Қуаңшылық: үміт пен үрей
Биыл құрғақшылық шаруаларды тығырыққа тіреді. Жауын-шашынның аз түсуі алқаптардың кенезесін кептіріп, жерге сән, малға нәр берген шөптің ерте қурап, ұшып кетуі жем-шөпке деген сұранысты күрт арттырды. Осындай халықтық науқанға Жаңақорған жұртшылығы да қам-қарекетін жасауда.
Белуардан көк орайтын аймақтың ұлтаны көрініп, төрт түліктің күйіс қайыруына мұрша бермей тұрғалы қашан. Малдан күй кетсе, елден береке кететінін ұққан ауылдастар тығырықтан шығудың амалына көшті. Жағдайдың күрделі екенін түсінген аудан әкімі шұғыл іс-шаралар қабылдап, Сырдағы күріштік алқаптардан қажетті қамыс оруға үндеді.
«Құдірет» шаруа қожалығы, «Түгіскен ТШ» ЖШС, «Серік ИО» жастарға шөп орып алуға мүмкіндік берді. Бір аптаның ішінде жастардың жігерінің арқасында 5000 бау пішен орылды.
Аудандағы қуаңшылық байқалып тұрған елді-мекендердегі шаруаларға шөп үлестіру ісі де қарқындады.
Халықтық науқанның шарапатын сезінген шаруалар әлеуметтік желілерде алғаусыз алғысын айтуда. Ал, ел ағалары игі істің басы-қасында болып, жастарға үндеу жолдаған аудан басшысы Руслан Рүстемовке алғыс білдіруде. Қосүйеңкі, Манап, Қыраш ауылдық округі мен Талап бекеті тұрғындарының алғысын арқалаған ақсақалдар аудан әкімдігіне келіп, ризашылығын жеткізді.
«Түгіскен ТШ» ЖШС басшысы Нематулла Жәрімбетұлы:
– Көппен бөліссең көсегең кеңейеді деп санамызға жаттап өскен елміз. Жауапты науқанға үлес қосуды ұйғарып, күріштік алқаптардан қамыс орып алуға рұқсат бердім. Ондағы ойым – ағайын төрт түлігін қыстан аман сақтап, өткізсе, елдің ырысы ғой, – деді.
«Төрт түлік мал жұтамасын» деген қағиданы ұстанған аудан әкімі Руслан Рүстемұлы Рүстемов ауданымыздағы ірі шаруа қожалық иелерінің басын қосып, қуаңшылыққа қарсы іс-әрекетті барынша күшейтіп, шаруаларға қолдау жасаудың маңыздылығын түсіндірді. Бұл үрейді үміт жеңетінін меңзейтіндей.
Бір ғана шаруашылықтың жомарттығының өзі көпке үлгі. Осындай қиын кезеңде шағын шаруаның өзінен Қосүйеңкі ауылына – 2000, Манап ауылына – 1000, Талап бекетіне – 1000 бау қамыс жеткізілді.
Тағы да айта кететін жайт, Арал ауданына арзандатылған бағамен бір жүк көлікпен шөп жөнелтуді жоспарлап отыр.
800 шақырым қашықтықта орналасқан Арал ауданына барып-қайту жол шығыны қиындық тудыруда дегенді жасырмайды Нематулла Рүстемов.
Мақпал МАРҚАБАЙ