» » ЖАҚСЫДА ЖАТТЫҚ ЖОҚ

ЖАҚСЫДА ЖАТТЫҚ ЖОҚ


«Егемен еліміздің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі өз орны, ең алдымен білім мен тәрбиенің бастауы – ұстаз қолында». Осылай деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұстаздар қауымының өлшеусіз еңбегіне жоғары баға беріп, адам капиталын дамытуда белсенділік танытуға шақырды.
Мектеп қабырғасынан аттаған әр баланы күлімдей қарсы алып, партаға қалай отырудан бастап, әріптерді тануды, есеп шығаруды, көркем оқуды, әдемі жазуды үйрететін еңбегі ерен – ұстаздар қауымы.
«Ұзтаз – ана» деп, мұғалімнің мәртебесін туған анамен парапар етудің өз сыры бар. Ол әр баланың ынта-ықыласын, қабілетін, дарынын жан-жақты зерттеп, мейірім шуағын төгіп, жүрегіне жол таба білетін тұлға. Міне, осындай ұстаздар қатарында Н.Илялетдинов атындағы №169 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Саламат Изатова бар. Ол өз Отанының шын патриоты. «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей түрлі ұлттардың ұрпағын өсіріп, тәлім-тәрбие негізін сыйлап жүр. Сыныптағы оқушылардың жүрегінен орын алып, шынайы махаббатына бөленген.
Саламат Изатова жастайынан мұғалім болуды арман етіп, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі бастауыш мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын өзі түлеп ұшқан Н.Илялетдинов атындағы №169 орта мектебінен бастайды. Ізденімпаз ұстаз жайында мектеп директоры Ержан Әлімжан:
– Тынымсыз ізденісінің нәтижесінде әр сабағы тартымды өтеді. Ол үнемі сабақ барысында техникалық құралдарды, түрлі схеманы және ойын элементтерін пайдаланады. Ұстаздың шеберлігінің арқасында шәкірттері білімге, өнерге және кітап оқуға қызығушылығы арта түсуде, – деді .
Әріптестерінің арасында сыйы артқан ұстаздың адамгершілік қасиеттерін сөз еткен ұжымдастары оның кішіпейіл, қамқор әрі адал екенін жасырған жоқ. Ең маңыздысы, сабағын өмірмен байланыстырып өтуінің арқасында шәкірттерінің озық білім алуына ықпал етуде.
Саламат Шамсутдинқызының абыройлы еңбегін сынып оқушыларының ата-аналары да жоғары бағалайды. Үнемі ата-анамен байланыс құрып, балалардың сабағын қадағалап жүретін ұстаздың шыдамдылығы мен сабырлығы өлшеусіз.
Осындай қасиеттерінің арқасында сыныптан талай талантты шәкірттер шығуда. Солардың ішінде Алия Юнусова Республикалық байқауда «Жанартау» ғылыми жұмысы бойынша 1-орын, Аяулым Төлеухан, Дильназ Аблазим және Балнұр Сейдахметова «Қонжығым» республикалық марафонында жүлделі оралды. Осы секілді көптеген оқушылар аудандық, облыстық байқауларда бақ сынап, ғылыми ізденісі жоғары екенін дәлелдеуде.
Жолдасы Фарман екеуі 4 бала тәрбиелеуде. Отбасы мен мектеп жұмысын қатар алып, өзінің ізеттілігінің арқасында көпке сыйлы бола білген Саламат Изатованы өз ісінің шебері, нағыз маман деуге негіз бар. Ұлттардың ұрпағын ұйыстырып, бір-біріне татулық пен достықты жарастыра білген мұғалімнің қасиеті көпке үлгі болса игі.

Мөлдір ДҮЙСЕНБАЕВА.
17 сәуір 2018 ж. 1 526 0