Соңғы жаңалықтар

№24 (8735) 23

23 наурыз 2024 ж.

№23 (8734) 19

19 наурыз 2024 ж.

№22 (8733) 16

16 наурыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Электронды өмірде қаншалықты белсендіміз?

Электронды өмірде қаншалықты белсендіміз?


XXI ғасыр – ақпараттық ғасыр десек, шынайы өмірмен қатар виртуалды өмірде белсенді болу маңызды. Бұл дегеніміз интернет әлемінде кім немесе қандай құрылым белсенді болса, шынайы өмірде де белсенді деп табылады. Біз осы тұрғыда бағалауға тырыстық. Алдымен Жаңақорған аудан әкімдігінің интернет ресурстағы сайты қаншалықты ыңғайлы? Соны бағамдадық.

Бізге ең керектісі сала басшылары мен ауылдық округ әкімдерінің аты-жөні мен байланыс телефоны. Сайтқа кірген адамдар ең бірінші осыны іздейтіні де анық. Біз кәсіби маман ретінде тез таптып, ал қарапайым халық іздегенін оңай таба ала ма? Бұл жөнінде аудан әкімдігінің цифрлық-технологияларды дамыту және мемлекеттік көрсету қызметтерінің мониторинг бөлімінің басшысы Элмира Жалғасқызынан сұрадық.
– Сайт жергілікті атқарушы органның іс-шараларын ақпараттандыру құралы болып табылады. Әкімдіктің ресми интернет ресурсында аудан әкімі және олардың орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы және дербес бөлімдер мен кент, ауылдық округі әкімдері бойынша ақпараттар және азаматтарды қабылдау кестесін табуға болады. Сондай-ақ жер телімі және үй кезегін, бюджеттің атқарылуы туралы есептер, бюджеттік бағдарламалар, азаматтық бюджет, іске асырылып жатқан жобалар негізінде атқарылып жатқан жұмыстар тоқсан сайын жаңартылып отырады, – дейді сала маманы.
Шындығында, үйде отырып-ақ мағлұмат алатын сервистік желі ауданда әлі өз деңгейінде құрылған жоқ. Аудан әкімдігі, сот пен прокуратурадан бөлек сайты ашылған мемлекеттік мекемені табу қиын. 
Цифрландыру – жаһандану үрдісінің негізгі элементіне айналып, мемлекеттік қызмет көрсету мен бизнесті дамытудың бірегей платформасына айналды. Бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуды және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды ойлаған кез-келген мемеме сайт өндірісін қолдануда бас тартпайтыны белгілі. Қайта интернет ресурсты саланың дамуына икемдеп, халықпен ашық та жариялы жұмыс істеуге ынталы болады. 
– Президенттің өзі цирфландыруды қолға алып, жергілікті мекемелерге қатаң тапсырма берді. Өзім үйде отырған анамын. Өзіме қажетті заттарды Түркиядан, Қытайдан тапсырыс беріп, ақша аударымдарын әп-сәтте жүргізіп қоямын. Алайда, затымның келген, келмегендігін білу үшін почтаға жүз барамын. Неге үлкен қаладағыдай почтаның арнайы сайты жоқ. Егер почтаның сайты болса, затымыздың келген келмегенін көріп отырар едік, – дейді көпбалалы ана Алмагүл Есіркепова..
Жөн-ақ, барлығы электронды қызметке көшіп жатқан уақытта, халыққа қажетті мекемелер де цифрландыруды қолға алса дейміз. Тағы бір аудан тұрғыны Оңдасын Әзімовтың өз уәжі бар.
– Менің жер кезегіне тұрғаныма бес жыл болды. Екі айда бір рет кезегімді көріп, жылжыған-жылжымағынын біліп тұрамын. Алматы қаласында тұратын балам да жер кезегіне тіркеліп қойған. Бірақ, ол ұялы телефоннан жер бөлімінің сайтына кіреді де, өз кезегін бақылап отырады. Мен болсам, арнайы жер бөліміне барып, тиісті мамандарды күтіп, өз кезегім келгенде ғана керекті мағлұматты аламын. Қазір бәрі қолжетімді ғой. Сол себептен де, осындай қарапайым дүниелерге де мән берсе деймін, – дейді елуді еңсерген ағамыз.
Ал, Келінтөбе ауылының тұрғыны Тоғжан Қанатова үш баласын ата-енесіне тастап, аудан орталығына зейнетақы қорындағы қаражатының мөлшерін білу үшін арнайы келіпті. 
– Он жылдан бері балабақшада жұмыс істеймін. Жылына бір рет зейнетақы қорында жинақталған ақшамды біліп қайту үшін кезек күтіп, 1-2 сағатта жұмысымды әрең бітіремін. Егер осы зейнетақы жүйесін көпшілікке қолжетімді етіп, ұялы телефон арқылы қосымша енгізіп қойса, біз өз қорымызды бақылап отырар едік, – деп ұсынысын жеткізді.
Әрине ауыл тұрғындары eGov.kz арқылы күнделікті өмірге қажетті қызмет түрлерін алуға болады. Бұл жөнінде қарапайым тұрғындар біле бермейді, ал, жергілікті әкімдіктегі мамандар да бұл жөнінде түсіндіруге құлықсыз.
Қазір білім беру, медицина саласы электронды қызмет түрлерінің игілігін көруде. Тіпті оқушының күнделікті үлгерімі мен дәрігерге қаралуда электронды қызмет түрлеріне жүгінуге тура келеді.
Қазір ақпараттық ағын әлеуметтік желіге ойысып келеді. Тіпті жарнамалық агенттер мен туристік қызмет түрлерін әлеуметтік желі арқылы ұсынады. Қазір дәстүрлі басылымдарды айтпағанның өзінде телеарналар жаңалықты оперативті таратуда желіге ілесе алмай жатыр. Қоғамдық ой-пікір алаңына айналған әлеуметтік желі пиар-менеджер өз-өзін насихаттайды. Демек мемлекеттік мекемелердің жұмысын дәріптеуде әлеуметтік желі таптырмайтын құрал.
Қазір facebook-тің дәурені жүріп-ақ тұр. Жүрмей қайтсін, тілегеніміз алдымыздан сұрамай-ақ табылған жоба болды бұл. Әркімге қолжетімді, ыңғайлы. Бастысы үнемі жаныңда жүретін телефонға байланған. Қажетіне жарар бұндай дүниелерден кім қашсын? Біздің аудан тұрғындарының арасында да осы facebook өте танымал. Барлық мекеме, жеке тұрғындар, сауда-саттық орындары бір-бірімен осы парақша арқылы тығыз байланыста. 
Әйтеуір, арнайы сайты жоқ мекемелердің facebook-те аккаунты бар. Біз бақылаған мекемелердің көпшілігі белсенді, атқарған жұмыстарын, өткізген іс-шараларын осы жерде жариялап, көпшілікке ұсынып жатады. Аудандағы 26 кент және ауылдық округтің facebook парақшасы бар, олардың әкімшісі ара-тұра бас сұғады. Сөзім дәйекті болу үшін, әр ауылдың парақшасын асықпай қарап шықтым. Көпшілігінің айына 1-2 ақпаратпен толықтырып отыратынына көзім жетті. Оның өзі белгіленген жоспарды орындау ғана секілді. Белгілі саланың жұмысын үйлестіруге міндетті бөлімдердің парақшасы көп жаңармайтыны тайға таңба басқандай көрініп тұр.  
Мекемелердің ішінде «Жаңақорған ауданы әкімдігі», «Жаңақорған мәдениеті мен өнері», «Жаңақорған ішкі саясат бөлімі» және аудандық, ауылдық округ кітапхананың парақшалары ғана белсенді. Аталған парақшадан тіршілік нышанын байқағандай болдым.
Қалғаны ше? Аты бар, заты жоқ! Міне, бұл мекемелер шынайы өмірде жұмысты дәл осылай ұйымдастыруы мүмкін.
Ақпараттық технологияның дамуымен бірге мемлекеттік қызмет саласын одан ары цифрландыра алғанда бұл қадам жұмыстың сапасын да арттырады.
Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ
02 қазан 2021 ж. 222 0