Жастар, жағдайың қалай?
Міне, осы сұрақтың жауабын аудан әкімі Руслан Рүстемовтің төрағалығымен өткен жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысында білдік. Кеңейтілген кеңеске комиссия мүшелері, кент және ауылдық округ әкімдері мен салалық бөлімнің басшылары, облыстық жастар ресурстық орталығы және елді мекендердегі жастар ресурстық орталығының мамандары қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге арналған мемлекеттік комиссия отырысында «Жастарды – жұмыспен қамту мәселесі өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет» деп жасөспірімдерге ерте жастан мамандыққа бейімдеуге маңыз берсе. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет екендігін ескертті.
Еліміз бойынша осы мәселеге сараптама жасаған аудан басшысы Р.Рүстемов: «Бүгінгі таңда NEET санатындағы 101 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы тұрмысы төмен отбасының баласы. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек. Жастар – мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін, Тəуелсіздігімізді баянды ететін болғандықтан Ел дамуындағы жастардың рөлін əрдайым жоғары бағалаймыз. Сондықтан жастар кеңесінің негізгі міндет жастарымыздың бағыт-бағдарын саралап, түзілген жоспарлардың нәтижелі болуына қол жеткізу болмақ», – деді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе түрлі құқық бұзушылық пен есепке алынған 14-29 жас аралығындағы жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар жайлы аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Айбол Жолдасбаев баяндап:
– 2021 жылы аудан бойынша 14-29 жас аралығында 13 қылмыс орын алды. Жасөспірімдер арасында 4 маскүнем тіркелсе, 2-і емдеу орталығында ем қабылдауда. Соңғы жылдарда жасөспірімдер арасындағы қылмыс жиіледі. Атап айтсақ, ұрлық, тонау, бұзақылық, алаяқтық қылмыстары белең алуда. Қоғамдық тәртіп бұзу, ұрлық, алаяқтық қылмысы азаяр емес. Бізде ауданда 42 мектепке 6 инспектор бекітілген. Ел тыныштығын бұзған жастар мен кәмелетке толмаған жасөспімдер арасында орын алатын жат қылықтарға барынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, – дейді полиция подполковнигі.
Аудан әкімі Руслан Рүстемұлы өзге аудандармен салыстырғандағы қылмыстылық жағдайына сын айтты.
– Бізде ауданда жұмыс жүйесіз жүргізілуде. Мына қолымдағы ақпараттарға қарап отырмын, облыс бойынша қылмыс өскен бірден бір аудан болып тұрмыз. Өзге аудандарда қылмыс азайып жатса, бізде керісінше көбейген. Мысалы, Қазалы ауданында 16 қылмыстан 10-ға, Шиелі ауданында 38-ден 18-ге түскен. Бізде 2020 жылы 16 қылмыс тіркелсе, 2021 жылы 22-ге жеткен. Біздің өзге аудандардан қай жеріміз кем? Неге жасөспірім балалармен жұмыс жасамаймыз. Күнде кешкі 9-дан кейін кентті аралап жүремін. Полиция қызметкерлерінің жастармен сөйлесіп, топ болып тұрған балалардың қасына барып, мән-жайды сұрастырып жатқанын байқамаймын. Керісінше, топтасып тұрғандарды көрсем полицияға өзім хабар беремін. Қазір қол қусырып жүретін заман емес, нақты жұмысқа көшу керек, белгілі бір әдіс-тәсілдерді қолдану керек, – деп, аудан әкімі полиция қызметкерлеріне қатаң тапсырма берді.
Өткенде белсенді жастың бірімен сөйлестім. Ол полиция қызметкерлері жаппай төбелес болып жатқан жерлерге бара бермейтініне қынжылды...
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бір-біріне тығыз байланысты. Өйткені ағымдағы спорттық әзірліктер болсын, ұйымдастыру шаруаларына жастарды тартып, олардың бос уақытын тиімді өткізу қажет. Мұндай жиында істің жақсы, қуанышты жағынан гөрі кем-кетіктің басымырақ сөз болып, ортаға түсетін әдеті.
Жастар арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыруда атқарылып отырған жұмыстар жайлы аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Махмут Рахымжанов сөз алды.
– Аудандық бюджеттен 14 ауылдық округке тренажер құрылғылары орнатылды. Атап айтсақ, Манап, Қыраш, Келінтөбе, Байкенже, Кейден, Машбек, Сунақата, Шалқия, Төменарық, Жайылма ауылдық округінде орнатылып, қаржысы игерілді. Жаңақорған кентінде 7 ойын алаңы болса, оның бесеуі жөндеуден өтті. Барлық ауылдық округте 29 спорт нұсқаушысы бар. Бүгінде 5300-ге тарта жас спортпен тұрақты шұғылдануда. Жаңаауылдағы «Ақ тілек» мейрамханасын спорт кешеніне ауыстырдық. Ол жерде 75 бала спортпен шұғылдануда. Нысан иесі әр балаға 13 мың теңгеден қаражат алып отыр. Бұл өте жақсы бастама деп есептеймін. Кәсіпкерлерге де, жастарға да өте оңтайлы, – деп аяқтады сөзін сала басшысы.
Әлбетте, атқарылған жұмыстар аз емес. Дегенмен аудан әкімі салада кемшіліктің көптігін, атқарылып жатқан жұмыстың да аз еместігін тілге тиек етті.
– Жақсы дейік, күні кеше ат спорты түрлерінен республикалық деңгейде чемпионат өтті. Айтшы, біз қандай жетістікке жеттік. Сіздерге барлық жағдайды жасап қойдық, сұрағандарыңызды беріп жатырмыз. Спорт кешені, шынығу залдары, спорт мамандары барлығы жеткілікті. Олай болса, жасөспірімдермен неге жұмыс жүргізілмейді. Көшеде бос жүрген балдарды орталыққа әкеліп, спортқа баулитын болса, талай қазақтың мақтанышы шығар еді. Біз жастарға бағыт-бағдар беруіміз керек. Бұл біздің ұрпақ алдындағы міндетіміз. Халықтың бұқаралық спортпен айналысуы дені сау ұрпақтың қалыптасуына ықпал етеді. Ал сау денелі, сапалы ұрпақ қана Мәңгілік ел мұратын орындай алады. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен шұғылданатын қазақстандықтардың санын 30 процентке жеткізуді талап етті. Жаңақорған ауданында осы бағытта тындырымды тірліктер атқарылуы керек, – деп нақтылап талап қоя айтқан әкім сөзі кім-кімді де бей-жай қалдырмады.
Расында, үйдегі ата-анадан кейінгі тәрбие ошағы білім ордасы. Осы жағдайда мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен жастар ісі жөніндегі жауапты мамандарды да біріге жұмыс жасауға шақырып, нәтижесін талап етілуі орынды. Осы тұста, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының орындалуы жайлы жұмыспен қамту орталығының директоры Жаңабек Тұрлыбеков баяндады.
– Ауданда NEET санатындағы 101 жас бар. Оның жоғары білімділері – 18, орта білімді – 35, жалпы орта – 48, бала күтімінде – 39, үй шаруасында – 11, мүмкіндігі шектеулі – 3, өзін-өзі жұмыспен қамтыған – 16. Ең көбі кентте – 43, Шалқия ауылдық округінде – 16 жас тіркелген. 14-29 жас аралығындағы 3475 жас жұмыссыздыққа тіркелсе, оның 2950 жас жұмысқа орналастырылды. Бүгінгі таңда жаппай кәсіпкерлікті 496 адам оқыса, оның 246-ы 14-29 жас аралығындағы жастар. Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылған – 25 жас. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға жолданған – 7 жас, ақылы қоғамдық жұмысқа жолданған – 7 жас, жастар практикасына жолданған – 3 жас, тұрақты жұмысқа – 3 жас, өз кәсібін ашып, жұмыс жасағаны – 2 жас. Ауданда 14-29 жас аралығыдағы мүмкіндігі шектеулі жастар саны- 356 адам. Оның ішінде еңбекке жарамды - 99 жас бар, – деп атқарылған жұмыстармен таныстырды сала басшысы.
Міне, осы жерде жиналыстың салмағы байқалғандай. Аудан әкімі жұмыспен қамту орталығының директоры Жаңабек Оразбекұлына жұмыстың жүйесіздігін жеткізді.
– Ортамызда Қызылорда облыстық жастар ресрустық орталығы директорының орынбасары Гүлназ Базарбайқызы қатысып отыр. Оның сөзінше, жұмыссыз 239 жас бар болса, сенің сөзіңше 101 жас бар. Онымен қоймай дерекқор базасында 1200 жас тіркелмеген. Бұл жауапты саланың жұмысы дұрыс жүргізілмейтінін аңғартады. Аудандағы нағыз жұмыс істейтін жастарды іздемейсіңдер. Біз өткенде ғана небәрі 21 жастағы қолөнер шебері Нұрқанат Тұрғанбековтің шеберханасында болдық. Ол баланың қолынан келмейтіні жоқ. Ат әбзелдері, ер тоқым, жүген, ноқта, айыл, өмілдірік, құйысқан, қамшы, тұсамыс, шідер сынды заттарды жасағанын көргенде қараған адамның көзі тоймайды. Бүгінде ат әбзелдері мен ер-тұрманды қолдан тігетін мықты қолөнер шеберлері өте аз. Шабандоз ат үстінде қолайлы әрі нық отыру үшін әрине, оның құрал сайманы мықты, сапалы болуы қажет. Сол себептен де, бұл балаға сұраныс өте жоғары. Оған жарнаманың, несиенің, гранттың қажеті жоқ. Өзі жап-жас болса да, екі-үш баланы жұмыспен қамтып, тапсырыстарды жасап үлгере алмай жатыр. Бірақ, сондай он саусағынан өнер тамған баланың отырған жерін көрсең, құрқылтайдың ұясындай ғана бөлмені жалға алып, өте құнды дүниелер жасауда. Міне, еңбекқор жастарға жағдай жасап, мемлекеттік грантты неге осындай жандарға бермейміз. Жаңа ғимаратқа көшкелі отырған №169, өнер мектебі нысандарына орақ қолды шеберлерді орналастыру керек. Сөйтіп, жас буынға түрлі шеберлік сыныптарын өткізіп, кәсіпке баулуға тиіспіз, – деп салмақты ойын жеткізді Руслан Рүстемұлы.
Күн тәртібіндегі төртінші мәселе «Дипломмен ауылға» бағдарламасының іске асырылуы бойынша жүргізілген мониторинг жайлы аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев сөз алды.
– 2021 жылы 82 маманға 356,495,5 мың теңге көлемінде тұрғын үйге несие берілген. Оның білім беру саласы бойынша 45 маманға, денсаулық сақтау саласында 25 маманға, мәдениет саласында 2 маманға, спорт саласында 9 маманға, агроөнеркәсіп кешені саласында 1 маманға тұрғын үй сатып алу үшін несие берілді. Ал, 2022 жылы 73 маманға 21,2 мың теңге көлемінде төлеу жоспарланып отыр, – дейді Талғат Зейдалиев.
Бұл бағытта да кемшін тұстарды ортаға салып, 2022 жылдан бастап «Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауылшаруашылығына емес, аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне ауыстырылатынын жеткізді. Өйткені, ауылшаруашылығы саласының қызметкерлері бұл бағдарламаның тиімді тетіктері мен оңтайлы тұстарын жетік біле бермейтінін алға тартты.
NEET санатындағы ауыл жастарымен оның ішінде соңғы 3 жылда 2018-2020 оқу жылдарында ҰБТ ға қатыспаған шекті балды бағындыра алмаған, оқуын тастап ауылда, оқуға түскен қаласында жүрген ауыл жастарымен жүргізілген жұмыстардың есебі жайлы кент әкімі Сардар Садықов, Ақүйік, Жаманбай батыр, Төменарық, Келінтөбе ауылының әкімдері де сөз алды.
Ақиқатында, кейінгі кездері жастарды түрлі іс-шараларға тартып, белсенді болуға баулитын үйірмелер саны азайған. Барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпыз, дей тұрғанымен кейбір клуб үйлері айына бір рет болсын шара өтпейтінін көріп жүрміз. Пандемия уақытын сылтауратып мәдени шара өткізуді тоқтатқан. Мүмкіндік бола тұра ашық аспан астында кеш ұйымдастыруды да қолға алмайды. Осыдан кейін «жастарымыз мәдениетсіз, бұзақы, ұры, сотқар» дегенді жиі жиі естуімізге себеп бар. Осы тұста ауылдың жастар ісі жөніндегі мамандарға көп нәрсе байланысты. Өйткені уақытылы жалақы алғанына мәз қызметкердің айтарға сөзі де жоқ.
Бекітілген күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша аудан әкімі Руслан Рүстемов келесі жылдан бастап барлық ауылдық округтегі клуб үйлерін аудандық мәдениет үйінің қарамағына қосуды тапсырды. Бұл мәселені заң көтеретінін, нәтижесінде клуб үйлерінің жауапкершілігі алдағы уақытта аудандық мәдениет үйі басшысынан сұралатынын айтты. Ал барлық 26 кент, ауылдық округтегі жастар ісі жөніндегі мамандарын аудандық жастар ресурстық орталығының құрамына кіргізу оңтайлы шешім екенін түсіндірді.
Жастар саясатына қатысты бірқатар мәселелер талқыланған жиынның соңында аудан әкімі Руслан Рүстемұлы мекеме және бөлім басшыларына, ауылдық округ әкімдеріне мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асыруда ауыл жастары арасында жұмысқа орналасуға ықпал ету, кәсіптік бағдар беру және кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыстар жүргізілу керектігін нақты тапсырма ретінде жүктеді. Жастар арасында суицид, дін, қылмыстың алдын алу бағыттары бойынша жұмыстарды жандандыруды, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында іс-шаралар жұмысы нақтылансын деген бірқатар тапсырмаларды тағы берді.
P.S.: Елдің ертеңін ойлаған кез-келген адам жастарға жағдай істеп, олардың білімі мен білігін шыңдап, бос уақытында спорттық және мәдени-өнер секцияларға қатысып, тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік туғызуы тиіс. Алқалы жиында осы турасында салмақты ойлар айтылып, жауапты басшыларға нақты тапсырма берілді. Нәтижесіне уақыт төреші...
Әсел РЗАЕВА