№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қызанақ қып-қызыл қаржы

Қызанақ қып-қызыл қаржы


Жақында ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев Өзгент ауылдық округіне жол бастады. Топ құрамында аудан әкімі Руслан Рүстемов және оның орынбасары Оңал Ержанов пен баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров бар. Мақсат – үй іргелік шаруашылықты көру.


– «Руслан Рүстемұлы, Түркістан об­лы­сының Сайрам ауданына жасаған сапар­дан кейін өз-өзімізді қамшылайтын тұсымыз­ды көрдік. Өзіңіздің тапсырмаңызға сай «Бір ауыл – бір жылыжай», «Бір аула – бір қойма» жобасын бастап, насихат жұмыстарын жүргізудеміз. Қазір бөлімге осы бағыттағы жобалар келіп түсуде. Өзгентте Тұрсынай Жұмашева есімді әйел үйіргелік жерде қызанақ егіп, аудандағы бағаның тұрақтануына оң ықпал етуде», – деп баяндады сала басшысы.
Жаңақорған кентінен шыққан көлік жарты сағатқа жетпей еңбекқор адам­дардың қасына әкелді.
Бізді Тұрсынай Жұмашева мен оның ұлы Мейіржан Байжанов қарсы алып, үй іргелік қосалқы шаруашылықпен таныстырды.
– Үй іргелік жер 70 соттықты құрайды. Ақпан айында үйдің ішінде арнайы құтыларға дән тастап, күтіп, баптап, дайын көшетті осында отырғыздық. Қазір жаппай өнім беруде. Қызынақтың екі түрі бар. Жаңақорған кентіндегі орталық базарға күніне 300-350 келі қызанақ шығарып, базар бағасынан төмен сату­дамыз. Қызанақтан бөлек болгар бұрышы мен қиярдан өнім алудамыз, – дейді диқан.
Аудан әкімі Руслан Рүстемұлы ша­руақор адамдардың қаркетінен қуат­тана сөйледі.
– Міне, еңбек! Сайрамнан осындай тәжірибені көріп, қатты таңғалған едім. Олар ұлтарақтай жерді кәдеге жаратып, мол табыс тауып отыр. Содан кейін көрген берекелі тірлік осы! – деген әкім терең ойға берілді.
Әрине, аудан басшысы не ойлағаны өзіне ғана мәлім. Біздікі – жатыпішер жалқаумыз, істің көзін таппаймыз деген ой ғой! Жоқ. Олай емес екен. Біздің ауданда да үй іргелік жерден табыс табуға талпынған тұрғындар бар екен. Бізді осы қарекет қуантты.
– Қандай мәселе бар? Біздің тараптан қандай көмек керек? – деді әкім
– Ешқандай мәселе жоқ. Кетпенді сайлап, жерге тер төксеңіз, еңбегіңіз еш кетпейді.
Алдағы жоспарымыз – жылы­жай құрып, ерте көктемде көшет дайындап, нарыққа қызынақ пен қиыр шығарсақ дейміз. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілетін қайта­рымсыз грант алып, жылыжай құрсақ дейміз, – деп жауап қатты диқан.
Сөзге араласқан жұмыспен қамту орталығы жанынан құрылған комиссия мүшесі, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров:
– Тұрсынай апай, комиссияға мал шаруашылығына байланысты жобалар көп келеді. Біз отбасылық бизнестің сан-саланы қамтып, қалыптасып, дамығанына мүдделіміз. Креативті жобаларға қолдау білдіреміз. Әсіресе, өнім өндіретін салаға басымдық береміз. «Бастау-Бизнесті» оқып, сертификат алып, комиссияға келсін. Тіпті жеңілдетілген несие алуға көмектесуге дайынбыз, – деді.
– Сайрам ауданымен тәжірибе алма­су үшін арнайы делегация бастап барып, ілкімді істер мен өміршең жобаларды көріп қайттық. Келген бойда мамандардың басын қосып, «Бір ауыл – бір жылыжай», «Бір аула – бір қойма» жобасын жүзеге асыруға басымдық беруді құптадық. Бір жағы – өз-өзімізді табиғи өніммен қамтамасыз етуге, екінші жағы – базардағы бағаны тұрақтандыруға әсер етеді. Үшіншісі – бизнестің дамуында шешуші рөл атқарады. Біздің тараптан қандай көмек керек, ұялмай айтыңыз. Біз жұмыс істеуге ниетті адамдарға қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Руслан Рүстемұлы.
Дәл қазір қызанақтың бір келісінің бағасы 270-280 теңге. Қыс мезгілінде 1600-1800 теңгеге дейін қымбаттайды. Адамның тәбетін арттырып, астың дәмін кіргізетін қызанақтың құрамында В1, В2, В5, В6 және А, Е, С сияқты дәруменге бай.
Шиелі ауданы Қызылорда облысын қызанақпен қамтамасыз етіп отыр. Тіпті, Шымкент, Жезқазған, Ақтау, Атырау қаласына дейін асады.
Бұл турасында ауданның төл басы­лымы – «Жаңақорған тынысы» газетінде «Қызыл жемісте қасиет бар», «Қызанақ қып-қызыл ақша», атты мақала жазып, онда: «Маусым айында қызарған қыза­нақты қазан айына дейін базарға шығарамыз. Құтты сауын сиыр секілді. Уақтылы суарып тұрсаңыз өнім беруді күн суытқанша тоқтатпайды. Ең соңғы өнімді көктей жинап аламыз. Оның өзі қыстай азық болады» деп ой түйген едік.
Бұл ойды өзгенттік диқандар да растап, қызанақтың тілін тапқан мол табысқа кеңелетінін жасырмады.
– Ауылдың әйелдеріне қызанақ егудің қыр-сырын үйретудемін. Қызанақ алқаптың арам шөбін жұлуға және теруге адам жалдаймын. Күнделікті келіскен ақшасын беріп тұрамын. Сырт көзге қызанақ өсіру жеңіл көрінгенімен, машақаты ауыр. Ол күн шуағы мол түсетін ашық, тың жерде жақсы өседі. Қара күзге дейін өнім береді. Пісіп үлгермегенін тамыр сабағымен қоса жұлып алып, қалқа жерге іліп қойса, сапасын жоғалтпай, өз жемісін қыста да береді. Консервілеп, қыста сатуға да болады – дейді Тұрсынай Жұмашева.
Бұған дейін Шиелі ауданының диқандарын мысалға алып, қызынақ қып-қызыл қаржы екенін жазған едік. Мұндай бейнеткеш, қызылдан қаржы айырып отырған арамызда да бар екен.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ


08 қыркүйек 2021 ж. 270 0