№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Күріштің көлемі азая ма?

Күріштің көлемі азая ма?

Былтыр Сыр диқандары су тапшылығына қарамастан күріштен межелі жоспарын орындай алды. Әсіресе жаңақорғандық шаруалар аяқ судың аздығы сезілсе де 8 мыңнан астам гектарға күріш дәнін тастап, ойдағыдай өнім ала алды. Бірақ биыл егілетін күріштің көлемін қысқарту керектігі айтылуда. Мәселенің мән-жайын сала мамандарынан біліп, меже қалай болатынын зерделеп көрдік.

Ауданда ауыл шаруашылығы өнді­рісімен айналысатын 781 шаруашылық құрылымының 485-і егінге ден қойған. Оның ішінде 200-ге жуық шаруашылық күріш өсірумен айналысады.
Көктем келді, аз уақыттан соң шаруалар кетпенін сайлап, егіс даласына бет бұрады. Күріш дақылын негізгі өнім санағандықтан тұрғындар осы кәсіпке бейімделді. Мәселен, Қармақшы ауданындағы Ақтөбе ауы­лында бүтіндей бір ауыл 2 мың гектар күріштен нәпақасын тауып отыр. Сол секілді біздің де кейбір ауылдар ала жаздай еңбек етіп, күріштен ырзық-несібесін теруге бейімделді. Бірақ биыл жылдағыдай еркіндік болмайтын тәрізді. Оған басты себеп – су тапшылығы. Бұл туралы облыс орталығында өткен жиында да сөз болды. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов, ҚР ЭГТРМ Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров және жергілікті шаруа қожалық өкілдері қатысқан жиында көтерілді.
Жалпы биыл Қызылорда облысы аумағында 84,4 мың гектар күріш орналастырылады деген жоспар бар екен. Оның 7 300 гектары біздің ауданға тиесілі.
– Су азаймаса, көбейіп жатқан жоқ. Бастысы, үнемді пайдалануымыз қажет. Әрине, Сырдарияның су жағ­дайы жоғарыдағы су қоймаларына тікелей байланысты. Өңірдегі су тораптары, егіс алқаптарына қатысты мәселелерді жақсы білемін. Барлығын зерттеп жатырмыз. Оңтайлы шешім табуына жұмыс жасаймыз, – деді Серік Қожаниязов.
Бүгінде «Тоқтағұл» су қоймасындағы жиналған судың көлемі 10,0 млрд текше метрді құрайды. Ал Шардара су қоймасына жоғарыдан секундына 397 текше метр су түсуде. Жалпы қазір «Шардара» мен «Көксарайда» 5,2 млрд текше метр су жиналған. Әрине аз су емес, дегенмен өңір бойынша егілетін өнім тек күріш ғана емес, басқа да бақша дақылдары мен жеміс-жидек те жеткілікті.
Аудандық мәслихат депуттары мен ауылшаруашылығы мен су мамандары елді мекендерді аралап судың деңгейі жылдағыдан төмен болатынын ескертіп, қазірден шаруа қожалық төрағаларына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, күрішті межеленген мөлшерде егуді басшылыққа алу маңызды екенін ескертуде. Былтыр 50 гектар күріштіктің сусыз қалғаны рас. Сондай жағдай қайталанбауына түсіндірме жұмыстары жиі жүргізілуде. Дегенмен шаруалардың еркі өзінде, сондықтан талап емес, түсіндірме ғана жүргізіледі. Қалғаны диқандардың өз еркінде. Ал судан тапшылық көрмеудің амалы – канал мен су қашыртқыларын қазу, тезірек тазалау, апаттық көпірлерді жөндеуді ертерек қолға алған дұрыс. Ауылдағы ағайын осылай дейді.
Аудандық мәслихаттың депутаты, «Казсушар» РМК Қызылорда филиалы, Жаңақорған аудандық өндіріс учаскесі бастығының орынбасары Баянбек Халжанов:
– Қазір Сырдария өзенінен Шардара су қоймасына 567 метр куб су келуде. Ал, Шардараның жалпы сыйымдылығы 5,2 миллиард текше метр болса, қазір 3,9 миллиард текше метр су жиналды. Көксарай су реттегіші 3 миллиард текше метр су қабылдауға қауһарлы болса, онда 1 миллиард текше метр су бар. Дәл қазір Сырдария өзенінде 250 метр куб су ағуда. Бұл – жылдағы су мөлшерінен бірнеше есе төмен, – деді.
Егіс көлемін көбейтіп, мол өнім алудың негізгі бағыты тың жерлерді игеру мен әртараптандыру, – деді білікті мамандар. Яғни бір жерге жыл сайын күріш дәнін тастай бергеннен гөрі ол аумаққа басқа да дақыл егу маңызды. Бұл ғылыми тұрғыда да зерделенген.
– Ауданда соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы дақылдарын әртарап­тандыруға басымдық беріліп келеді. Биыл да осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында өнім көлемі өзгеретін бо­лады. Ал Сырдария өзенінде қалыптасқан жағдайға байланысты күріш көлемі кемитіні рас. Осыған байланысты шаруаларға түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз, – деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас агроном Даурен Абибуллаев.
Демек биыл аудан диқандары күріш көлемін қысқартып, орнына басқа да дақыл түрін көбейтуді мақсат ететін секілді. Әсіресе мал азығы өтімді болып тұр. Сондықтан осы бағытқа икемделіп, шаруаны қайта ширатып, кәсіпті кеңейту керек тәрізді. Өйткені Жаңақорған жері шұрайлы, мұны еңбеккерлер жақсы біледі.

Әли ТЕМІРБЕК

---
02 наурыз 2021 ж. 628 0