№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Талапшыл ұстаз танымал шәкірт тәрбиелейді

Талапшыл ұстаз танымал шәкірт тәрбиелейді

Ұстаз – шәкірттің екінші анасы. Әдемі теңеу қарапайым естілгенімен бұл дәрежені көтеріп жүру әрбір ұстаздың ұлы міндеті десек те болады. Бұл екінің біріне бұйыра бермейтін бақ, қолынан келе бермейтін ұлағатты іс. Екпінді ауылдық округіндегі №166 мектептің ұжымы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Забира Асанқызының тұлғалық қасиетін, сабақ беру үрдісін, жалпы ұстаздың бейнесін осылай бір ауыз сөзбен бағалады. Расында солай екен...
          
Ғасырға жуық тарихы бар Екпінді ауылын есімен мақтана алады десеңіз, ең алдымен, елге еңбегі сіңген тарихи тұлғалар, дарынды азаматтар шыққан киелі мекен. Социалистік Еңбек Ері Әлі Исаев, Халипа Түлкібаева, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков және өзге де қазақ қоғамында ұлттық мүдде жолында қызмет еткендер туған шаңырақ. Осындай ел сыйлаған ерен тұлғаларға дәріс берген ұстаздардың еңбегі қашанда абырой биігінде тұрады. Сол ұлағатты ұстаздардың өнегелі жолын жалғап, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген Забира Орынбасарованы қалай дәріптесек те жарасады.
Жалпы мұғалімге ең керек қасиет – мінез, сабырлық, ізденімпаздық болса, біз осы бір сипаттарды кейіпкерімізден көруге болады. Алдымен мектеп директоры Құралай Үсенқызымен байланыстық, ой-пікірін тыңдадық.
– Біздің мектептің кешегісі ауылдың тарихы іспеттес мол ғибратқа толы. Қаншама шәкірттер өсіп-өніп, бүгінде елдің дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырып келеді. Оларға тәлім берген ұстаздардың еңбегі де елеулі, Забира Асанқызы туралы көптің пікірі оның өзінің және шәкірттерінің жеткен жетістігін көрсетіп тұр. Біз осындай мұғалімдермен мақтана аламыз, қашықтықтан оқу болса да оқушылары онлайн байқауларға қатысып, мерейімізді асырып келеді, – деді білім ордасындағы жауапты басшының бірі.
Шәкірттер демекші, Забира апайдың оқушылары жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Әсіресе әдебиетке жақын оқушылары байқаулар биігінде жүр. Ердәулет Әлібаев «Мәңгілік ел» жыраулар поэзиясында 1-орын алса, «Ақ бота» интеллектуалды марафонында Нұрай Қабылдаева дараланды. Ал Ақтолқын есімді шәкірті 3-орынды иеленіпті. Сол секілді Ақсамал және Асылжан есімді қос оқушысы «НИО» байқауында озық танылды. Ал кейіпкеріміздің өзі Қазақстан интернет олимпиадасында жеңіс тұғырынан көрінді. Осындай еселі еңбегінің арқасында облыстық білім қызметкерлері кәсіподағының «Құрмет грамотасымен»
марапатталды.
Забира ұстаздық қызметке 2004 жылы келіп, Алматыдағы қыздар педагогикалық университетінде алған білімін 16 жылдан астам уақыт балаларға беріп келеді. Содан бері қаншама шәкірт өсірді, биікке қанат қақтырды. Белсенді ұстаз көбіне оқушыларымен бірге мектепте өтетін іс-шараларға жиі араласып, қолдау білдіріп отырады. Жаңартылған білім беру мазмұнының бағдарламасын жақсы меңгерген маманмен
тілдескенімізде:

– Менің арманым – әр оқушым өмірден өз орнын тапса деймін. Қазіргі оқушылар ізденгенді, ілгері талпынғанды жақсы көреді. Оларды жігерлендіріп, әсіресе тәртібін түзеп отыруға тырысамыз. Ең бастысы, ертеңіне сеніммен қарай алатын, бүгінгі күннің бәсекесіне төтеп  бере алатын ұрпақ тәрбиелеу. Осы жолда ерінбей еңбек етіп, маңдай терімізді төгіп келеміз. Кез келген ұстазға шәкіртінің озық болуы баға жетпес байлық. Сол жолда табанды еңбекті серік еттім. Мен өзімнің 9-сыныбымды мақтан етемін, – деді ол.
Біздің бір байқағанымыз, ұстаз өте салқынқанды, сыпайы, тік айтатын жан екен. Талапшылдығы, батыл шешім қабылдай алатын мінезділігі, балалармен жұмыс жасауы, көркем әдебиетке оқушыларды көбірек баулуы бізді қызықтырды. Мұғалімнің сабағына қатыса алмасақ та оқушыларының мына бір өлең жолдары бәрін түсіндіріп тұрғандай:
Жұп жазбастан жүреміз,
Біздің сынып мақтаулы.
Өйткені біз сүйеміз,
Дәйім тәртіп сақтауды.
Бұл мектеп оқушыларының 5-сыныптан бастау алған ұраны екен. Осындай тәртіпті оқушылардың талабы да таудай екені түсінікті. Осындай ұландарды көріп, араларынан келешекте аталары Жандарбек Мәлібеков секілді дарынды тұлғалар шығатынына бек сеніммен оралдық.

Әли ТЕМІРБЕК
08 желтоқсан 2020 ж. 542 0