Комиссия отырысынан не түйдім?
Бүгін "Кәсіптің қай түрін дамытамыз?" деп жазба жариялаған едім. Онда Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған 583 400 теңге көлеміндегі мемлекеттік гранттың комиссиясына қатысып отырғанымды баяндадым.
Таңертеңгі 09.00-де басталған комиссия отырысы 19.30-ға дейін жалғасып, ұсынылған 143 жобаның 128-ін қарадық. Оның 107-і мал шаруашылығы, 7-і құс шаруашылығы бағытында.
Сондай-ақ сән салоны, кондитерлік өнімдер, тігін шеберханасы, пластик терезе мен есік өндірісі, СТО және т.б ұсынылды.
Әрине, аудан тұрғындарының кәсіп көзін тауып, отбасылық бизнесті дамытып, әлеуметтік әлеуетін артыруына мүдделеміз. Кәсіп түрлерінің алуандылығы да маңызды екенін ескереміз.
Қазақ пен мал шаруашылығы бір-бірінен ажырамайтын, мыңжылдықтар көшінен негіз тартатын үлкен сала. Оны мойындаймыз. Бүгінде Сыр өңіріндегі төрт түліктің тең жартысы біздің ауданда. Мұнымен мақтанамыз. Бірақ ет және сүт өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға қауқарсызбыз. Біздің нарықты Түркістанның мал базары реттейді. Оның үстіне, жыл өткен сайын аяқ суға тапшылық сезіліп, жем-шөп дайындауда қиындықтар кездесуде. Егер ауданда мал өнімдерін өндейтін шағын цехтар болса, кластерлік шаруашылық қалыптасып, мал шаруашылығына басымдық беруге болатын еді.
Ал, 20-27 жастағы жап-жас азаматтар мал шаруашылығына басымдық беріп, екі сиырмен кәсіпті дамытуға ниет танытуда. Бұл дұрыс па, бұрыс па? Оның бағасын біз емес, нарық береді!
Айтқым келгені, жастар креативті, перспективалы жобаларды ұсынса дейміз ғой, сол!
Әрине, 583400 теңге бизнесте аяқтанып кету қиын. Бастамасын қалап, істі бастаса, өзге жобалар арқылы дамытудың мүмкіндігі мол.
Бүгін көп жастарға осыны айтып, түсіндірдік.
Сонда: "Мал десе грантты тез береді деді ғой! Біз басқа жоба ұсынуға дайынбыз" деген пікірді алға тартқан жастар болды.
Бұл жерде жергілікті жердегі әкімдер де мемлекеттік грантқа ұсынған азаматқа бағыт-бағдар беру жағы кемшін екенін аңғаруға болатындай. Кәсіпкер мен әкімдік арасында байланыс әлсіз. Әлі кәсіпкерлік субъектілерін түгелдеу, түгендеу жұмысы жүйесіз. Сондықтан ауылда қандай бизнес түрлерін дамытуға болатынына бас ауыртпайды, кәсіпті бастауға ниеттілерге де бағыт бере алмайды. Осы жөнінде бір пысықтап алу артықтық етпейді...
Бүгін Машбек Нәлібаев ауылдық округінен Гүлрайхан Әсілханова есімді азамат келді. Жобасы бізді жалт бұрғызды.
Ұсынысы – "физика-математика оқу орталығын" ашу.
Нұр-Сұлтан қаласында мұндай орталықтардың тәжірибесін көргенім бар-ды. Табысты бизнестің түрі. Өйткені сұраныс бар.
Комиссия төрағасы Мәжит Балқожаев жобаның маңызына мән беріп, орталықтың қалыптасуына басқа қандай шаралар бар екенін анықтап, талапкерге нақты бағыт-бағдар берді.
Яғни "Бизнесті жол картасы-2025" бағдарламасы аясында 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант алудың жөн-жапсарын анықтап, нақты кеңес берді.
Кейден ауылдық округінде көлік жөндеу орталығын, Әбдіғаппарда көлік жуу орталығын, Өзгентте жылыжай кешенін, Жаңақорған кентінде цифрлық технология орталығын дамыту және т.б жобалардың көріп, көңіліміз толып, бәрекелді дестік.
Әрине, бұл – мал шаруашылығын қолдауға болмайды деген сөз емес. Жоғарыда айтқанымызда, мал шаруашылығы біздің төл кәсіп, ата кәсіп. Одан бас тарта алмаймыз.
Қазір әлем қатты дамып келеді. Соны да ескеруіміз тиіс. Біз әлемдік өркениет көшінен қалмауымыз үшін цифрландыру, IT, ауылшаруашылығы саласында биотехнология енгізу, жекеменшік медициналық пунктер, білім орталықтары және т.б дамытуға мән беретін кез келді. Бизнесті осы бағытта өркендетудің артықшылығын түсінуіміз керек-ақ.
Бір күндік комиссия отырысында көңілге осыны түйдік.
Қателесуіміз де мүмкін...
Достар, қандай ой қосасыздар?
Бизнестің қай бағытына басымдық берген дұрыс?
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ