№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » ҒЫЛЫМҒА ҚҰШТАРЛЫҚ – ІЗДЕНІСКЕ ІҢКӘРЛІК

ҒЫЛЫМҒА ҚҰШТАРЛЫҚ – ІЗДЕНІСКЕ ІҢКӘРЛІК


№110 мектеп-лицейде физика пәнінен сабақ беретін Ұлмекен Күздеубайқызының шәкірт тәрбиелеуде жеткен жетістігі мол. Сондықтан, білімді мұғалімнің педагогтық тәжірибесінің сырын ашуға тырыстық. Өмірінің 32 жылын ұстаздыққа арнаған мерейлі жан еңбек жолын Қожамберді ауылындағы №162 орта мектепте бастайды.
– 1982 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде білім алдым. Үлгілі студент болуға ұстаздарымның еңбегі зор болды. Хадиша Шүкірова, Базарбай Жаманқұлов ағай физикаға бағыт-бағдар берсе, Әйтбек Зертюлиев ағай физика заңдылықтарын меңгеруге күш салды. Ол кісінің ізін жалғап, оқушыларға сапалы білім берудің әдіс-тәсілін меңгергенім рас. «Шәкірт болып көрмеген, ұстаз болып жарытпас», демекші осындай ұстаздардан тәлім алғанымды мақтан тұтамын, – дейді ұстаз.
Осы уақытқа дейін қаншама «Алтын белгі» шығарған мұғалім көбіне оқушыларды ғылыми еңбекпен айналысуға тәрбиелеп келеді. №163 білім ордасында физика пәнінен бірнеше жыл сабақ беріп, 1996 жылдан бері №110 мектеп-лицейде қызмет ететін ұстаздың шәкірттері елдің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етуде. Мәселен, Жанәділ Шайдаров, Әділбек Қалжанов сынды жастар техниканың тілін ұққан білікті мамандар. Өткенге емес, кейінгі жылдарға көз жүгіртсек талай жас өрен білім ошағында қанатын қатайтты. Соның бірі – Рамазан Бектас. Аудандық, облыстық сайыстарда ғылыми жобасын қорғап, үздік атанып жүрген шәкірті Ө.Жолдасбеков атындағы оқушылардың математикадан және механикадан зерттеу жұмыстарының халықаралық конкурсында жүлде алды. Одан бөлек Бейбарыс Елеусіз Польша елінде білімін шыңдауда. Ол да ғылыми жобаның жетістігінен шет елден тәлім алып жатыр. Мұның бәрі ұстаз тәлімінің нәтижесі.
Қазірде төрт шәкіртін өнертапқыштық бағытта тәрбиелеп келе жатқан кейіпкеріміз шәкірт жүрегіне жол таба білетін қасиетімен ерекшеленеді. Содан болса керекті ұжым арасында да сыйлы. 1986 жылдан бері білім саласында қызмет етіп келе жатқан апайдың жетістіктері де мол. Осы жылдар аралығында аудандық және облыстық білім бөлімінің «Құрмет грамотасымен» бірге аудан және облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
– Ұлмекен апайдың мектепке сіңірген еңбегі зор. Әсіресе, жаңашылдыққа бетбұрысты айқын ізге қойған ұлағатты ұстаз. Шәкірт жүрегіне жол тапқан ол еңбекқорлығымен, өз ісінің нағыз маманы болуымен құрметті, – деді мектеп директоры Әділмырза Тәждинов.
Ұлағатты ұстаз өзінің жылдар бойы жинақтаған іс-тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп отырумен қатар, білім берудің педагогикалық әдістерін ұжымдағы жас мұғалімдерге үйретіп, оларға қамқорлық танытып жүреді. Бүгінде физика-информатика бірлестігінің жетекшісі Ұлмекен апай мектепте ұстаз, отбасыда екі қыздың анасы.
– Жалпы, ғылыми жұмыспен айналысу екінің бірінің қолынан келе беретін дүние емес. Сондықтан бойында дарыны бар, өзгелерден ерек оқушылар дараланып тұрады. Қиялға қанат бітіріп, ойдағы макетті құрастыра білген өнертапқыш қана ғылыми жобаны алып шыға алады. Ең бастысы талап қоя білу керек. Өзім ұстаз ретінде ұстанатын ұстанымым – тәртіп, үнемшілдік және ұқыптылық. Осы қағидаларды ұстана білген оқушы ғана ұтады, – дейді ол. Иә, «ұстазы талапшыл болса, шәкірті талантты болады» деген осы болар.
Қорыта айтқанда, Ұлмекен апайдың оқушының толағай жетістіктерге қол жеткізуіне, ата-ана сенімін жоғалтпай, уақытпен санаспай еңбек етіп жүргені жастарға өнеге.

Әлібек ТЕМІРБЕК.
09 қаңтар 2018 ж. 2 133 0