№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » 120 ЖАҢАҚОРҒАНДЫҚ КӘСІБІН ДАМЫТУҒА ҚОЛДАУ ТАПТЫ

120 ЖАҢАҚОРҒАНДЫҚ КӘСІБІН ДАМЫТУҒА ҚОЛДАУ ТАПТЫ


Қазір кәсіп көзін тауып, оны дамытуға ниеттілерге қолдау көп. Соның бірі – 250 500 теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранттарға қол жеткізуге болады. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында ие болды. Грантты кімдер, қалай ұтып алды? Бізді қызықтырғаны осы сауал. Оның жауабын аудандық «Жұмыспен қамту орталығынан» білдік.

Биыл жастар жылына байланысты аудан әкімі 252 000 теңгеден бөлек жастарға 500 000 теңгені құрайтын 200 грант бөлуді тапсырды. Бұл кәсібін жаңадан бастайтындарға үлкен мүмкіндік. Осы уақытқа дейін қайтарымсыз грантты 220 тұрғын алып, бизнесін бастаса, биылғы жылдың өзінде 120 грантқа қол жеткізді.
– Жыл басынан бері 3 кезең бойынша тұрғындар екі айлық оқуды оқып, қайтарымсыз қаржыға қол жеткізді. Шыны керек, жобасын нақты қорғап шыққандар ғана тиісті қаржыға қол жеткізе алады. Биыл кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренемін деушілер саны былтырғыдан көп. Жастарға басымдық берілген соң жастардың мүмкіндігі мол, – деді жұмыспен қамту орталығының директоры Жаңабек Тұрлыбеков.
Грант ұтып алғандардың ішінде ең көп қорғалған жоба мал шаруашылығы екен. 120 гранттың 36-сы осы бағытқа бағытталған. Одан кейін егін шаруашылығы, нан өнімдері, шаштараз және басқа да қызмет түрлері кездеседі. Қайтарымсыз қаржыға қол жеткізгендердің 41-і жастар. Яғни, 29 жасқа дейін аудан жастары түрлі бағытта кәсібін дөңгелетуде. Солардың ішіндегі ең жасы Бекжан Алимахамадұлының жобасын назарға ілдік.
Төрт-түлік ішіндегі қой шаруасын қолға алған жас Бесарықта тұрады. Ата кәсіпті дөңгелету үшін екі айлық оқуды тәмамдап, жобадан түскен қаржыны тиімді жұмсауға бағыттауда.
– «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» демекші, мал шаруасын таңдағанда оның ішінде қой бағытына ойысуды жөн көрдім. Әрине, ата кәсіпті жалғастырып, жастай кәсіппен айналысу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Десе де, менің басты мақсатым – жеке бизнесімді ашу болатын. Мүмкіндік болса, сұранысы артып тұрған қой шаруасын кеңейтуге тырысамын, – дейді жас кәсіпкер.
Жалпы, қайтарымсыз гранттың негізгі мақсаты елдегі шағын кәсіпкерліктің өрісін кеңейту. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, дамыған мемлекеттердің көбінде шағын кәсіпкерлік табысты бизнес құралына айналған. Яғни, елдің экономикалық өсіміне, тұрғындардың әлеуетінің артуына тигізер әсері көп. Бірақ бір ескеретіні, бұл елдерде кәсіптің бір түрін емес, кез келген қызмет түрін көрсете алады. Мәселен, бізде жоғарыда айтқандай ауылшаруашылығына басымдық өте көп берілген.
Бізге 120 жобаның ішіндегі ерекшесінің бірі – үстел теннисі қызық көрінді. Кент тұрғыны Дарын Орманбектің бұл бастамасына қызығушылық басым. Себебі, үстел теннисі спорты Жаңақорғанда әлі де кенжелеп келеді.
– Өзім спортқа жақын болғандықтан, ауданда тұралап қалған теннистің осы түріне мән беруді ұйғардым. Егер сұраныс артып жатса онда қосымша құрылғылар алу жоспарда бар, – дейді Дарын деген құрдасымыз.
Айта кету керек, бизнеспен айналысуда ынталы жандар «Бастау Бизнес» арқылы да кәсібін жандандыра алады. Ол үшін бір айлық курсты тәмамдап, 6 пайыздық несие алады. Ал, 500 000 теңгенің грантын оқыту қашан басталады? Бұл жөнінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы директоры Марлен Нұртазаев:
– Шілде айының соңы немесе тамыз айында жастарды оқытудың алғашқы кезеңі басталады. Қазір келіп түскен өтінімдер бойынша кезең-кезең оқытылады. Берілетін қаржы 500 мың теңге және оқығаны үшін төленетін шәкіртақысы бар. Ең бастысы, тек оқып қана қоймай, жобаны тиімді пайдалана білу тиіс», – дейді.
Қорыта айтқанда, біз бүгін 120 гранттың ішінде ең ерекше жобаларға тоқталдық. Бір түсінгеніміз, қайтарымсыз грантты алу үшін оқытылатын екі айлық оқу жалғасып келеді. Жұмыссыз жүрген жастарға бұл үлкен мүмкіндік. Сондықтан, қолда тұрған мүмкіндіктен айырылып қалмайық, жастар...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
16 шілде 2019 ж. 1 039 0