Математика – білімнің бастауы
Өз басым ұстаздар мерекесінде марапатталғандар ішінде Гүлшура Беймағамбетованы жоғары бағаладым. Себебі, ол – математик. Ал, математика – білімнің бастауы екені белгілі.
24 жылдан бері Жаңарықтағы №167 орта мектепте шәкірт тәрбиелейтін мұғалімнің мерейі қашанда үстем. Әр жылдары аудандық және облыстық деңгейдегі марапатпен мадақталып келеді.
– Гүлшура ұстаздың ширек ғасырға жуық еткен еселі еңбегін білеміз. Қаншама шәкірт қанатының астынан сусындап, толағай табыстарға жетті. Жаратылыстану бағытын таңдаған оқушылардың ішінде математика ғылымына бет бұрып, бүгінде бір-бір саланы тізгіндеп жүрген шәкірттері аз емес. Бұл жетістікте қаншама маңдай тер, қажыр-қайрат жатыр. Ұстаздар осынысымен қадірлі, жалпы біздің мектептің өткені мен бүгінін сараласақ қаншама тұлғалар түлеп ұшты, – деді мектеп директоры.
Рас, бұл білім ордасы киелі шаңырақ, қаншама елге еңбегі сіңген тау тұлғалар, қоғам қайраткерлері осы мектептен тәлім алды. Одан кейінгі жас, орта буынды азаматтар да ел игілігі жолында еңбек етіп келеді. Алғаш әріп танып, білім биігіне жол тартып, тәжірибе толықтырып, қайта құт мекеніне қонған жанның қатарынан бүгінгі кейіпкерімізді жатқызамыз. Осы мектепті бітіріп, 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универститетіне оқуға түседі.
– 1997 жылы дипломды қолыма алып, ауылға қайта оралдым. Еңбек жолым өзімнің білім алған ордамда басталды. Шыны керек, бала кезімнен ұстаз болуды армандадым. Пәндердің ішінде математиканы жақсы көрдім, оқушы кезімде саыстар мен түрлі байқауларға, пәндік олимпиадаларға қатысып жүрдім. Менің арманым орындалды, бірақ мақсат көп, бәрінен бұрын шәкірттерім бүгінгіден де биіктерге көтерілсе деген тілегіммен келемін. Мұғалімнің жемісі, бағасы шәкірт жетістігімен өлшенеді ғой. Мен осы жолда аянбай еңбек етіп келемін, – деді кейіпкеріміз.
Бастауышпен қоштасып, күрделі есептер енген бесінші сыныпқа қадам басқан әрбір балаға дұрыс бағдар беру тікелей мұғалімге байланысты. Көбейту формуласы, квадрат теңдеуді шешу сынды есептерді жақсы меңгерген оқушының математиканы алып кетері анық. Бұл пәннің өзіндік оқыту әдістемесі бар. Кейде қиын есептер туындағанда жаңылысып жататынымыз рас. Бұл пәнмен болашағын екінің бірі байланыстыра бермейді, себебі де түсінікті.
– Жалпы математика сабағын, осы пәнді болашақ мамандық етуге көп оқушы жүрексінеді. Шындығында бұл саланың салмағы ауыр болғанымен, болашағы зор. Қаншама шәкірт тәрбиеледім, олардың көбі өзге өңірлерде жүр, менің ізімді басқан оқушыларым да жоқ емес. Бүгінде мектеп қабырғасында тәлім алатын жеткіншектер ішінде математиканы таңдайтындар да жетерлік. Солардың қатарында жүрген Нұрсейіт Нұрдаулет жақында республикалық «Айқанат» байқауында жүлдемен оралды. Аудан, облыстық сында жақсы нәтиже көрсеткен шәкіртім республикалық деңгейде де өзінің білімділігімен дараланды. Бас жүлдеге бір табан жетпей қалды, сауалдар мен тест, яғни есеп шығаруда жақсы көрсеткіш көрсетті. Міне, бұл менің бір ғана оқушымның алғашқы баспалдағы, – деп шәкірттерінің жетістіктерімен мақтанды.
Педагогтар отбасында өскен Гүлшура апай отағасы екеуі 5 ұл-қыз тәрбиелеуде. Үлкен үш ұл-қызының арасында «Алтын белгі» иегері және қызыл диплом иегерлері де бар. Оның ішінде, «ІТ» саласын таңдап, жаңа технология мен жарқын жобаларды игеруде білім алып жүрген өзінің баласынан көп үміт күтетініміз рас. Өйткені, бүгінгі заманның талабы, қазіргінің негізгі мамандығы жаратылыстану бағытында.
Түйіндей айтқанда, жауапкершілігі ауыр саланың жүгін көтеріп, елдің ертеңі болар ұрпақ тәрбиелеп жүрген жалпы ұстаздар қауымының қай-қайсысы болмасын құрметке лайық. Әсіресе, салмақы зілдей математика пәнінен 24 жыл бір мектепте шәкірт тәрбиелеп жүрген Гүлшура Беймағамбетова ерекше мақтауға лайық. Саналы ғұмырын осы жолға арнап келе жатқан ұстаз туралы әлі талай жазармыз, өйткені мұғалім жүрген жол тарлан тарихқа таңба басылғандай өнегелі өріс.
Әли ТЕМІРБЕК