Елдік іске дем берген жас
Биыл құрғақшылық шаруаларды тығырыққа тіреді. Өңірде жауын-шашын аз мөлшерде болып, мал азығына қажетті дақылдардың шығымы жылдағыдан төмендеу. Мұның салдарынан төрт түліктің қоңы құлады. Қазір шаруалар қысқа қажетті жем-шөп дайындауға белсенді кірісті. Бірақ, бәріне шаруалардың қол күші жете бермейді. Осындай қысылтаяң кезде ерікті жастар көмек келіп, қамыс ору науқанына белсенді атсалысуда.
«Жасыл ел» жасақ сарбаздары мен ауданымыздың белсенді жастары бірігіп Қыркеңсе ауылдық округіндегі «Құдірет» шаруа қожалығының күріш алқаптарындағы қамысты орып, тау беткейінде орналасқан ауылдық округтердегі шаруаларды жем-шөппен қамтамасыз етуде. Ерікті жастың бірі – «Жасыл ел» командирі Асхат Құлтас көпшілік жастарды ауызбіршілікте ұйыстырып, жауапты іске жұмыла кірісті.
– Биыл құрғақшылық пен қымбатшылық елді қос бүйірінен қысып, сын тезіне салды. Көктемнің кеш шығуы мен жауын-шашынның мөлшері аз болуынан табиғи шөп ерте қурады. Соның салдарынан малдың күйі қашты. Ал қоңы көтерілмеген түліктің қыстан аман өтуі қиын. Мұндайда жем-шөптің мол қорын жинау маңызды. Біз осы бағытта дем беру үшін қолға орақ алдық. Қолымыздан келгенінше қолғабыс жасадық, алдағы уақытта да барлық жағдайға дайынбыз. Біз 200-ге жуық престі орып, өз үлесімізді қостық, – дейді жалынды жас.
Қамыс орудың да өзіндік қиындығы бар. Мәселен, иен далада 40-41 градус ыстық болса, қамыстың арасында бұл ыстық еселене түседі. Бұған қамыстың сөліне жабысқан масаның мазалайтынын қосыңыз. Оны баулап, жинау керек. Мұның бәріне үлкен күш-жігер керек.
Осы тұрғыдан алғанда кейіпкеріміздің бойындағы батылдығына тәнті болдық. Біздің сөзімізді «Құдірет» шаруа қожалығының иесі Бауыржан Дүйсенбаев та қуаттап:
– Үлкендер арасында жастарға көңілі толмайтын, әртүрлі пікірлерді естіп жүретінмін. Бірақ, мына жастардың еңбегіне, ауызбіршілігіне кәдімгідей қуанып қалдым. Дәл қазіргі уақытта бізге жұмыс қолы ауадай қажет. «Жасыл ел» жастарының арасында Асхат Құлтасты ерекше атар едім. Жастардың басын біріктіріп, жұмысты оңтайлы үйлестіре білді. Егін басына келген сәттен топ-топқа бөлініп, жұмысқа кірісті де кетті, – деді.
Кейіпкерімізбен сұхбаттасу барысында қоғамдық жұмыстан бөлек, өмірде жеткен жетістігі көп екеніне көзім жетті.
– Менің басты жетістігім – адамдармен еркін тіл табысып, істің көзін таба білуімде. Ал, марапат-мадақтамаларым осындай қабілет-қарымыма берілген баға деп ойлаймын, – дейді ол.
Ел арасында күріштік басында қамыс орып жүргендерге сенбей қарайтындар аз емес. Асхат Құлтастың еңбегі осындай екіұшты ойларды жоққа шығарады.
Әсел РЗАЕВА