруа қожалығының иесі Бағлан Ерімовтен де егіннің жайын сұрап білген едік.
– Ауыл шаруашылығы – эконо­миканың негізгі тірегі. Бұл сала мемлекеттің қолдауына ие. Ал, егінді әртараптандыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі әрі біздерге де осы бағытта ізденіп, еңбектенеміз. 100 гектарға күріш ектім. Әзірге судан ешқандай таршылық көріп жатқанымыз жоқ. Бізге егінді жинап алғанша әр күніміз қымбат, – дейді диқан.
Ауыл шаруашылығы – еліміздегі ең маңызды саланың бірі. Сон­дықтан, аграрлық секторға қатысты мәселелерді Президент өзінің жіті бақылауына алып отыр. Өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласын дамыту және өндірілген өнім көлемін арттыру мақсатында қарқынды жұмыстар әсте бәсең­сіген емес. Бұл жұмыстар алдағы уақытта өз жемісін беріп, бүгінгіден де жоғары жетістіктерге қол жеткіземіз деп сенеміз.

Әсел РЗАЕВА
28 шілде 2021 ж. 530 0