БОЗ ДАЛАНЫҢ БОЗТОРҒАЙЫ ОРАЛДЫ
Иә, меңіреу жатқан мидай далаға тұғыр болып Қожамберлі батырдың ескерткіші қонған күннен төңірегіне тіршілік келді. Бұрын боз даланың иесі бозторғай бұл маңайдан төбе көрсетпей кетіп еді, бүгінде ол оралды.
Күре жолдың бойында кәдімгі заманауи кешен салынып, айналасы алма баққа айналды. Мұны осы елден шыққан белгілі азамат, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, «Жан-Арай» серіктестігінің бас директоры Бағдаулет Мақашов қолға алды. Қазір 50 гектарға лайық 35800 түп 9 түрлі жеміс-жидек егіліп, күтіп бапталуда.
Жаңақорған ауданы әкімі Руслан Рүстемов бастаған топ жергілікті инвестордың игілікті жұмыстарымен танысуға барды. Серіктестіктің осындағы өкілі Нұрдәулет Мақашев жаңадан бой көтерген қойма құрылысын көрсетті.
– Мұндай қойма аймақта баламасы жоқ ғимарат болғалы тұр. Олай дейтінім, заманауи технологиямен жабдықталып, онда қысы-жазы жеміс-жидек сақтауға арналып отыр. Бір мезетте 5000 тонна жүк сияды екен. Ұзындығы 116 метр, ені 20, биіктігі 8 метр қойма бұл төңіректе болған емес. Онымен қоса қонақ үй, салтанат сарайы, көлік жөндеу және жуу, 80 орындық монша тұтас кешендік орталық, – деді аудан басшысы.
– Биыл 30 гектарға алма, жүзім егілді. Оларды тамшылатып суару бағытында 40 метр тереңдіктен скважина қазылып, 6000 текше метр жасанды су қоймасын жасадық. Бұл суды күн көзімен жылытуға есептелген. Ал, жеміске қажетті компоненттер үшін судың құрамына түрлі микроэлементтер қосылады. Аптасына 3 рет суарылады, – деп Нұрдәулет Мақашев су қоймасын таныстырды.
Мұнан кейін аудан әкімі бастаған арнайы топ жол бойындағы сервис объектілері құрылысының барысын, жолаушыларға, жүргізушілерге сапалы қызмет көрсету орындарын аралап көрді. Шынында адам қызығатындай орын болыпты. Әрлеу, жабдықтау жұмысы жүйеленіп қалған. Бұл үлкен жолдың ғана емес, ауылдың ажарын ашатын ауқымды кешен болатыны сөзсіз. Ауылмен қоса, ауданның келбетіне де көрік беретіні ақиқат.
Бақсақ, мұндағы құрылыс, диқаншылық жұмыстарында жергілікті жердің 15 азаматы еңбек етуде. Алдағы уақытта шаруашылық ауқымына қарай 150-ге тарта азаматты жұмыспен қамту қарастырылады деп күтілуде.
Бұл сапарда аудан әкімімен бірге аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков, аудан әкімінің орынбасары Оңал Ержанов, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев жүрді.